№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала кітабы қол жетімді ме?

Бала кітабы қол жетімді ме?


Абай Құнанбайұлының "Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге" деген өлең жолдарын бала санасына құюға әркім де құштар. Баланың кітап сөресін кеңейтіп, жаңа туындылармен толтыруға тырысқанымызбен бағасының қымбаттығы қолбайлау болып тұр.

Шыны керек, кітап жайлы сөз еткенде, алдымен Ахмет Байтұрсынұлынан мұра болып жеткен «Әліпбиі» тілімізге оралады. Сол әліппеден алғаш сауат ашқан қаншама ғалым, қаншама талантты тұлғалар елге қызмет етіп отыр десеңізші! Кітап мазмұн мен тіл сындыруға қолайлығымен құнды еді. Тіпті, қаншама жыл өтсе де сол әліппенің әр беті мен әрбір әріпі есімізде. Бүгінде сол мұраның орнын «Сауат ашу» мен «Балапан дәптері» басты.
Мектеп бағдарламасынан тыс оқулық сатып алуға ниет еткенде ең алдымен қалтаңыз қомақты болсын. Соңғы жылдары шыққан, «алтынмен үптелген, күміспен күптелген» бала кітабын сатып алғыңыз келсе аудан орталығынан дүкен таба алмайсыз. Сізге қалаға бет түзеуге тура келеді. Соның өзінде көңілге қонымды дүниеге қол жеткізуіңіз де екі талай. Кітап сататын дүкендерден қазақ тілінде бала тілін, ой өрісін дамытуға бағытталған кітаптар кезіктіруіңіз мүмкін. Алайда олар да саусақпен санарлық.
Түркістанда шарлап жүріп, балалар кітап дүкенін кезіктірдік. Сөрелердің басым бөлігі орыс тіліндегі «Ресейдің» баспасынан шыққан дүниелер екен. Негізінде, елде Ресейдің басылымдары жалпы кітап сатылымының 65 пайызын құрайтынына көз жетті. Жат елдің «жылтыры» өзіңді арбап, кітапты қолға алмасыңа қоймайды. «Веселые задания для малышей», «Золотая корона», «Сказка для малышей» секілді қолға түскен кітаптың бағасы да қол жетімді. Небәрі 150 мен 250 теңгенің аралығында. Орыс тілді болса да іштей «орысша үйрене берсін» деп қуанғаныңыздан аласыз.
Даңғарадай дәу дүкенде қазақ тіліндегі балалар кітабына кішкентай бір бұрышы беріліпті. «Қазақ тілінде неге кітап қоры аз?» деген сауалға сатушының жауабы дайын екен. Өзбек ағам: «Бәрі осы, Көбінесе авторлар өзі әкеліп өткізеді. Біздің де бұл кітаптан түсірер пайдамыз тиын ғана » деді. Сол саусақпен санарлық оқулықтың бағасы да қолайсыз болып шықты. Орыс баспасындағыдай 200-300 теңге төңірегінде ешқандай қітап жоқ. Бісімілләсі 1000 теңгеден басталады. Абай мен Ыбырайдың балаларға арналған өлеңдер топтамасы 1100 теңге,қазақша мақал-мәтел 2500 теңге, халық ертегілер мен аңыздар жайында жазылған «Балаларға базарлық» айдарымен жарық көрген кітапшалар 2000 теңге. Ермек Өтетілеуұлының «Әй-әй» айдармен шыққан төрт жолдық он өлең сыйдырып, суретпен әрлеген жинағы 500 теңге, осыған ұқсас дүниелер 1000 теңгеге жетіп жығылады. Ой өрісін дамытуға 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған «Ғажап тапсырмалар», «Сыйқырлы сандар» секілді журналдардың құны 1000 теңге. Балалар әдебиетшісі Сұлтан Қалиұлы мен Әділ Балтаның шағын брошюралары 550-800 теңге.
Ең қажетті, рухани құндылығы жоғары кітаптың да құны шарықтап тұр. Салт-дәстүр, ұлттық құндылық, туыстық қарым-қатынастар, ырым мен наным, тыйымдар жайында жазылған «Ұрпаққа аманат» жинағының құны 4200 теңге тұрады. Жасөспірімдерге тәрбиелік һәм тағылымдық бағытта әдемі әңгімелер сыйлаған Байбота Серікбаевтың екі бөлімнен тұратын «Бәсіресі» 12000 теңге. Оқушыларға білімін арттыруға арналған «Сен білесің бе?» энциклопедиясы 6000 теңге.
Хош. Айта берсең қып-қызыл теңгеден тұратын кітаптар тізімі жалғаса береді. Мүмкін, қалтасы көтеретін жандар алып жатқан шығар. Алайда, күнкөрісі орташа отбасының балалары осы кітапты сатып алып, оқып жүр дегенге сіз де сенбейтін шығарсыз. Біздің айтпағымыз, жалпыға бірдей балалар кітабын қолжетімді етудің қандай тұсы бар? Қайтсек, балапандарымызды «компьютердегі көгілдір әлемнен» жарық сәулеге баулимыз? Көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасына кітап сатып алуға жеңілдіктер жасалса, кәнекей!
Мақпал МАРҚАБАЙ.
09 ақпан 2018 ж. 1 607 0