№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәрбие кері кетсе, кінәлі кім?

Тәрбие кері кетсе, кінәлі кім?


Бабалардан жеткен «қызды қырық үйден тыйым» деген қағиданы қаперге алмаудың ақыры ата-ананың өзіне таяқ болып тиіп жатқан сыңайлы.Әлі кәмелеттік жасқа жетпеген, тіпті оң жақта желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек қыз баланың он екіде бір гүлі ашылмай жатып жүкті болып қалуы не сұмдық?


Ресми деректерді сөйлетсек, елімізде 12-15 жас ара­лығындағы, тіпті 10-12 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы статистика тіркелген. Ал ресми деректер елімізде жылына 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалса, олардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар екенін растап отыр. Тіпті жасанды түсік жасату жөнінен Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе алда тұр екенбіз.
«Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» десек, сәбилік шағынан санасы уланып сорлап қалған қыз баланың тағдырына алаңдаған кім бар? Ұлттық тәрбиеміз кері кетіп, салт-дәстүріміз аяқасты болуына кім кінәлі? Заң қатаңдатылғанымен нәтиже бермейтін нәзік тақырыпты ашық талқылауға неге дәрменсізбіз? Біреудің болашағын балталап,,өмірін өксікке толтырған ойсыздар неге жазасын алмайды? Осы тақырыпты қалам ұшына арқау еттік.
Өзіміз мүшесі болып табылатын аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда мектеп жасындағы бір қыз баланың жүктілік жағдайы талқыланды. Мұны алдымен көрші-қолаңдары байқап, мектеп мұғалімдеріне ескерткен екен. Дәрігерлік тексерісте іштегі шарана бес айдан асып кеткені расталған. Осы мерзімге дейін ата-анаға ешқандай күдік ұялатпағаны түсініксіз жағдай болып тұр. Бұл оқиғаны басты назарға алған құқық қорғау органдары тергеп-тексеру жұмысын бастап кетті.
Жасыратыны жоқ, балалық шағынан ерте қоштасып, өкінішін ішіне сақтаған қаракөздердің көбі өгей әкенің озбырлығын бастан кешкен. Еліміздегі әр төртінші әйелдің екінші рет тұрмыс құруы осы мәселенің күрделенуіне жол ашады екен.
Мамандардың айтуынша, жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жаста ғана байқала бастайды. Жүктілік кезінде жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарда түрлі түзілістер жүреді. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз туындайды. Балғын қыздардың ағзасы мұндай жүктемеге дайын болмайды, құрсақ көтеріп, бала тууға бейімделмеген. Жасөспірім ана дүниеге әкелген шарананың тіршілігі күмәнді. Ерте түсік жасату да, тіпті баланы жасанды толғату да жас ананың денсаулығына қатерлі екенін, жанына жазылмас жара салатынын түсінгіміз келмейді. «Ойнап жүріп от басқан» баласының тағдырына бас қатырудан бұрын жұрт алдындағы беделін сақтап қалуға білек сыбана кірісетін ата-ананың тығырыққа тірелетіні осы тұр.
Ерте жүктілікке ұрынған қыздардың көбі түсік жасатуды ең тиімді шешім деп ұғуы мүмкін. Себебі, қоғамда «қарабет» атану өліммен тең. Жасыратыны жоқ, түсік жасатуға оқталғандардың арасында көбіне шешімді ата-аналар қабылдайды. Бұл ең үлкен орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Жүктіліктің ерте факторы болашақта тіпті бедеулікке әкелуі мүмкін. Егер жас ана баланы дүниеге әкелемін деп шешім қабылдаса, бірқатар салдарға тап болады. Жас кезіндегі жүктілік денесінде әлі де гармональды өзгерістер жүріп жатқан әйел ағзасы үшін қауіпті. Он үш-он жеті жасында қыздың ағзасы ана болуға әлі дайын болмайды, – дейді дәрігер-гинеколог Руслан Садықов.
– «Он үште отау иесі» деп, балалардың ой-өрісін өзге бағыт­қа бұратын керітартпа көзқарастағы адамдар қоғамға қауіпті дер едім. Бұрынғы заман мен қазіргі заманды салыстырып, көпті шатастыруға болмайды. Біздің қоғамда балалардың құқығы­на қатысты белгілі бір мораль оқылады да, көбіне баламен ара­да диалог бола бермеуі көптеген күрделі мәселелердің туындау­ына әкелуде, – дейді аудандық емхана психологы Күлзипа Сарбасова.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Қазір жасөспірімдердің жауапкершілігін сөз еткенімізбен, олар белгілі бір деңгейде ересек адамдардың жауапкершілігін сезіне алды ма, осы мәселеге мән беру керек сияқты. Ал аумалы-төкпелі көңіл күйдегі өтпелі кезеңде жасөспірімге тек ұят туралы айтып, шектеу арқылы жауапкершілік талап етудің соңы әлеуметтік мәселеге айналып отырғанының куәсіміз. Ерте жастағы жүктілік жасөспірімнің денсаулық мәселесі ғана емес, өзіне-өзі қол жұмсауға және құрсақта тұншыққан сәби өмірін қиюға дейін апаратын қылмыс әрі қасірет. Сондықтан ізгі қоғам игіліктері дегенді құр айтып қана қоя салмай, әркім өз бойынан іздегені дұрыс секілді.
Қазақтың ұлттық танымына салсақ, «бесіктен белі шықпаған балаға» кейбір құпия саналатын, ұят болып есептелетін, өзіндік шекарасы анықталған ұғымдарды ашық айтуға болмайды. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халықтың өз тәлімі-тәрбиесі бар емес пе? Бұл туралы Қазақ Аналары «Дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің Жаңақорған аудандық жетекшісі Раушан Назарованың айтары бар:
– Қазіргі қоғамда батыс мәдениетінің тозығын үрдіс еткен жастар қарасы көп. Олар өзіміздің ұлттық таным-тәрбиеге мойынсұнбайды. Қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрі әлемнің озық тәрбие құралы деуге негіз бар. Отбасында үлкенді қадірлеу, кішіге қамқор болу, «қызды қырық үйден тыю» маңызды. Бойжеткен мен бозбаланың сөз байласуы, отау құруы, шаңырақ көтеруіне дейінгі аралықта екі жастың жақындарының арасында өтетін жол-жоралғылар балиғатқа толған бойжеткеннің ақ босағаны өз арымен аттауына жасалатын қадамдар екенін ұғынамыз. Міне, осындай үздік тұрмыстық салтымыз қайта жаңғырса, оң босағада бала табатын қыздар мүлде болмас еді, – дейді қадірменді апамыз.
Әрине, көкөрімді «болары болған іске» айыптау, кінәлау мәселені шешпейтіні анық. Бейсаналы жасаған әрекеті үшін ата-анасынан қорыққан жасөспірімнің жасанды түсік жасату арқылы мәжбүрлі түрде адам өлтіру секілді қылмысқа барып жатқаны ең үлкен қауіп екенін ескеруіміз керек. Екінші жағынан алып қарағанда, «қорғалмаған қарым-қатынас» салдарынан ВИЧ жұқтырған жастар қатары артып келеді. Статистиканы сөйлетсек, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар екен, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Бұл сандардың ұлт саулығы, ұрпақ саулығы мәселесіндегі зардабын айтпасақ та түсінікті. Жаңақорғанда ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар 23 адам. Оның 9-ы әйел, 14-і ерлер болса, 16-ы жасөспірімдер. Биыл 6 әйел босанса, оның 1-і кәмелетке толмаған ана. Індет балаға өтпеуі үшін вирусқа қарсы дәрі қабылдады. Ал 60-80 жас аралығында 3 адам есепте тұр. Айықпайтын ауруға шалдыққандар қоғамға қандай қауіп төндіруде? Сақтану шаралары қандай?
Халық назарын аударған басты сұрақтарға Жаңақорған аудандық саналы әлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Раушан Тотаеваның жауабы төмендегідей:
– Әлем бойынша Қазақстанның алғашқы ондыққа енуі еліміздегі ахуалдың күрделеніп бара жатқанын білдіреді. Қазір қауіпті аймақтар қатарында Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында ВИЧ-инфекциясын жұқтыру оқиғалары жиіледі. Түркістан облысында 1500 науқас тізімде, ал біз бұл өңірмен тығыз байланыстағы аудан болғандықтан жастар арасында сақтық шарасын күшейткеніміз абзал, – дейді ол.
ВИЧ жұқтырған жаңақорғандықтар арасында көп балалы азаматтар, көпшілікке қызмет көрсету орындарының мамандары, жеке кәсіп иелері бар. Өткен жылы инфекция 2 науқастан анықталса, биыл 9 айда 5 азаматтан анықталып отыр. Ал әр науқастың артында 10 науқас тұрғанын тағы да ұмытуға болмайды. Жыныстық жолмен жұғатын індеттің қауіп-қатерін ескеріп жатқан адамдар аз. “Ұлы сөзде ұяттық жоқ”, жас-кәрінің жыныстық қарым-қатынаста сауаттылығының төмендігі орны толмас өкінішке ұластырып отыр.
Осы жағдайға байланысты қазір мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қоғамда қайта-қайта талқыланып келеді. Бірақ жыныстық білім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім, айқын бағыт-бағдар жоқ. Сондықтан әр ата-ана өз баласының болашағының жарқын болуы үшін отбасылық жылулықпен қатар тұлғалық қалыптасуына жол аша білгені жөн. Әйтпесе, әдеттің тоқтамайтыны анық.

Мақпал ПӘТЕНОВА
17 тамыз 2024 ж. 493 0