№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оқулықта олқылық көп

Оқулықта олқылық көп


Мектеп – білім мен тәрбиенің негізі, ал білімнің өзегі – оқулықта Бір өкініштісі, соңғы кезде мектеп оқулықтарындағы қателіктерге қатысты шағым тыйылмай тұр. Соның бастылары, бала түгілі ересектерге түсініксіз тапсырмалар кітап ішінде өріп жүр дегенді айтады. Бес жыл сайын жаңарып отыратын оқу құралының бүгінгі мазмұны қалай? Оқулық жарыққа шыққанға дейін бес сатыдан сараланып өтеді екен. Ал осынша қадағалаудан өтсе де өрескел қателерден неге көз жазбай келеді. Кітапты мазмұнындағы міннен қалай арылтамыз? Мектеп бағдарламасы неге күрделеніп кетті? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік...


Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-ана біткен мектепке дайындық қамымен жүр. Байқағаным, екі сөмке сатып алып, кітаптың тым ауырлығын алға тартады. Оқу басталған уақытта оқушылардың бірі өз алдына жеке келсе, бірі ата-анасымен жетектесіп келеді. Солардың бірі Ақерке атты замандасымыз:
– Қызымның сөмкесін тасудан өзімнің де қолым талады. Оған денешынықтыру пәніне, аяқ киіміне дейін салып аламыз. Ойын баласын сонша қинауға бола ма? Бағдарламалары да өте күрделі, адам ұғып болмайды, – дейді.
Басқа да «баламның арқасы жауыр болды» деп жүрген кісілер көп. Ойлап қараңыз, бүгінгі оқу бағдарламасы бойынша күніне кем дегенде 6-7 сабақ болады. Әр пәнге қосымша оқу дәптерлері бар. Оған қоса баланың пайдаланатын оқу құралдары қаншама. Осының бәрін қосып есептесеңіз, 5 келіден асып жығылады. Иә, бес жастан жаңа асқан, белі қатаймаған баланың ауыр затты көтеріп жүруі оңай емес. Әрі денсаулығына зиян.
Деректерге сүйенсек, сөмке салмағының жеке стандарты бар көрінеді. Мәселен, Португалия ғылыми-медицина орталығының мамандары мектеп сөмкесінің жалпы мөлшері бала салмағының 10 пайызын құрауы керек деп дабыл қағуда. Себебі, ұрпақтың ергежейлі болуына алып келуі ықтимал. Әрі ата-ананы әбігерге түсірмейді.
Қазір қай мемлекеттің болмасын берік қамалы қарумен емес, біліммен қаланады. Ал, білімнің көкжиегін кеңейту үшін бірізділік керек секілді.
Басты тақырыбымызға оралсақ, көпшілік арасында мектептерге арналған кітаптардың сын көтермейтіні қоғам арасында әлі де айтылып жүр. Бірі мұқабасын сынаса, өзгесі мазмұнынан мін тағуда. Әлбетте, 9 сыныптың әдебиет оқулығанда «Қамбар батыр ішсін деп, арақ пенен шарапты, Маңдайын сүртіп демалып, Шылымын шегіп тұрады» деген өлең жолдарын қалай талқыламасқа? Тіпті, «Жеті атаңның суретін болса ала келіңдер», «Ауа­ның суретін сал», осы секілді тапсырмалардың оқулықтан орын алғанын қалай түсінеміз
Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова­ның:
«Оқулықтардың білім мазмұны бере­кесіз, бір-бірімен ешқандай байланыс, сабақ­тастық жоқ. Артық дүние өте көп. Жыл­дан-жылға сағат саны азайып, жүктемесі көбейіп келеді. Мен математика пәнінің мұғалімімін. 10, 11-сыныптарда туынды, ин­тег­рал, ықтималдық теориясы оқытылады. Ал, ол бірінші курсқа барғанда жоғары оқу орындарында қайталанады. Мұндай жайт жалғыз математикаға емес, барлық пәнге тән», – деген сөзінің де жаны бар.
Әр министр білім саласына өзінше жаңалық ашқысы келеді. Соның бірі «Әліппенің» орнына «Сауат ашудың» енгізілуі. Оқулықта баланың жас ерекшелігі мүлде ескерілмеген десек артық емес. Бастауыш сынып оқулықтарында күрделі тапсырмалар жетерлік. Ең үлкен машақат, оқулықтардағы жүйесіздік. 2-сынып оқушы­сына 7-сыныптың деңгейіндегі тапсырма­лар берілетінін көз көрді. «Әдебиеттік оқу» оқулығының 43-бетінде «омоним», «логогриф», «шарада», «метаграммада» сынды терминдер топтастырылған. Осы терминдерге берілген анықтаманы түсіне отырып мысал-өлеңдер құрау қажет. Аты атауға қиын терминдерді түстеп ажырата алмайсың.
Осыдан екі жыл бұрын Асхат Аймағамбетов ҚР Оқу-ағарту министрі болып тұрған кезде 1-сыныпқа «Әліппе» оқулығын қайта енгізді. Ондағы мақсат оқушылардың білім алуында қиындықты жеңілдету һәм оқушы­ларды оңай тәсіл арқылы білімге қызықтыру болды. Оған дейін «Әліппенің» орнында бол­ған «Көркем жазу» оқулығы оқушылардың бағдарламадан қалып қойып, кейбір қиын сабақтарды түсінбеуіне алып келді. «Әліппе» қайта оралғанымен, одан өзге оқулықтардан шыққан шикілік сол күйінде өзгеріссіз тұр. Жақында әлеуметтік желіге 3-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» пәнінің ішінде Ертай Ашықбаевтың «Ғаламтор туралы» өлеңі «хит» болды.
Онда: «Ғаламторға кіремін,
О, аралап жүремін!
Мейлі белім ауырсын,
Солсын мейлі реңім» деп басталған өлең жолдары «Сабақты да қоямын, Тамақты да қоямын» деген тармақпен сабақталады. Бұл өлеңді, шын мәнінде, интернеттің зиянын көрсету үшін жазса да, мектеп бағдарламасында бұл өлеңді қолдану, оқушыларға осы өлең­ді жаттату интернеттің зиянын қалыпты қабылдауға тәрбиелейтіндей. Оқулықтан шық­қан олқылық деген – осы.
Тағы бір жиі кездесетін жайт, оқулықтардың орыс тілінен тікелей аударылуына байла­нысты. Аударылған сөйлемдер күрделі болып келеді немесе мағынасы жағынан дұрыс аударылмайды. Аудару кезінде терминдерде де бірізділік сақталмайды.
Осы ретте, ұстаздардың да ойын білгенді жөн көрдік. Тарих пәнінің мұғалімі Жұмабай Исабеков былай дейді.
– Мектепте оқылатын тарих пәні өзінің негізін тарих ғылымынан алады, ол ғылымның аса маңызды салаларына жатады. Кез келген өркениетті, дамыған елдер өз мемлекетінің барлық азаматтарын тарихи біліммен қаруландыруға ұмтылады және оны алдымен өз халқының, өз елінің төл тарихын оқытумен байланыстырады. Тарихи білімді меңгерген адам өзі өмір сүрген қоғамдағы орнын, атқаратын қызметін, басқа да іс-әрекеттерін дәл анықтай алады. Мектепте 30 жылдан бері тарих пәнінен сабақ беретін ұстаз ретінде айтарым, мектеп оқулықтарында кемшін тұстар жоқ емес, бар. Тарихи оқулықтарды қайтадан қарап, әр сыныптың, әр жастағы оқушының зейінін, сабақты қабылдауын, қызығушылығын, тіл байлығын ескеру керек. Шынында, тарих пәнін оқып отырған оқушы ешкімнің көмегінсіз тақырыпты еркін түсінуі тиіс. Сол кезде ғана баланың тарихқа деген қызығушылығы арта түседі деп есептеймін. Айта кетейін, 6-шы сыныпқа арналған оқулық түгелдей археологиялық зерттеулерге арналған. Енді ойланып көріңізші 6-сынып оқушысы, небәрі 11 жастағы өспірім археологияны қалай қабылдай алады? Сондықтан оқулықтың мазмұнын түгелдей қызықты тақырыптармен ауыстырса құба-құп болар еді. Бір айта кетерлігі, оқулықтағы мәліметтер тым ауқымды әрі күрделі жазылған. Сол себепті де, оқулықтарды ықшамдап, жинақы әрі түсінікті етіп қайта жазып, баланың жас ерекшелігін ескере отырып, заман талабына сай деректемелер кіргізу керек.
Осы тұста айта кетейін, оқу құралдарын жазатын тұлғаның білім деңгейі мен таным түсінігі мол болуы қажет. Білімі мен білігіне тәжірибесі сай келіп, ой ұшқырлығын жазу қабілеті биікке көтергені жөн. Ол баспасөз беттерінде оқулыққа қатысты жазылған материалдарды мұқият оқи жүріп, жинақтауы, қажеттісін түртіп алып, сын ескертпелерді зерделеуі керек. Оқулық жазу оңай шаруа еместігі баршамызға белгілі. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарағаны абзал, – дейді.
Ал, бастауыш сынып мұғалімі Ақнұр Болатқызы:
– Мысалы, бізге есеп берілді ме, бір амалмен шығаратын, екі амалмен шығаратын, қалдықты табуға берілген бірыңғай есеп болып келсе ыңғайлы болар еді. Теңдеу әрі қарай күрделі теңдеуге ұласуы керек. 2-3-ақ сабақ өтеміз, әрі қарай заттың санына, құнына кетіп қаламыз. Балалар алдындағы тақырыпты тиянақтап үлгермейді. Бағдарлама баланың жасына, санасы мен ой-өрісіне сай жазылуы керек. Бірақ авторлар оны ойламайды. Соның кесірінен ненің не екенін ұқпаған оқушының басы қатады. Түсініксіз мәтінге, шырғалаң шығармаға шырмалады, – дейді.
Ардагер ұстаз Гүлзира Қасымқызының да айтары бар.
– Өзім зейнетке шыққаныма 5 жыл болды. Шыны керек, кейінгі кездері оқу бағдарламасы тым күрделеніп кетті. Негізі оқу бағдарламасының жиі-жиі ауысқаны орынсыз. Білім және ғылым министрлігі оқулық даярлау ісінде зиялы қауым өкілдері мен білім саласының білікті мамандары, ата-аналардың талап-ұсыныстарын ескере келе, оқулықтардың сапасы мен мазмұнын арттыруға жұмыс жасау керек деп есептеймін. Оның үстіне, оқулық жазу ісімен келгенде жекеменшік баспалар айналысатын болды. Осыған дейін екі баспа – «Мектеп» пен «Білім» ғана айналысатын. Қазіргі күні оқулық жазу ісі толықтай баспалардың құзырына өткен, әркім өз қалауын жасап жатыр. Тапсырыс беруші де – баспаның өзі. Оқулық жазатын мамандарды да жасақтайтын – баспа. Бұл қаншалықты дұрыс? Меніңше, оқулық жазуға тапсырысты Білім және ғылым министрлігі өзі беруі керек. Еліміздегі оқулық жазатын ең білікті мамандарды өздері жасақтауы қажет. Баспалар тек дайындалған өнімді шығарып беруші ғана болу тиіс, – деген орамды ойын ортаға салды.
Расында, елімізде мектеп оқулықтарын шығаратын оннан астам баспахана жұмыс істейді. Бәлкім, мәселе осында болар. Өзге мемлекеттерге зер салсақ, Оңтүстік Корея, Индонезия, Жапония, Сингапур, Азияның алпауыт мемлекеттері білім саласында көш бастап тұрғаны белгілі. Бірақ олардың ешқайсысы да жиі-жиі реформа қабылдамаған. Қалыптасқан жүйе бойынша үздік үлгілеріне үңілсек, бұл елдерде балаларды білім деңгейіне қарай бөліп оқытады. Батыста бастауыш сыныпқа білім берудің айырмашылығы едәуір. Онда оқушыға еркіндік берілген. Дәрісті ойын ретінде өткізіп, баланың қызығушылығын байқайды. Содан кейін барып мұғалімдер өз әдістерімен оқытады. Сайып келгенде, білім беру бағдарламасына салғырт қарау мен мектеп оқулықтарындағы түсініксіз дүниелердің жиі орын алуы болып тұр.

Әсел РЗАЕВА

27 тамыз 2024 ж. 459 0