Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ономастика: қазақша жарнама түзеле ме?

Ономастика: қазақша жарнама түзеле ме?


Кент көшелеріндегі кәсіпкерлік нысандардың жарнамалары мен мұндалайды. Заманауи үлгідегі тақтайшалар көздің жауын алып, дүкен табалдырығын қалай аттағаныңды білмей қаласың. Осындайда мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілерін көргенде үнсіз қалу мүмкін бе?!. Тіл маманы ретінде көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымызбен, жарнамадағы қателер тыйылар емес. Осы тұста туған өлкедегі ономастика туралы заңның талаптарына сай келмейтін, орфографиялық қателіктері бар жарнама билбордтарын назарға алып, жауапты тұлғалардың пікірін білдік.


Алдымен, ономастика бойынша жаңа заңға жүгінсек, жарнамадағы орфографиялық қателік үшін жарнама иесіне 10 АЕК-тен 50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. Бір айлық есептік көрсеткіштің қазіргі таңда 2 651 теңге екенін ескерсек, мемлекеттік тілде ғана қателіктер жіберіп жаңылысатын жарнама берушілердің әрекетіне бұл жаза тым жеңіл секілді. Өйткені жарнама берушіге ең көп 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды дегеннің өзінде айыппұл көлемі 132 550 теңгені құрайды екен. Ал қазақ тілін қорлағандар үшін 135 000 теңге болмашы ақша емес пе?! Әйтсе де жарнама берушілер заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі қателіктерге ұрынады екен. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді.
– «Бұрынғыдай емес, кент жұртшылығы көше­дегі жарнамаларға аса мұқият бола бастады. Жарнамаларда ара-тұра қателіктер кездесіп жатады. Біз өз тарапымыздан қателіктерге жол бермеу үшін әр кәсіпкерліктің тақтайшаларына назар аударып келеміз. Халық та қырағы ғой, жарнамадағы қателікті көре сала әлеуметтік желіге салып, жұртшылықтың талқысына салады немесе жауапты органдардың жауабын талап етеді. Бұл өз кезегінде көшедегі қателікке толы жарнамалардың азаюына ықпал ете бастағандай», – дейді «Қазақ тілі» қоғамының Жаңақорған аудандық филлиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев.
Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлар атауы­ның орыс тіліндегі нұсқасы қатесіз жазылады да, мемлекеттік тіл нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан жарнама берушілерге салынатын 135 мың теңге айыппұл аз, – дейді қазақ тілінің жанашырлары.
Алысқа бармай-ақ, кенттің басты көшелеріне көз жүгіртсек, сондағы беделді сауда орталықтары мен белгілі дүкендерде орын алып отырған жарнамалық олқылықтардың басым көпшілігі грамматикалық қателіктерден тұратынын көреміз. Кейде тіпті қазақ тіліндегі аудармаға қарап сөз мағынасын түсінбей жатамыз. Сондай олқылықтарды көргенде кәсіп иелерімен сөзге келіп қалатын кезіміз бар.
Жақында Алматы қаласында болғанымда, қаз-қатар тізілген дүкендерді аралай келіп бірінің сыртындағы жарнаманы оқи бастадым. «Изготовление на заказ. Ремонт. Оценка» деген орысша нұсқасын түсіндім, ал қазақ тіліндегі жазуларға келгенде бірнеше рет оқып, сол күйі «Текшелетін жөндеу» тіркесінің мағынасын еш түсіне алмадым. Журналист ретінде жарқырап тұрған бұл қателік ҚР Тіл туралы заңының 21-бабына сәйкес келмейтінін ескертіп, жақын арада түзетуді талап еттік. Санаулы күн өткенде оң нәтижені көріп қуанып қалдық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жарна­мадағы қателіктерді жою мәселесіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті деп ойлаймын. Бүгiнгi күнде жарнаманың көбi орысшадан қазақшаға аударылатындықтан тiл тазалығын сақтау мақса­тында осы заңға бiр бап енгiзiлсе немесе жарнама толықтай қазақ тiлiнде жазылып, сонан соң басқа тiлге аударылса дегіміз келеді. Сондай-ақ эфирде берілетін жарнаманың пайызы азайтылып, сауат­сыз жарнамаланған тауарлар немесе қызметтерге айыппұл құны арттырылуы керек.

Мақпал МАРҚАБАЙ
20 сәуір 2024 ж. 399 0