Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұлғаны мектеп тәрбиелейді

Тұлғаны мектеп тәрбиелейді


Отыз жылға жуық аудан орталығындағы Низамутдин Илялетдинов атындағы №169 орта мектебінде орыс тілі, әдебиеті пәнінің дәріскері, соның ішінде он сегіз жыл оқу ордасының тәрбие ісін басқарып келе жатқан Сәуле Балтабайқызының бүгінгі күнге дейін өз өмір жолынан түйген шынайы философиясы осындай.

Бұл білім ошағының аудандағы өзге мектептерден елеулі өзгешелігі бар. Ғасырға жуық тарихы бар оқу ошағы о баста таза орыс тілінде білім беретін мектеп болып ашылған. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай аралас мектеп ретінде құрылымданып, мыңнан аса шәкірттер 320 орындық көне ғимаратта үш ауысымда білім алып келді. Өткен оқу жылында 600 орындық жаңа мектепке қоныс аударып, қазақ сыныбында 500, орыс сыныбында 700 бала, барлығы 1200 оқушы білім алады.
Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – Сәуле Балтабайқызын осы мектептегі аға мұғалімдердің қатарында ұстаздық мамандығының ыстық-суығын бастан кешкен, қолынан жүздеген шәкірт ұшырған өз кәсібінің ұстасы ретінде құрметке ие деуге толық негіз бар.
Бір адам – бір тағдыр. Міне, сондықтан ұстазға берер бағамды ең алдымен ата-ана ретінде оның алдынан дәріс алған өз баламның жай-күйімен байланыстырып баяндап берейін: Екі мыңыншы жылдардан кейінгі кезең егемендіктің жемісі әлі кемеліне келіп болмаған, бірақ кеңестік теңгермешілік жүйе толық күйреп, елді әлеуметтік тұрғыда екіге бөлген әділетсіздеу көріністер кәдімгідей айқындала бастаған шақ. Мұның өзі біреудің есін алып, танауына жел үрлеп, жер-көкке тұрғызбаса, біреудің кеудесін басып, етек­тен тартып, қарадай қарым-қабілетін кес-кестеді. Бұл бір тосын құбылыс әлбетте өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер өміріне де әсер етпей қоймаса керек. Әрбірі мейманасы тасыған қатарының түске кірмеген тұрмысты белден кешіп, әке-шешесімен шетел асып, ананы көрдім, мынаны көрдім деп ауыз аштырар әңгімесін тыңдағанда ойы әрнеге кетіп, әбір-жәбір болып қалатыны анық қой. Ал оның жағдайын ата-ана қайдан білсін? Қара­дай тұйықталып, тұңғиыққа түсер жасөспірімге осындай кезде тура жол, жанашыр кеңес ауадай қажет. Өз басым қызым оқитын жоғары сыныпқа Сәуле апайы жетекші болып бекітілгеннен бастап педагогтың жеке басы ұстанымының өзі ұландар тәрбиесіне айрықша әсер еткеніне шынайы куә болғандықтан адам жанын дөп тани білетін ұстаз табиғатының құдіретіне еріксіз басымды иген жайым бар.
Жаңа айттық қой, нарықтық саясат есебі жүйріктің айдарынан жел естіріп, ал түзу сызықтан айнымай дағдыланғанды тығырыққа тіреп қойды да, қарапайым жұрт қалтасында тиын санап жүргенде әлгіндей «ептілердің» еркетотайлары ел-жер асып сайрандап жүрді. Бұған үлкендер үнсіз келіскенмен бала көңіл көндіге ме? Құрбысының аяқ іліктірген жеріне ол неге жете алмайды? Ол үшін кімді кінәлайды? Әрине, ата - ананы. Өздері өзге ұлт өкілдерімен бір қатарда өмір ағысы өзгешелеу өрілген орыс мектебінде оқитын, мүмкін сондықтан ба, талабы да өжеттеу, бетке тура айта салуға бейім оқушы «Каникулда қайда демалдың? деген сауалға құрбысы тәрізді «Анталияда» деп жазғысы келмеді дейсіз бе? Ол арманын ата-анасына айтуға бата алмағанымен олардан да жақын болып кеткен аяулы ұстазынан бүгіп қалмауы заңды. Сонда осы Сәуле апайларының ұл мен қызға айтқан ақылы: «Бүкіл өмірін өздеріңе арнаған ата-аналарыңның жанында қандай бақыттысыңдар. Не кием, не ішемін дейсің, бәрін тауып беріп тұр. Бесіктен белі шықпай жатып күнкөріс қамын мойнына іліп таңнан кешке дейін базарда сауда жасап тұратын балғындарды да көріп жүрмін. Сендердікі не арман? Әрбіріңнің алаңсыз оқып, білім алуларыңа барынша жағдай жасап, күн-түн тыраштанып жүрген ата-аналарыңның маңдай терін қалай ақтаймын деудің орнына өмірлеріңе көңілдерің толмайды. Осының өзі өренің кемдігі, рухани аштықтың әсері. Әдебиетті көп оқыңдар, сонда сендердің жастарыңда-ақ адамзаттық ақыл-ой шеңберінде танылған тұлғалар өмірімен танысасыңдар. Адамды теңестіретін білім. Елдің алдына шығуды армандасаң ақшаны емес, білім алуды ойлан!» дегенді оқушы санасына құйды.
Бала үшін ұстаздың айтқаны бұлжымас заң. Өмірдегі ең бақытты адам болу үшін өзінің маңдай теріне сыйынған бейнетке ғана жалынуды өрендер осылай көкірекке түйді. Сәуле Балтабайқызы алдындағы баланы қашанда болсын қанағатқа, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеуге баса күш салды. Оларды білімгерлікке, өз күші мен қайратына иек артқан намысқойлыққа, туралыққа баулыды. Бір көзіміз жеткен нәрсе, НАҒЫЗ ҰСТАЗ бойындағы бар асыл ұстаным айна-қатесіз шәкірт бойына келіп ұялайды екен. Мұғалімнің барлығы ұстаз емес. Тек алдындағы шәкіртіне алпыс екі тамырынан көктеп өткен жүрек сүйіспеншілігін тарту еткен мейірім иесі ғана ұстаз деген атқа лайық бола алса керек.
Бүгінде көп айтылып жүрген «Баланың тәрбие­сіне мектеп емес, ата-ана жауапты» деп бүкіл жауапкершілікті басқаға аударып, мұғалімді арашалап алғысы келетін әлеуметтің пікірімен сондықтан келіскіміз келмейді. Алдында көзі жәудіреп отырған балаға жүрегі елжіремейтін жан ғана оның тағдырына өзін жауапты сезінбейтіні анық. Өкініштісі, қазір мектептерде ұстаздық сынды қасиетті мамандыққа кездейсоқ келген жандар аз кездеспейді. Мектептің беделіне нұқсан келтіріп, имиджін түсіретін ондай жандар болашақтың да обалын арқалап жүргенін мойындар ма екен?
Мектептің қазақ сыныбында оқып жатқан бала­лардың тәлім-тәрбиесіне жауапты Сәуле Балтабай­қызы сабақтан тыс іс-шаралардың маңызын ерекше бағалайтынын айтады. Бірақ тағылымды шаралардың тек қазақ бөлімінде ғана емес, тұтас мектеп бойынша белсенді ұйымдастырылуына мүдделілік танытып келеді. Өйткені ата-ана баласын орыс мектебіне бергенде білімді орысша алып, келешекте орыс тіліне жетік болып шығуына ықылас танытып отырған болар, бірақ қазақтың баласына біртұтас ұлттық тұрғыда тәрбие берілуі керек.
Өзі орыс сыныбында оқыды, жоғары оқу орнында да сол тілде білім алды. Алғашқы жылдары ана тілінде ойын жеткізудің өзі қиындық тудырғандықтан бас ауыртпағаны рас. Нешеме жылдар қазақ тіліне қажеттілік те болмағанын жасырмайды. Тәуелсіздіктен кейін таңымыз атып, тарихымыз тірілді. Өмір ақиқа­ты сананы жаулаған қасаң идеяларды ығыстырып, егеменді елдің ертеңін жалтақсыз тәрбиелеудің тетігін жасап берді. Ұлт тағдырына қатысты ұлағатты кештер, Алаш арыстарының ақиқатына арналған әдеби жиындарға қатыса жүріп оқушыдан бұрын өзінің көкірегіне жарық сәуле қүйылды. Рухани тұрғыда жаңа сапаға көтерілді. Ана тілінде мақалдап сөйлегенде әлеуметтің әуесін келтірер жетістікті бағындырды. Осы рухты тәрбиені қазақ пен орыс сыныбында оқитын бала бірдей сезіне алуы үшін мектеп тәрбие бағдарламасына түбірлі жаңашылдықтар енгізсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Он бес жыл бұрын ол мүмкін болмағаны анық. Бар қолынан келгені, сол кезде орыс мектептің екінші сыныбында оқып жүрген ұлын қолынан жетелеп әкеп, қазақ сыныбының партасына әкеп отырғызыпты. Сенімін ақтап, барынша ұстамды, тәртіпті болумен қатар мейірімді мінезге бай ержеткен ұлының ата-анасына бір сөз келтірмей, өз жолын тауып жүре алғанына мақтанышын да жасырмады. Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған Елханның мамандығы теолог, қазірде Қорқыт Ата атындағы университеттің магистратурасында білім алып жүр екен.
Кеше-бүгін мектепте тәлімгер Мақпал Сейітова­ның бастамасымен еңбек майталманы Әзия Қыстаубаевамен жоғары сынып оқушыларының кездесуін әңгімелеп берген сұхбаттасымыз оқушыдан бұрын өз әсерін айтып тауыса алар емес.
«Бүкіл өмірі баламен өтетін мұғалімнің мектеппен кіндігі байланып қалғанын осыдан-ақ біліңіз, елге белгілі Әзия апамызбен бірде-бір рет бетпе-бет кездесіп көрмеппін. Бағана балалармен бірге отырып ол кісінің ғажайып болмысына, қарапайымдылығына, сыпайылығына таң-тамаша қалдым. Балауса кезінен таудай жауапкершілікті арқалаған тұлға өмірде жеткен жетістіктерін әңгімелеп беруімен оқушыларға үлкен мотивация сыйлады. Балалардың қойған сұрақтары­на ашық жауап берген жаймашуақ естеліктерімен жүрегімізді сондай жылы әсерге бөледі» дейді ол.
Қазір қоғам осындай кең жүректі жандарға аса зәру. Бір-бірін көре алмайтын, жөнсіз арбасқан, аяқтан шалған күйкі құбылыстардың мектеп қабырғасында ұстазды да қажытып біткен жағдайларды осы мектеп төңірегінде де көп еститіндіктен, кейіпкеріміздің арман-дертін айтпай түсініп тұрмыз. Тұлға болмысынан тектілікті танып, шәкірттеріне үлгі ете білген ол Әзия апайына деген жылы ықыласын «Шіркін, осындай үлкен жүректі жандар мектеп басқарса, «айналайын» деген бір ауыз жылы сөзімен аяғымыз жерге тимей, ұшып жүріп жұмыс жасар едік» деп түйіндеді ойын.
– Ал қазіргі жастар аға буынды қадірлей біле ме? – деген сауал тастадым.
– Бәрі де өмірлік тәрбие-тағылымына байланысты ғой. Тек көпшілік жастардың ақша санап, баюды күйттейтін пейілдерінен шошимын. Мансапқұмарлық басым. Маңдай терлетпей алдындағыны таптап өтіп дәреже иеленгісі келеді. Ал, мұғалім мақсаты – жақсы адам тәрбиелеу, сол жолда нендей амалға бармадық. Сол шәкірттеріміз кезінде түсінбесе де кейін қадірімізді біледі екен. «Сізді ұрсады деп өкпелеуші ек, сөйтсек анамыздан да жақын болған екенсіз ғой. Қазір ешкімнің ісі жоқ, сабақтан қалсаң ақша төлейсің, қарыз жабасың. Жетістікке жетсек қамқор боп сіздердей қуанып, басымыздан ешкім сипамайды. Сіздердің сол мейірімдеріңізді сағындық» деп ауылға келгенінде арнайы соғып тұрады шәкірттеріміз. Ұстаз үшін бұл да мерей, – дейді ол.
Мектеп мазмұны басқаруға да байланысты. Сәуле Жанадилова басшылық ететін қазақ сыныптарында осы он бес жыл көлемінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл жерде сынып жетекшілері деген тұтас тәлімгер­лер корпусының қажырлы еңбегіне айрықша тоқ­талды. Олардың жұмысының бірізді сапалы жүруін ұйымдастыруда «қарағым-шырағым» ғана емес, қатал қадағалау, қатты мінездің де қажет болатын тұстары бар. Соның барлығын меңгерген білім менеджерінің мақсаты – өзі білім алған, кейін киелі қызмет орнына айналған алтын ұя мектебінің мәртебесі ауданда алдыңғы орыннан табылып, алтын белгіні иеленген шәкірттеріміз көп болса екен дейді.
– Қазір мектебімізде ата аналарды қолдау педагогикалық орталығында «Әжелер» мен «Аталар мектебі», «Ағалар мен жеңгелер мектебі» жұмыс істейді. Қазақтың ұлттық киімі, салт-дәстүрі жан-жақты насихатталып келеді., - дейді ол.
Бір сәт кейіпкеріміздің өмір жолына шегініс жасалық. Ол 1988 жылы мектепті бітіріп КазГУ-дің фиолология факультетіне оқуға барған екен, алғашқы жылы жолы болмапты. Аудандық комсомол комитетіне статист болып жұмысқа орналасуы оның өмірінде елеулі із қалдырған кезең болды. Комсомол комитеті бірінші хатшысы Сапан Ерімбетов, екінші хатшысы Ғабит Оспанов, жалынды да жігерлі жастар Роза Нәбуова, Күләйна Сүлейменовалармен бірге қызметтес болған екі жыл оның өмірлік көзқарасын айқындап, тұлға болып қалыптасуына зор септігін тигізіпті. Отбасында ата-ана сенімі өз-өзіне деген талапты одан сайын сайын арттырғанын айтады.
1990 жылы Қызылордадағы Гоголь атындағы пединституттың филология факультетіне оқуға түсті. Тарихшы болам дейтін. Мектептегі әдебиеттен дәріс берген ұстаздары Альбина Яковлевна, Дудина Валентина Михайловна, Тұрсынай Құрбановнаның әсерінен осы пәнге қызығушылығы артты. Бастауышта сабақ берген нағыз ұстаз Ким Лилия Николаевнаның болмысы оның бала кезден кең жүректі, айналаға қайырымды болып қалыптасуына жол ашты. Өз өмірінен пайымдап қараса, кісінің тұлға болып қалыптасуына ең әуелі алғашқы ұстазының орны бөлек. Сондықтан ұстаздарына өмір бойы басын иіп өтуге бар.
Әкесі Балтабай Жанадилов бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған жан, ауданның бірнеше мектептерін басқарды. Осы өзі еңбек етіп жатқан орыс мектебі басшылығында да ол кісінің қолтаңбасы қалды. Қос тілде қатар сауатты сөйлейтін ол принципшілдігімен ерек танылған тұлға. Мектеп директорының бейнесі осындай болу керек дегенге лайық идеал тұлғаларға өзге тұрмақ өз балаларына ерекше талап қоя білер сұстылық та тән болатын.
Бүгін ойлап отырса, әке үмітін ақтады ма, ақтай алмады ма, тек сүйекке сіңген мінезі – өз-өзіне сыни талапты бір сәт төмендетпей, “мен” деп көкірек те кермей, жарамсақ есеппен ешкімге басын да имей, бар ойы, бар мақсаты – елдің баласының көкірегіне сәуле жақсам деген ізгі мұратынан таймай келе жатқан қазақ қызы туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 сәуір 2024 ж. 453 0