Қайтарымсыз грант: 1 476 800 теңгені қалай аламыз?
Бүгінде қолында қос-қос дипломы бар азаматтар да, маман да, қарапайым халық та «жұмыс жоқ» деп қарап отырмай, екі қолға бір күрек табудың амалын күйттейді. Күнкөріс мәселесі қиындай түскен қымбатшылық заманда қол қусырып қарап отырған құрдымға кетері анық. Осы тұста қандай да бір қарекетке көшіп, кәсіпкерлерді қолдау аясында мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грантқа қол жеткізу – жұмыссыздықтан құтылудың бірден-бір жолы. Кәсіп ашып, кәдеге жұмсар ниетіңіз болса, биылғы 1 476 800 теңгені кімдер алатынын, қай бағытқа басымдық берілетінін біле жүріңіз.
Жеке кәсіп бастап біреуді екеу қылуға әрекеттенудің де артықшылықтары бар. Аудан әлеуетін көтеруді айтпағанда, жеке басыңыздың тәуелсіздігі мен мардымды табыс көзін табудың пайдасы орасан. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қайтарымсыз несиелер де қарастырылған. Сәйкесінше, күнделікті табыс көзін табуды көздеп жүргендердің қатары да көбеюде. Дегенмен, қайтарымсыз грант алу үшін бірқатар шарттарды жетік білуіміз керек.
Бизнес-идеяңызды жүзеге асыру мақсатында қайтарымсыз несиеге қол жеткізу үшін, біріншіден, жұмыссыз және соңғы үш жылдан аспаған мерзімде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуыңыз шарт. Өтініш берушілер көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, "қандас" мәртебесі бар адамдар, аз қамтылған отбасы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедекті тәрбиелеуші санатындағы тұлғалардан болуы тиіс. Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификатының үш жылдан аспаған мерзімде болуы да негізгі шарттардың бірі.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз негіздегі несиенің биылғы жылға жоспарланған жалпы сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш негізінде 1 476 800 теңгені құрайды. Оны қатысушылардың 1 рет қана жеңіп алу мүмкіндігі бар. Бизнеске бағытталған идеяңыздың көптің қолдауына ие болғанын қаласаңыз, бизнес жоспарыңыздың тиянақтылығына мән беріп, қандай бағыттарға басымдық берілетінін назарда ұстағаныңыз абзал.
Жалпы, ауданымыз бойынша 2023 жылғы қайтарымсыз несиеден үміт еткендердің елу пайыздан жоғарысы мал шаруашылығы және мал бордақылау кәсібін негізге алып, осы салаға байланысты жеке бизнес жоспарларын ұсынған. Десек те, бұл саланы басты бағытқа алғандардың қатарында қайтарымсыз несиені жеңіп алғандар жоқтың қасы. Бұл кәсібіңіз мақсатты өнім өндіруге мүдделі болуымен маңызды екенін көрсетеді.
Аудан бойынша бизнеске бағытталған биылғы қайтарымсыз несиеге өтініш қабылдау мен оны арнайы комиссия алдында қорғап шығу жұмыстары сәуір мен тамыз айларына жоспарланған. Осы уақыт аралығында үміткерлерді қабылдау екі рет өтеді. Ауданымыздан 160 адам грант иегері бола алады.
Мақсат – грант иегері атанудан бұрын, сол алған қаражатқа лайықты кәсіп бастап, өзін де өзгені де іске баулып, тұрақты жұмыс көзін ашу. Жеке кәсіпкерліктің ілгерілеуіне талап қылудың маңыздылығын естен шығармаған жөн.
Мемлекет тарапынан ұсынылған қайтарымсыз несиенің қайтымы – кәсіпкер тарапынан жүріп тұрған жүйелі жұмыс, сұранысқа ие өнім болуы шарт. Жұмысыңыздың берекетін арттыруға бағытталған ақшаны мақсатсыз жұмсаудың машақаты да жоқ емес. Өткен жылдары грант иеленгендер арасында шағын тігін шеберханасын ашып, жұмыс жүргіземін деп уәде еткен азаматтар тексеріп барған комиссияға бөтен біреудің жабдығын жалға алып көрсетіп, жалған есеп берген жағдайлар кездесті. Сөйтіп, алған қаржыны қайта орнына құюға тура келген. Тағы бір айтарымыз, асығыңыз алшысынан түсіп, жүздің арасында наныңыз жүріп, жеңіп алған грантыңызға уақытылы іс бастау да маңызға ие. Грант иегері атанғаннан кейін межеленген уақытта жеңімпаз тарапынан жауап берілмесе, автоматты түрде күшін жоятынын да айта кетуді жөн санадық.
Кәсіп ашамын деп жеке жұмысыңызды жүргізуді көздесеңіз, оны дамытудың да бірқатар жолдары бар екені белгілі. Бастысы, бұрынғы қателіктерден сабақ алып, бизнес идеяңызды дұрыс жоспарласаңыз болғаны. 2023 жылдың өзінде ауданымыздың 161 тұрғыны грант иегері атанды. Қайтарымсыз несиеден құр қалмай, жеке жұмысыңызды ашып, бренд қалыптастырам десеңіз, жол көрсетер жеке кәсіпкерлер де аз емес. Сөз басында айтқанымыздай, өндіріс орындары көбейсе жұмыс іздеушілердің де арқасынан жүк түскендей болары анық.
Жәмила Ермахан