№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайдан келесің? Соттан келемін

Қайдан келесің? Соттан келемін


Бұдан бір ғасыр бұрын Бейімбет Майлин кейіпкерлерінің диалогында «Қайдан келесің? Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін» деген сұрақ– жауаптың мазмұн-сипаты әділдік іздеген әркім конституциялық заң талаптарынан таяныш таба алатын бүгінгі күні мүлде жаңарған. Десек те қай заманда сотқа жүгінуге мәжбүрлік кез-келген даулы мәселе арағайындық мәміледен ары асып, шектен шыққан жағдайда істің ақ-қарасын таразылар әділ қазылықтан қанағат табары шындық.

Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Айдос Кәрі­байұлымен сұхбатымызда ата-бабамыздан келе жатқан осы үрдісіміздің бүгінгі қоғамдағы сыр-сипатына терең көңіл қоюға тырыстық. Неге десеңіз, сотта таразыланып, үкім шығатын қай бір істің болсын құрылымы алдымен арға, содан соң заңға жүгінуді қос көрген тараптардың адами болмысына сын болумен қатар өмір сүріп жатқан қоғамымыздың беталысына шынайы байлам жасауға мүмкіндік беретін бүгінгі күннің ақиқаты екенін жоққа шығара алмаймыз.
Бұл ауданға қызметке келгеніне көп бола қоймаса да көңілі қанығып үлгерген ой-пікірлерімен бөліскен сот төрағасының заңға жүгінген аудан азаматтарының қай тарапының болсын сот үкімі, құқықтық ережелерді жете түсінетіні, шығарылған шешімге жоқ жерден кінә тағып, артық-ауыс арыз-шағымға бара бермейтін қалып-дағдысының өзі ел ішіндегі тәртіп қағидаларының орнықтылығын білдіреді деген тұжырымы біздің де ойымыздан шықты. Мұның өзі сот төрелігіне деген сенімді тереңдете түседі.
– Ауданда қылмыстың нақты қандай түріне бармақ шайнатарлық басым сипатқа ие деген баға бересіз?
– Сот саласындағы он жылдық тәжірибемнен түйіндер болсам, кешеге дейін ел ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, мал ұрлығы сынды қылмысқа барғандар тиісті жазасын алып келді. Әлеуметтік жағдайдың оңала түскенінің белгісі деуге болар, ауданымыздың нақ бүгінгі жағдайынан мысал келтірер болсам, осы тектес заң бұзушылықтар анағұрлым азайған деп айта аламын. Керісінше, кісілік те, қүқықтық та, мәдениеті жөнінен де озық тұруға тиіс қасиетті тәлім ұялары айналасында орын алып келген былықтардың басы ашылып, тереңдеп кеткен тармақтарынан әлі тазарып кете алмай жатқан жағдайы қынжылтады. Кінәлілерге жаза белгіленіп, мемлекетке келтірілген шығын орнына келтірілді, десек те аталған жүйеге қатысты тағы да тіркелген факт негізінде 27 іс қаралу үстінде.
– Биыл ана мен бала құқығына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілуінің шынайы өмірде әсері байқалып отыр ма? Ауданда заңдылықтың бұл түрін сақтауда жауапкершілік деңгейі қалай?
– Қазірде жәбірленуші тарапынан арыз жазылмаса да оқиға туралы қоңырау түскеннен кейін іс тіркеліп, сотқа жіберіледі. Соңғы шешімді сот қабылдайды.
Әрине, мәселе шешім шығарумен бітпейді. Оның ар жағында адам тағдыры тұр. Жеке тұлғаның үстінен қандай да бір іс қозғалған соттылығы жөнінде жеке деректер базасында тіркеледі. Кісінің жеке басы абыройына дақ түсірер бұл айғақ оның өзі ғана емес, ертеңгі күні бала-шағасы, үрім-бұтағының алдынан көсе-көлденеңдеп, келелі болашағына кесірін тигізіп жатса өкініші ауыр. Болмашы себептерге бола бір-бірін айыптап, заңға жүгінетін тұлғаларға алдымен осы жағы терең түсіндіріледі.
Абайдың «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген бабалар тәлімімен сабақтасқан өсиеті бүгін де өзекті. Сондықтан да бас жарылып, көз шыққан ешнәрсесі жоқ, бір сәттік жан ашуына беріліп бір-бірін сотқа сүйреген ерлі-зайыптыны біз алдымен мәмілеге шақырамыз. Медиацияға жолдаймыз.
Әлемде түрлі дауды бітімгершілікпен шеше білу құқықтық мәдениеттің ең жоғарғы көрсеткіші саналады. Дамыған елдерде адамдар арасындағы дау-дамайдың тоқсан пайызы бітімгершілікпен шешіледі. Міне, сондықтан да аса ауыр емес қылмыстарды медиация тәртібімен шешуге біз де мүдделі­міз. Мұның артықшылығы ҚР қылмыстық кодексі 68 бабын­­да көрсетілгендей, тараптардың ымыраласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылады.
Жаңақорған ауданына келгелі сот процесінде есірткіге байланысты және алимент төлемеу заңсыздықтары бойынша іс қарадым. Сондай-ақ жер дауына байланысты іс қаралып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Ел арасында тәртіп бұзушылыққа жол бермеуде заң бұзушылыққа қарсы ымырасыз жазаның да өз орны бар. Әйтсе де ағайын арасындағы татулық пен бірлікке сына салып, сүйекке кетер дүрдараздықтың алдын алуда «жеті өлшеп, бір кескен» туралықты ту етуге тура келеді. Осы орайда бетке тұтар халықтық құндылықтарымыз ретінде нені айта аласыз?
– Халқымызда сан ғасырдан бері ұлттық наным, тарихи жадымен бірге қалыптасқын билер институты­ның қағидаттарын жаңғырту маңызды. Ел арасындағы ұсақ бұзақылықтарды заңға жеткізбей шешуде дәстүрлі билер институтын жаңғыртуға жол ашылса деймін. Мұның қоғамда татулық пен бірлікті сақтауда игі ықпалы мол. Жақында алқа билер мәселесі бойынша аудан ақсақалдарының басын қосқалы отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ

19 қазан 2024 ж. 440 0