№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туған жердің текті тұлғасы

Туған жердің текті тұлғасы

Сейсенбі күні Жаңақорған кенті орталығындағы Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сапарбаев Бердібек Машбекұлының 70 жылдығына арналған «Туған жердің текті тұлғасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференция жұмысына Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов модераторлық етті.
Келушілер алдымен мәдениет үйінің фойесіне қойылған Бердібек Сапарбаевтың еңбек жолына арналған тақырыптық көрмені тамашалады. Қайраткер ағаны ұлықтауға арналған конференция жұмысына зиялы қауым өкілдері, алыс-жақын аймақтардан келген үзеңгіліс әріптестері қатысты.
Шараның шымылдығы қайраткер тұлға туралы түсірілген бейнебаянмен ашылды.
Жиын модераторы Н.Байқадамов кіріспе сөзінде түркі жұртының алтын бесігі – Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл толып отырғанын, осынау тарихқа толы шежіре толағай болмысты тұлғалар есімін де тудырғанын, осындай азаматтарды үнемі ел есінде жаңғыртып отыру ұрпақ міндеті екенін айтты.
Солардың бірі «Отан», 1 дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының «Құрметті азаматы» Бердібек Сапарбаевтың ел тәуелсіздігінің орнығуына қосқан ерекше үлесіне тоқталды.
– Елдің өткен жолынан өшпейтін өнеге табу, бүгінгі жиынның мақсаты осы, – деді ол. Бердібек Машбекұлының ел басқарудағы үлгісі туралы кемел басшының тәрбиесін алып, тәжірибесін бойына сіңіргендердің қайраткермен қоштасу сәтіндегі қаралы жиында сөйлеген сөздерінен бірнеше мысалдар келтірді. Әділеттлікті ұстын еткен басқару стилімен әр өңірде әлеуетті ұстын қалыптастырған оған астаналықтар мемлекеттік тұлға деп баға берсе, алматылық зиялы қауым ұлттық тұлға, Түркістанда рухани тұлға, Шығыс Қазақстанда дара тұлға, Таразда тарихи тұлға, Ақтөбеде нар тұлға деген теңеуді меншіктеткен елдің ықыласына көптің назарын бұрып, бұл мысалдар ол кісінің халықтың, ұлттың ұлы екенін дәлелдейтінін дәйектеді.
Ол қарапайым жұмысшыдан үкімет басшысы орынбасарына дейін жолдан өтті, 11 премьер министрмен қызметтес болды. Бүгінде жеті аймақты біріктірген бес облыстың әкімі қызметін абыроймен атқарған Бердібек Сапарбаевтың ел аузында кризис-менедж аталуында талай сын соқпақты бағындыра білген біліктілігі жатқанын, өмірдің мәні – адамның жасампаздыққа, игілікке құштар болуында екенін дәлелдеген оның бүкіл қызметі етектегіні өрге сүйреген қажырлылығымен өзектес екеніне ел назарын бұрды.
Ол кіріспе сөзінде «облыс әкімдерінің эталоны» атанған Бердібек Машбекұлының Қызылорда облысьн аяқтан нық қоюда арнайы экономикалық аймақ құрып, өңір дамуына зор серпін жасаған жұмысына, сондайақ Арал проблемасын шешудегі еңбектеріне де ерекше маңыз берді.
Мемлекеттік деңгейдегі «Парыз», «Нұрлы жол» сынды жобалардың авторы ретіндегі орнын атап өтті. Пандемия кезінде оның ұлт денсаулығына зор ықпал еткен еңбегін де жан-жақты қамтыды.
Алдағы уақытта да қайраткер тұлғаның есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар жалғасатынын, келер жылы Астана төрінде республикалық конференция өтетінін, кітап жазылып, деректі фильм дайындалып жатқанын айтты.
Баяндамашылар қатарында сөз алған ақын, журналист, «Қызылорда қоғамдық телерадио компаниясының» құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов есімі қазақ елінің тәуелсіздік тарихымен біртұтас өрілетін тұлғаның еңбектеріне жан-жақты тоқталды. Ол қазақ көшін шыңға сүйреген қайраткер туралы өзінің жүрегінен шыққан жыр жолдарын да оқып берді.
Келесі сөз «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Бақыт Нұртазаевқа беріліп, ол Бекеңмен үзеңгілес әріптес ретінде еліміздің дамуында кездескен қиындықтарды еңсеру әдіс-тәсілдері жөнінде өзі куә болған естеліктерімен бөлісті.
Одан әрі «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова баяндама жасады. Ол дегдар тұлғаның балалық шағынан бастап азамат болып атқа мінген кезі, қоғам қайраткері ретінде елдің өркендеуіне қосқан айрықша қолтаңбасы жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Биыл көктем қайраткердің 70 жылдық мерейтойында Машбек ауылында өткен облыстық мүшайрада бақ сынаған жас талапкерлердің жазған жыр жолдарынан үзінділер оқып берді.

Одан әрі ҚР Білім беру ісінің үздігі, руханият жанашыры, «Қорасан Ата» қоғамдық қорының төрағасы Асыл Айтжанов баяндама жасады.

Бекеңнің қайраткерлік әлеуетіне тоқталған ол тұлғаның өнегесі мемлекеттік марапаттардан бұрын ел көкейінде қалған жарқын іздерімен мәңгілік екенін айтты. Алдағы уақытта тұлғатану жөніндегі оқу-әдістемелік құралдар жасалып, мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын оқу орындарында Бекең жөнінде насихатталса құба-құп болар еді деген ұсынысын да жеткізді.
Ол Бекеңмен жүзбе-жүз кездесу нәсіп болған Қорасан Ата мавзолейі жанында ізгі жоспарларымен бөліскен дегдар тұлғаның «Алла жазса, мен үшін енді міне, руханият төңірегінде тыңғылықты жұмыс жасаудың сәті туды. Бұл маңды абаттандыру, гүлдендіру керек. Әулие бабаның ғылыми-практикалық конференциясын халықаралық дәрежеде өткізу керек» деп риясыз ойын бөліскен сапар сәтіндегі әңгімесін жұртшылыққа жеткізе отырып, осы ниеттің аяқсыз қалмай жалғасын тауып, қазіргі таңда баба басында күрделі қаражат көлемінде оңдау-абаттандыру жұмыстары жүріп жатқанын ризашылықпен жеткізді.

Келесі кезекте Қызылорда облысының «Құрметті азаматы», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері , Бекеңнің әріптесі болған Алмагүл Божанқызы пікір айту үшін мінберге көтерілді.
– Бекеңнің өмірден өткеніне алты ай болса да қазасына көндіге алмай жүрген жұртшылыққа мына басқосу ол кісінің жарқын бейнесін қаз-қалпында көз алдымызға әкеліп қана қоймай, енді екінші өмірінің басталғанын дәлелдеп бергендей.

Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, биік марапаттардың иесі осыншалықты дәрежеге қалай жетті, күш-қуатты қайдан алды деген сауалға жауап тапқандаймыз, – деген ол қайраткермен өзі қатар қызмет еткен жылдардан естеліктерін айтты.

Конференцияға қатысушылар жиын қорытындысында көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев туралы алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде салмақты шараларды ұйымдастыру жұмыстары белгіленіп отырғанына қанықты. Соның бірі Президент жанындағы мемлекеттік қызметшілер Академиясы жанынан арнайы оқу залы ашылмақ.

Баян Үсейінова

19 желтоқсан 2023 ж. 226 0