Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаңызды қандай мектепте оқытасыз?

Балаңызды қандай мектепте оқытасыз?


Дамыған мемлекеттің басты ұстанымы – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Ал білімнің қазығы мектепте қаланады. Бүгінде мемлекеттік оқу орындарынан бөлек жекеменшік мектептердің көбейгеніне куәміз. Баланы қай мектепте оқытамын десе де ата-ананың өз еркі. Бірақ сіз сенім артып отырған мектептің білім беру деңгейі талапқа сай ма? Біз осы мәселені ой-пікірлер сүзгісін өткізіп көрдік.


Сәуір айы туысымен жаппай мектептерде даярлық тобы мен 1-сыныпқа келетін оқушылар тізімін тиянақтау жұмысы жан-жақты жүріп жатыр. Мұндай жағдайда мұғалімдер үй аралауға мәжбүр. Бала саны толмаса сынып жабылып қалуы мүмкін. Бұрынғыдай оқушы таңдап отыру қайда, қайта ата-ана мұғалім таңдайтын болған. Ұстаздардың бірі ұзақ жылдық жұмыс өтілін алға тартып, терең тәжірибесіне сендірсе, енді бірі байқаудан топ жарған біліктілігін бұлдап, ұпай жинағысы келеді.
Хош. Әңгіменің әлқиссасын елдегі мектеп­тер санынан бастасақ. Оқу-ағарту министрлігі ақпараттық порталының мәліметіне келсек, елде 7550 мектеп бар. Оның 2753-і шағын жинақ­ты мектеп. Аталған білім ошақтарының 5279-ы ауылдық жерде орналасса, қалаларда 2271-і жұмыс жасайды. Оның ішінде жекеменшік мек­теп саны 400-ден асады. Ел бойынша 3 млн 600 мың оқушы бар. Ал осы мектептерде 366,6 педагог жұмыс істейді. Жаңақорған ауданында барлығы 44 мемлекеттік, 7 жекеменшік мектеп жұмыс жасап тұр.
Мемлекеттік мектепте оқу бағдарламасы тегін. Десе де ата-аналар баланың қабілетін жан-жақты шыңдау үшін қосымша ақы төлеп арнайы курстарға апарып жүр. Мәселен, бас­тауыш сыныпта оқитын оқушылар ағылшын тілін аптасына екі мәрте өтеді, айналдырған екі сағатта баланың белгілі бір деңгейді меңгеріп шығуы қиын. Осыны ескерген ата-ана баланы ақылы негізде қосымша курста оқытуға мәжбүр. Өйтке­ні мектептің рейтингін білікті оқушы айқындай­ды.
Мемлекеттік мектеп пен жеке мектептің білім берудегі арақатынасы алдымен ұстаздардың сапалық құрамына тікелей тәуелді. Бұл тура­лы тәжірибесі толысқан білікті мамандармен тілдесуді жөн көрдік. Солардың қатарында аудан орта­лығындағы №163 мектеп директоры Мұхтар Шалысбаев былай дейді:
– Мемлекеттік мектептер елдегі орта білім алу жасындағыларды түгел қамтитын, бюд­­жет арқылы қаржыландырылатын арнайы меке­ме. Мемлекеттік мектеп оқушыны әлеуметтік жағдайына қарап бөліп-жармай, барлығына бірдей базалық орта білім береді. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары толықтай бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Мәселен, біздің мектепте 1500-ге жуық бала бар. Оларға 183 мұғалім білім беруде. Мектептің негіз­гі ұстанымдары: тегін оқыту, білім берудің әртүрлілігі, инклюзивті оқыту және мемлекеттік стандарттардың сақталуы. Бізде еңбек ете­тін ұстаздардың білім деңгейі тест арқылы таразыланады. Ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздарымыз аз емес. Мектеп қабырғасында түрлі үйірме жұмыс істейді.
Бүгінде жекеменшік мектептер қатары да артып келеді. Айырмашылығы, балалар таңнан кешке дейін бір орында оқиды, үй тапсырмасын орындап кешке бір-ақ босайды. Жұмысбасты ата-ана үшін бұл ыңғайлы болар. Бірақ балаға үздіксіз сабаққа үңіліп, күнұзақ аяқ киімін шешпестен қадағалауда болу психологиялық тұрғыдан ауыр, өсіп келе жатқан ойын баласының еркін шектеу, – дейді ол.
Иә, мектеп басшысының сөзінің жаны бар. 1-сыныптың табалдырығын енді аттаған балаға оңайға түспесі анық. Дегенмен «Балаңды аясаң – аяма» деген ұстанымды қазық еткен келесі азаматтың пікіріне құлақ түріп көрелік:
– Баланың білімді игеруі оның қабілетіне де байланысты. Бірақ ата-ана соған дем бере алуы керек. Меніңше, мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектептің айырмашылығы – уақытты пайдалану тетігінде. Өзіміз мемлекеттік мектепте оқыдық. Бірақ қазіргідей бос уақытымызды гаджетке арнамадық. Қазір баланы ата-ана емес, телефон тәрбиелеп жатыр. Бүгінгі біздің басты жұмысымыз баланы телефоннан алыстату болып тұр. Ол үшін не істеу керек? Түске дейін мектепке барып келген бала түстен кейін телефонға телміреді немесе доп қуады. Баланың гаджеттен не көріп жатқанын біз білмейміз. Қазақ «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар» дейді. Сондықтан баланы құр сандалтпай жекеменшік мектепте оқытқан дұрыс. Түске дейін сабағын оқиды, түстен кейін үй тапсырмасын тиянақтап, арнайы үйірмелерде жаттығады. Ұстаздардың көз алдында бақылауда болады. Тәртіпке бағынған құл болмас. Бала бос уақытында қараусыз қалмай ұстаз алдында тәлім алғаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны Әсем Шораева.
– Жеке мектеп – заман талабы. Әлем елдерінің білім беру жүйесінің тарихын зерттесек, дамыған мемлекеттерде жеке мектеп осыдан бірнеше жыл бұрын қалыптасқан. Бізге ол енді келіп жатыр. Біздің ел де бәсекеге қабілетті мемлекеттермен иық тіресіп, еңсесін тіктеп білім саласының жаңа әдіс-тәсілдерін ендіруде. Осы бағытта көшімізді түзеп, ауданда жеке мектеп қазығын тіктедік. Біз аудандағы алғашқы мектептің бірі болғандықтан бастапқыда түрлі сын айтылды. Ол дұрыс. «Сын түзелмей – мін түзелмейді». Биыл 3-ші оқу жылын аяқтап жатырмыз. Оқушыларымыз өте алғыр, республикалық, халықаралық білім додаларында сайысқа түсіп жүлделі орындармен қуантуда. Қазір мектепте 494 оқушы бар. Оларға 69 жоғары білімді педагог білім беруде. Мұғалімдердің барлығы жаңартылған білім бағдарламасы бойынша біліктілік­тен өткен. Балалардың уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. 5-сыныптан бастап оқушыларды кезеңмен ҰБТ-ға дайындаймыз. Шәкірттерді 8-9 баладан топқа бөліп, ағылшын, математика, орыс тілі сынды маңызды пәндерді қосымша тереңдетіп оқытамыз. Мектеп бір ауысымда оқиды. Балалар түске дейін сабақ оқып, түстен кейін қалаулары бойынша үйірмеге қатысады. Сергіту сәттері болады. Бастауыш сынып оқушыларына арналған тынығу сыныптары бар. Балалар бір мезгіл аяқ киімдерін шешіп тынығады. Үш мезгіл тамақтанады. Алдағы уақытта білім сапасын жоғарылату мақсатында арнайы жобалар бойынша жұмыс жасаймыз, – дейді Өскенбай Жұмаділлә атындағы дарынды балалар мектебінің директоры Айнұр Шакидуллақызы.
Бұл жеке мектеп басшысының пікірі. Ал көп балалы ана Махаббат Әбенова өз ойын былай жеткізді:
– Көп балалы ана ретінде айтарым, ұстаздарға ешқандай өкпеміз жоқ. Менің балаларым жеке мектепте де, мемлекеттік мектепте де оқиды. Ең бастысы, баланың ұстазы мықты болу керек деп ойлаймын. Ұстаздың алдындағы балаға деген сүйіспеншілігі басым болуы керек. Әсіресе, бала бастауыш мектепте өзіне дәріс берген кісіге көп еліктейді. Бастысы – ана мен баланың, ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынас маңызды. Көп ата-ана «жеке мектепке баламды берсем, мәселе шешіледі» деп ойлайды. Олай емес. Мектепті емес, мұғалімді таңдау керек. Ұстаз бен оқушы арасында байланыс жақсы болса, бала білімді болып өседі.

P.S: Иә, қай мектептің болмасын балаға берер мүмкіндігі мол. Өйткені барлығының илегені бір терінің пұшпағы. Қайсысын алсаңыз да елдің ертеңі болатын болашақты тәрбиелеп жатыр. Әр мектептің өзіндік артықшылықтары мен айырмашылықтары бар. Баласын қандай мектепке оқытса да ата-ананың өз еркі. Тегін оқытсаңыз да, ақылы оқытсаңыз да өз болашағыңыз. Оларға жасалған әр игіліктің соңы береке, әрі ардың ісі. Сондықтан үкілеген үмітіміздің білімді болуына қандай жағдай жасасақ та артық емес. Бастысы, ең тиімді инвестиция – білімге құйылған инвестиция екенін естен шығармайық.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
18 мамыр 2024 ж. 310 0