№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Төтенше жағдайға дайынбыз ба?

Төтенше жағдайға дайынбыз ба?


Суға түсу маусымында аудан аумағындағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау, елді мекендердің өрт қауіпсіздігін болдырмау, аудан көлемінде су тасқынының алдын алу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Осы мәселелерге байланысты аудан әкімдігінде комиссияның жоспарлы отырысы өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Шәріпбековтің төрағалық етуімен өткен комиссия отырысының мақсаты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою.


– Алдымен суға түсу маусымына дайындық жұмыстары және қауіпсіздік шаралары туралы баяндаманы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров жасады. Соңғы 5 жылда суға кету дерегі бойынша 21 қайғылы жағдай тіркелсе, соның 10-ы жасөспірім. Жыл сайын кем дегенде 1-2 дерек тіркеліп тұрады.
Суда қаза болудың негізгі себебі, бірінші, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген жерлеріне бару, екінші, спирттік ішімдік ішіп суға шомылу, үшінші, балалардың ата-аналарының бақылауынсыз су жағалауларында жүруі, сонымен қатар жастардың жаз айларында табиғатқа шығып демалысын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы соңғы жылдары көптеп орын алуда.
Барлық елді мекендерде судағы қауіпсіздікке байланысты 27 дана билборд орнатылды. Былтыр елді мекендердегі су жағалауларына орнатылған 40 дана ескертпе тақтайшалардың біразы алынып тасталған. Сондай-ақ суға шомылу маусымында әлеуметтік желілерде, газет беттерінде арнайы ескертпелер мен мақалалар жарияланып, кент орталығындағы ЛЭД экран арқылы бейнероликтер көрсетіліп отырады. Аудан көлеміндегі барлық білім беру нысандарында, оқу жылында азаматтық қорғау органы қызметкерлерімен өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді, – деді бөлім бастығы.
Азаматтық қорғау органы қызметкерлері суға шомылу маусымында кент орталығындағы суға шомылуға тыйым салынған орындарға күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Суға шомылуға тыйым салынған орындарда құқық бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі азаматтарға аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тарапынан әкішілік шара қолдануда. Осы орайда, ұсыныстар айтылды. Ескерту тақтайшалары мен билбордтар орнатып, кезекшіліктерді күшейтуді ұйымдастыру, білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік бойынша қосымша сабақтар өткізіп, ата-аналар жиналыстарында тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Кәсіпкерлердің демеушілік есебінен кент, ауылдық округтерден талаптарға сәйкес келетін суға шомылуға арналған жағажайлар ашуды немесе балаларға арналған қаңқалы бассейндер алу жолдарын қарастыруды ұсынды.
Келесі мәселе су тасқынының алдын алу шаралары туралы. Ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап жауған жауын-шашын салдарынан тау беткейдегі қар еріп, соның салдарынан 21-22 наурыз күндері Жаңақорған ауданы, Ақүйік ауылдық округінің аумағындағы «Ақүйік» өзенінде су деңгейі көтерілген.
– Су деңгейін бақылауға алу үшін азаматтық қорғау органы қызметкерлері, Ақүйік ауылдық округінің әкімдігі және ауыл азаматтары 45 адам, 2 арнайы техника тартылып, «Көлтоған» су қоймасының құярлығынан жоғары 600 метр жері қаппен қомдалып, шұғыл түрде төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыдан келген судың көлемі шамамен секундына 15 текше метр көлемінде болды. Келген қарғын суды «Көлтоған» су қоймасына толығымен алу мүмкіндігі болмағандықтан, суды «Жігерлім» қашыртқы каналына және «Шұқырой» табиғи көліне бұру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жоғарыдан келіп жатқан судың көлемі шамамен секундына 1,5-2 текше метр жобасында, «Көлтоған» су қоймасы 100%-ға толған, елді мекенге ешқандай қауіп жоқ, – деді жауапты сала басшысы.
Жайылма ауылдық округіндегі «Жиделі» су қоймасына секундына шамамен 25 текше метр қарғын су келіп, су қоймасы толығымен толып, қалған су қашыртқысы арқылы төменге 3 бағытқа жіберілген. Тау беткейдегі барлық су қоймалары кент, ауылдық округтердің әкімдіктері мен су шаруашылығы мекемесінің тарапынан тұрақты бақылауда деді. Сырдария өзенінен келіп жатқан судың көлемі шамамен секундына 380 текше метрді құрайды, ешқандай қауіп жоқ. Өзен бойында жалпы ұзындығы 54,94 шақырым қорғаныс бөгеттері бар, бөгеттердің жағдайы қанағаттанарлық. Өзен үстіндегі аспалы көпірдің астындағы плиталары сең жүру кезінде және судың салдарынан зақымданған. Бұл жерлердің де қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет.
– Қауіптің алдын алу мақсатында төмендегі жұмыстарды атқаруды ұсынамын: Шатырбай каналынан «Орда Сығанақ» шипажайына өтетін жолдың бойына су өткізу мүмкіндігі жоғары труба салу жолын қарастыруды, «Жігерлім» каналының Жайылма ауылының тұсынан су жырған жерлерін қалпына келтіріп, 600 метр жеріне көтеру жұмыстарын жүргізуді, «Жиделі» су қоймасынан төменге аққан суды «Жігерлім» каналына қарай түсетін арна салу жолдарын қарастыруды және «Жігерлім» каналындағы су деңгейін реттеу мақсатында және елді мекендер мен автожолдарға қауіп төндірмес үшін «Өтеміс» ЖШС-нің карьеріне суды бұру үшін 1-дана шлюз қою жұмыстарын жүргізуді ұсынамын. Сондай-ақ, Жиделі су қоймасынан аққан судың Самара-Шымкент автожолының 1982 шақырымындағы су өткеліне келу жолдарын қарастыру, Жаңақорған-Құттықожа тасжолына салынған су өтетін құбырдың қасына қосымша 2 труба салу жолын қарастыруды да назар алуымыз керек, – деді Б.Омаров.
Елді мекендердің өртке қауіпті маусымға дайындығы туралы Жаңақорған ауданының №14 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Әлімхан Жаппаров пен Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мұхаммеджан Рүстемов хабарлама жасады. Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша барлық хабарламалар тыңдалып, тиісті мекеме басшыларына хаттамалық тапсырма берілді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

13 сәуір 2024 ж. 320 0