Бала сүю – бақыт
Жаратылысында қыз баласы болашақ ана, онсыз оның өмірінің мәні жоқтай. Әрбiр бойжеткен ана атанып, перзент сүйгiсi келедi. Алайда соңғы уақыттары балалы бола алмай жүрген жұбайлар көбейді. Әсіресе жастар жағы осы мәселеге жиі тап болуда. Оның бастауы бедеулік пен белсіздектен білінеді. Бұрын-соңды ата-әжелерiмiз елей бермеген, ілуде біреу болмаса кездеспеген бедеулiк дертi неге белең алды? Оның емі бар ма? Мамандар не дейді? Біз осы тақырып төңірегінде тағы да толғанып, қалам тербеп көрген едік.
Бедеулік тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Әйелі бедеу, еркегі белсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр. Әлемдік ақпараттарға жүгінсек, бедеуліктің көбеюіне экологиялық факторлар, тамақтану үрдісінің өзгеруі, тағам құрамындағы химиялық қоспалардың көптігі, микротолқынды пештер, компьютерлер мен ұялы телефондардың өзіндік әсері бар. Деректерге сенсек, елімізде табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі жоқ 20 мыңнан астам ерлі-зайып тіркеуде тұр. Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға миллион теңгеден аса қаражат жұмсайды. Мамандар бұл санаттағы мұқтаж адамдарға мемлекеттік деңгейде көмек қажеттігін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15- 20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж көрінеді. Бейресми дерек бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Сәби сүйе алмай әулие-әнбие жағалап, болмаса гинеколог есігін тоздырып жүрген қаракөздеріміз қанша. Осыны назарға алған мемлекет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға арнайы квоталар бөліп келеді. Ең алғашында 100-ден басталған квотаның саны биыл мыңға дейін көбейген.
Біз әйелдердегі бедеуліктің себеп-салдары жөнінде аудандық көпбейінді аурухананың акушер-геникологы Рабиға Баязовамен әңгімелескен едік.
– Бедеуліктің себептері өте көп. Маған жылына 2000 мыңға жуық әйел осы мәселемен келіп қаралады. Бұрындары егде жастағы ерлі-зайыптыларда мәселе туындайтын болса, қазір жастар арасында өте көп. Біріншіден жатыр түтікшесінің өтімсіздігі, аналық жұмыс жасушасының дұрыс жұмыс істемеуі, гармонның өзгеріске ұшырауынан дер едім. Сонымен қатар, әйелде де, еркекте де кездесетін инфекциялық аурулардың да әсері жоғары. Егер ерлі-зайыптылар бір жыл бірге өмір сүріп, балалы бола алмаса, ол бедеулік деп есептеледі. Бұндай жағдайда әйелді де, ер адамды да тексеруден өткіземіз. Содан кейін ғана емдеу жолдарын бастаймыз. Сол себепті де, әр адам өз денсаулығына мұқият қарау керек. Киген киім мен ішкен асына дейін мән беріп, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Жасанды түсік – тірі жанды өлтіру деген сөз. Дегенмен, әйелдің өз еркімен түсікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Баласынан безінген әйелдер медициналық тәсілмен шарананы алдыртып құтылғанымен, айықпас дертке шалдығатынына немқұрайлы қарайды. Жасанды түсік жасаудың әйел адамға зиянды тұстары өте көп. Біріншіден жатырға зақым келеді. Табиғат ана әйелдің жаратылысын өзгеше етіп жаратқан. Жүктілік дегеніміз – бұл физиологиялық үрдіс. Бұл кезде әйел адамның ағзасында гармон өзгерістері жүреді. Бүкіл ағза өзгеріп, жаңаша қалыпқа енеді. Алайда, оны мезгілсіз уақытынан бұрын үзген кезде, барлық гармондардың бұзылуының салдарынан аналық бездерінің қызметі әлсіреп, жұмысы қалыпсыз болып қалады. Бұл бедеулікке әкеп соғатын себептердің бірі. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, созылмалы ауруларға ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әйелдің ағзасы жүктілікке дайын болған кезде процесті тоқтатып тастау күйзеліске ұшыратады, – дейді ол.
Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бастысы, дер кезінде емделу. Халқымыз балалы үйді базарға теңеп, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Осы бағытта болашақ ана – қыз бала тәрбиесі бәрінен маңызды. Бұған ана ретінде қосар біздің де пікіріміз бар. Мектеп жасындағы қыздарды «Қырық үйден тыйып», «ойнақтап жүріп от баспауға» тәрбиелеуге қоғам болып жұмылуымыз керек. Мәлiметтерге сүйенсек, елiмiздегi әрбiр алтыншы отбасын бедеулiк дертi діңкелетіп тұр. Соның салдарынан арулардың тұрмысқа аяғы ауыр халде шығу да қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Әрі, оңтүстік өңірлерде жас келін жүкті болмайынша жастардың тойын да кейінге ысырып қою дағдыға айналып келеді. Бұл қоғамның қасіреті. Әйтсе де, «Ерлi-зайыптының сәби сүйе алмауына не себеп болды екен?» деген сауал барлығымыздың да көкейiмiзде қылаң беретiнi сөзсiз. Мамандардың сөзiне сүйенсек, жастар арасында бедеулiктiң кеңiнен етек жаюының себебi – экологияға байла-нысты. Жыныстық қатынасқа ерте түсу де бедеулікке әкеп тірейді. Жастықтың әрi тәжiрибесiздiктiң кесiрiнен әртүрлi созылмалы жыныстық ауруларға шалдығып, соңында бедеулiкке ұшырайды. Жасанды түсік жасату бейкүнә періштені өлтірумен тең. Келте ойлау мен келеңсіз қылықтың кесірінен қоғам дертіне айналған жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес. Тек былтырдың өзінде елімізде 7000-ға жуық қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы түсік жасатыпты. Бұл әлбетте ресми мәлімет. Ал, нақты саны белгісіз. Өйткені, түсік тастаудың түрлі әдістері мен тәсілдері бары анық.
Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр деген ақпарат тағы бар. Мамандар кәмелетке толған қыз-жігіттермен ашық түрде жыныстық қарым-қатынастың зияны жайлы жиі пікір алмасып, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Бойжеткен қыз – ертеңгі ана өз өмірлеріне өздері балта шауып некесіз бала көтеріп қалумен қатар, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жасатып алып тастап жатқаны қаймана қазақтың қасіреті десек қателеспейміз. 12 жастағы жасөспірімді де осы қатардан көргенде жаға ұстадық. Елімізде жасанды түсік жасату көрсеткіші экономикасы дамыған елдерден әлдеқайда көптігі көңілді күпті етті.
Осы мақаланы жазу барысында ақпараттарға терең қанығып ана ретінде жүрегім сыздады. Осыдан он жыл бұрын қазақ халқының ардақты анасына айналған Зейнеп Ахметова апаймен сұқбаттасып, сөйлескенім бар еді. Қалта телефонымды ашып, Зейнеп апаның нөмірін тауып алдым. Әуеліде қоңырау шалуға жүрексіндім. Арада қаншама жылдар өтті, ол кісі менімен сөйлесе қояр ма екен деп ойландым. Дегенмен, саусақтарым діріл қағып, қоңырау шалдым. Бір-екі гудоктан-ақ апаның әдемі дауысы естілді. Қуанып кеттім. Апыл-ғұпыл өзімді таныстырдым. Нендей мәселемен қоңырау шалғанымды жеткіздім.
– Айналайын қызым, өзіңнің айтып отырғаның өте орынды. Соңғы уақыттары қоғамда орын алып жатқан жайттар мені көп ойландырады. Қоғам өзгерді деп жатамыз, бірақ ол өзінен-өзі болатын құбылыс емес қой, оны жасайтын адамдардың іс-әрекеті. Қазір, шынын айту керек, әдемі бойжеткен қыздардан гөрі қаптаған еркекшора көп. Заманауи боламыз деп қыздарымыз көйлекті тастап, шалбар киіп кетті. Тіпті, қазір қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалған жоқ, – деп көкейіне келген ойды ақтарып салды ел анасы.
Міне, қандай тұщымды ой, өнегелі сөздер десеңізші. Үйінің босағасы – алтыннан, табалдырығы – күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, әр адам болашағын, өмірінің, тіршіліктің жалғасы болар ұрпағының қамын көп ойлайды. Президенттің өзі қамқор болып, сәбилі болсақ деп жүрген жұптардың үмітін жалғауға арналған бағдарламасы берекелі болып, әр шаңыраққа қуанышын сыйласын дейміз.
Әсел РЗАЕВА