№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасанды түсік – қоғам қасіреті

Жасанды түсік – қоғам қасіреті

Бүгінгі қоғамда жиі кездесетін жексұрын құбылыс – жасанды түсік мәселесі мені де бей-жай қалдырмай, қолыма қалам алғызды. Жасанды түсік жасатып жатқандарды емес, бейкүнә періштелердің өмірі ойландырды. Содан журналист ретінде тастанды баланың жай-күйін сіздерге білдіргім келді. Қоғамның дертіне айналған жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес. Тек былтырдың өзінде елімізде 7000-ға жуық қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы түсік жасатыпты. Бұл әлбетте ресми мәлімет. Ал, нақты саны белгісіз. Өйткені, түсік тастаудың түрлі әдістері мен тәсілдері бары анық. Елімізде жүкті әйелдердің әрбір бесіншісі жасанды түсік жасатады. Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр деген ақпарат тағы бар. Мамандар кәмелетке толған қыз-жігіттермен ашық түрде жыныстық қарым-қатынастың зияны жайлы жиі пікір алмасып, ата-аналар тсүіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге тиісті сол болашақ аналарымыз бүгінде өз өмірлеріне өздері балта шауып жүрген жайы бар. Сол аруларымыз некесіз бала көтеріп қалумен қатар, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жасатып, алып тастап жатқаны қаймана қазақтың қасіреті десек, қателеспейміз. Тіпті оқушылар арасында да осы қадамға баратындар көп. Бірнеше жыл бұрын мұндай әрекетке 15-16 жастағы қыз балалар барса, қазіргі кезде 12 жастағы жасөспірімді де осы қатардан көре аламыз. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жасөспірім қыздардың екінші мәрте түсік жасатқан деректері кездеседі. Қазақстанда жасанды түсік жасату көрсеткіші экономикасы дамыған елдерден әлдеқайда көп екен. Бұл – ащы да болса шындық.
Осы мақаланы жазу барысында, көптеген ақпараттарды көзім шалды. Әуелі журналист ретінде емес, ана ретінде жүрегім сыздады. Сенесіз бе, өрімдей жап-жас қыздар ашықтан-ашық түсік жасатқанын әрі қалай жасатқанына дейін ұялмай айтып жатыр. Осыдан он жыл бұрын қазақ халқының ардақты анасына айналған Зейнеп Ахметова апаймен сұқбаттасып, сөйлескенім бар еді. Қалта телефонымды ашып, Зейнеп апаның нөмірін тауып алдым. Әуеліде қоңырау шалуға жүрексіндім. Арада қаншама жылдар өтті, ол кісі менімен сөйлесе қояр ма екен деп ойландым. Дегенмен, саусақтарым діріл қағып, қоңырау шалдым. Бір-екі гудоктан-ақ апаның әдемі дауысы естілді. Қуанып кеттім. Дереу өзімді таныстырып, бүгінде аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде жұмыс жасайтынымды жеткіздім. Апаның көңілі сергек екен, менімен әңгімелесе кетті. Содан көкейімде қылаң берген сұраққа яғни, жасанды түсіктің жолын қалай кесуге болатынын, ұрпағымызға қалай жол көрсету керектігін сұрадым.
– Айналайын қызым, өзіңнің ай­тып отырғаның өте орынды. Соңғы уақыттары қоғамда орын алып жатқан жайттар мені көп ойландырады. Әсіресе, заманауи деген сөзді жастар жиі қолданатын болыпты. Бұл сөз маған мүлде ұнамайды. Қоғам дегеніміз – өзінен-өзі болатын құбылыс емес қой, оны жасайтын адамдардың іс-әрекеті. Қазір, шынын айту керек, әдемі бойжеткен қыздардан гөрі қаптаған еркекшора көп. Заманауи боламыз деп қыздарымыз көйлекті тастап, шалбар киіп кетті. Көрінген жерге еркекшора болып киінеді. Тіпті, қазір қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалған жоқ. Бәрі ашық-шашық. Бұрын ұзың жең, бүрмелі етек көйлек киетін қыздарға жігіттер қызығатын: «Шіркін-ай, білегін ұстар ма еді?» – деп. Бәрі құпиялы болып тұратын. Қазір буылтық-суылтығымен бәрі көрініп тұрады. Арығы да, семізі де тылтитып шалбарын киіп алады. Мен ондай қыздың қасында келе жатқан жігіттерге таңғаламын. «Өзі сияқты еркекшорадан қалай намыстанбайды екен?!» деп. Сол құрғыр шалбар дегеннің де өзінің киілетін жері бар. Ал қыздардың талғамсыздығы соншалық, тойға да, театрға да, мешітке де, өлім-жітімге де киеді. Әр нәрсенің өзінің орны бар ғой. Бұрын біздің қазақтығымыздың исін сақтап отыратын ауыл дейтінбіз. Құдай-ау, қазір сол ауылымыз да көйлекті жақтырмайтын болды. Өткенде ауылға барсам, алды кебежедей, арты тегенедей болып, үп-үлкен апалар шалбар киіп жүр. Иә, бұл да – заманның киімі. Дегенмен өзіміздің ұлттық қасиетімізді сақтауымыз керек. Қазір келін мен ата, ене мен күйеубала шөлмектес. Бұл ұлттық құндылығымыздың азғындауы. Жасыратыны жоқ, қазір атасының алдында «шорти» киіп шолтаңдап, енесінің алдында тар, ашық-шашық майка киіп, қарнын жарқыратып, кіндігін көрсетіп жүрген келін қаншама. Ар санамайды. Тіпті ұялмайды. Денесінің ашығынан ұялмаған келіннің бетінде ұят қала ма? Жоқ! Әр халықтың өзіне ғана тән дәстүр, салты бар. Егер сол жолдан аттасаң, онда тамырыңнан айырылып, азғындық жолға топ ете қаласың. Өйткені, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ар-иба – ұлттың рухани коды. Өзбектерге таң қаламын. Олар дүниенің қай бұрышында жүрсе де, өзбек! Басында ала тақиясы, үстінде ала шапаны, атлас көйлегімен «Мен өзбекпін!» – деп мақтанып тұрады. Ал біз ұлттық киім түгілі, тілімізден ұяламыз. Басқа тілде сөйлеуге, басқа елдің дәстүрімен жүруге бейімбіз. Еліктегішпіз. Өзіміздегі бардың қадірін, қасиетін білмейміз. Білгіміз де келмейді. Қажет болса, басқа халық болып кетуге, ұлтымызды өзгертіп алуға да дайынбыз, – деп көкейіне келген ойды ақтарып салды ел анасы.
Міне, қандай тұщымды ой, өнегелі сөздер десеңізші. Расымен де, әйел қауымы өзгерді.
Жақында емханаға барып, тіркеу орнында жұмыстарымды реттеп біраз отырдым. Сонда қызметкерлер жүкті келіншектерді қабылдауға шақыра алмай, тіпті үйме-үй іздеп таппай жатыр. Әңгімеден әңгіме туып, біраз шындыққа қанықтым. Біздің ауданымыздағы нәзік жан иелерінің іс-әрекеті жаға ұстатардай екен. Мәселен, сегізіншісіне аяғы ауыр келіншек жеті баласымен күйеуін тастап, өзге еркектен жүкті болып сәби күтіп отырғанын естігенде жағамды ұстадым. Керек десеңіз, жылына 5-6 түсік жасатып, дым болмағандай жүре беретін қыз-келіншектердің қатары күн санап көбейіп жатқандығын тілге тиек етті медбикелер. Иа, ойланатын әрі нақты жұмыс жасайтын кез келген секілді. Осы ретте дәрігер-гинеколог Баязова Рабиға Рамататуллақызымен жасанды түсіктің әйел ағзасына қаншалықты зияншы жөнінде әңгімелескенді жөн көрдім.
– Жасанды түсік – тірі жанды өлтіру деген сөз. Дегенмен, әйелдің өз еркімен түсікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Баласынан безінген әйелдер медициналық тәсілмен шарананы алдыртып құтылғанымен, айықпас дертке шалдығатынына немқұрайлы қарайды. Жасанды түсік жасаудың әйел адамға зиянды тұстары өте көп. Біріншіден жатырға зақым келеді. Табиғат ана әйелдің жаратылысын өзгеше етіп жаратқан ғой. Жүктілік дегеніміз – бұл физиологиялық үрдіс. Бұл кезде әйел адамның ағзасында гармон өзгерістері жүреді. Бүкіл ағза өзгеріп, жаңаша қалыпқа енеді. Алайда, оны мезгілсіз уақытынан бұрын үзген кезде, барлық гармондардың бұзылуының салдарынан ана бездерінің қызметі әлсіреп, жұмысы қалыпсыз болып қалады. Бұл бедеулікке әкеп соғатын себептердің бірі. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, созылмалы ауруларға ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әйелдің ағзасы жүктілікке дайын болған кезде процесті тоқтатып тастау күйзеліске ұшыратады, – дейді Рабиға Рамататуллақызы.
 Қазақта «Сұрап алған аурудың емі жоқ» демей ме? Әйтсе де, мұндай қадамға кімдер барады деген сауал мазалайтыны сөзсіз. Әуелі ауылдан арман қуып келген қыздар өздеріне таңсық қала тіршілігіне келгенде алды-артын бағамдай алмай, кім көрінгеннің жетегінде кетіп жатады. Ойланбай жасаған қадамынан опық жеп, амалсыз әке-шешесіне айта алмағандықтан әлі дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін оп-оңай қия салады. Ал енді тағы бірі әлеуметтік жағдайының қиындығы­нан, алдындағы балаларының барын сылтау етіп осы қадамға барады. Ата-бабаларымыз әр баланың өз несібесі бар деп, ұрпақ көбейтуді көксеген. Ойланып қараған адамға, жасанды түсік – ұлт қасіреті. Бағамдап қарасақ, қаншама сәби дүниеге келмейді, мыңдаған қыз өмірге ұрпақ әкеле алмайтын дертке шалдығады. Соның әсерінен ұлт санының өсуі де тоқтайды. Ақпарат көздеріне көз жүгіртсек,  жетпісінші жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның халық саны қатарлас болған екен. Бірақ, соңғы деректер бойынша бұл бауырлас елдердің халқының саны 30 млн-ға жуықтап қалғанын көргенде іштей көңілді намыс кернеді. Біз болсақ әлі 19 миллионның айналасында жүрміз. Тіпті, халқының саны 16 миллионды құрайтын Нидерландияда түсік жасататындардың саны жылына 10 мың ғана екен. Ал біздегі сандар көрсеткіші еріксіз ойландырады. Тіпті бейресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша жасанды түсік жасату жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Соның ішінде Қазақстан алғашқы орынға шығып отыр.
Қорыта келгенде, түсік жасату – адам өлтіргенмен пара-пар. Демек, ол – қылмыс.
Әсел РЗАЕВА
13 наурыз 2022 ж. 512 0