№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Нан бағасы тұрақтана ма?

Нан бағасы тұрақтана ма?


Көрші келіншек ерте есік қақты. Бұрынғыдай көршілер күнде араласып-құраласып жатқан күн жоқ, именіп, табалдырықтан әрірек тұрып, «Сізге өтініш болып тұр, 260 теңге бере тұрыңызшы, ертең айлық түскенде әкеп беремін» деген сөзді естігенде расымен абдырап қалдым. Дереу, кері бұрылып 500 теңге алып шықтым. 260 теңге не үшін деген ой маза берер емес, «Екі бөлке нан алайын деп едім» деген сөзді естігенде көңілім құлазып сала берді. Сатып алып жеген нанда береке болмайтыны тағы бар.


Қазір елімізде нан бағасы қымбаттап жатыр. Оған билік те, қарапайым азаматтар да алаңдаулы. Айлықты шайлыққа әзер жеткізіп отырған қарапайым халықтың жай-күйі алаңдатпай қоймайды. Бүгінгі нарықта қымбатшылық белең алып тұр. Әсіресе, халық күнделікті тұтынатын қара нанның қымбаттауы көпшіліктің қалтасына айтарлықтай салмақ салуда. Дүкенге бара қалсаңыз, нан мен тоқаш өнімінің неше атасын кезіктіресіз. Сұлы, жүгері, қарақұмық наны, ашытқымен, ашытқысыз секілді нанның түр-түрі самсап тұр. Осылардың ішінде халық ең көп тұтынатыны – бидай ұнынан жасалған нандардың барлық түрінің де бағасы қымбат. Бидай экспорттайтын аграрлық елдерде ұнның бағасын қымбаттап, нан бағасы тұрақтамай тұрғанын қалай түсінуге болады?
Әуелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бекзат Омаровадан аудандағы наубайханалардың жай-күйі жөнінде білгіміз келді.
– Кенттің өзінде Қорасан ата көшесінде «Хан», «Нұр-Әділ», «Құрманғазы», орталықта «Мөлдір», «Береке», «Ыстық нан» наубайханасы бар. Қаратөбе ауылында 2, Түгіскен ауылында 1, Төменарық ауылында 1, Қыраш ауылында 1 нан пісіретін нысан тіркелген. Үйден пісіріп сататындар да аз емес, – дейді бас маман.
Бұл біздің аудан үшін аз емес. Әлбетте, сұраныс та жоғары. Сонымен кенттегі наубайханалардың барлығына барып, мәселенің мәнісін түсінуге тырыстық. Айталық, «Хан» дүкенінде бөлке 130, дөңгелек нан 140, қара нан 140 теңге екен. Дүкен иесі Әсел Сыбан нанның қымбаттауының себебін былай түсіндірді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер ұн бағасы біршама өсті. Біз ұнды үлкен көлемде алдырамыз, әр уақытта әр түрлі бағамен келеді. Біз барынша қарапайым халыққа қолжетімді бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Ұнның бағасынан бөлек шығын да аз емес. Мысалы, бізде нанды тоқпен пісіреміз. Оның өзіне әжептеуір көп қаражат кетеді. Егер ұн арзан бағамен келсе біз де нан бағасын қуана-қуана арзандатар едік. Оған нарық бағасы дес берер емес, – дейді дүкен иесі.
Нан бағасын төмендетумен еңбекақы да кеміп, жұмысшы таппай қалатын жағдай да көп. Нан пісірушілерді төмен айлықпен ұстап тұру қиын. Осы тұста аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев былай дейді.
– Өздеріңізге белгілі, «Айсара ана» дүкенінде нан бағасы 95 теңге болып тұр. Арнайы опера­тор белгілеп Қызылорда облыстық Байқоң­ыр әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағаны тұрақтандыру қорынан 60 тонна ұн алдық. Бұл жұмысты кәсіпкер Нұржан Қалманова жауапкершілігіне алып, халыққа ұсынып отыр. Ол ұнды ешкім алып сата алмайды, тек жауып қана сатады. Бұл әлеуметтік нан бағасы. Енді, кәсіпкерлік мақсаттағы «Құрманғазы» дүкенінің иесі Дархан Қайруллаев Ресей мемлекетінен 60 тонна жоғары сұрапты арзан бағада ұн әкеліп, отандық 1 сорт ұнымен араластырып 110 теңгеден сатуда. Одан бөлек, ұнды өзге жерлерден таси алмайтын, бірақ наубайханалары бар кәсіпкерлер ұнды осы жерден сатып алғандықтан нанды 130 теңгеден сатып жатыр. Енді 95 теңге мен 130 теңгенің арасында 115 теңге орта баға шығады емес пе? Бізде ауданда нан бағасы 115 теңге деуге болады. Сонымен қатар, ұн бағасы 14500 теңге болып бағасы қымбаттаған еді. Қазіргі уақытта 12000-12500 теңгеге тұрақтандырып отырмыз. «Айсара ана» дүкенінде нан бағасы 95 теңгеден көтерілмейді. Кімге қалай тиімді, қалай қолжетімді, әркім шама-шарқына қарай ала алады, – дейді бөлім басшысы.
Иа, азық-түлік бағасы – әлеуметтік өзекті мәселе. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Күні кеше аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бастаған мониторингтік топ кенттегі бірнеше сауда орындарындағы баға тұрақтылығы мен қамтылуына бақылау жүргізді. Нәтижесінде ауданымыздағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары өзге аудандармен салыстырғанда төмен екендігі анықталыпты. Дей тұрғанымен, мониторинг жүргізу барысында кәсіпкерлерге азық-түлік бағасын шекті бағадан асырмау жөнінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру және Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына сәйкес заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін білдік.
Біз де өз кезегімізде Жаңақорған кентіндегі ірі сауда орталықтарындағы нан бағасын салыстырып көрген едік. «Айсара ана» дүкенінде 95 теңге, «Береке», «Айсара ана» «Ғани», «Қарабура» сауда үйлерінде нан бағасы 135 теңге, «Құрманғазы» дүкені мен «Ыстық нан» дүкендерінде 110 теңге. Ал, халық жиі баратын базардың өзінде нан бағасы 130 теңге. Алайда, аудан әкімі дүкендерді аралаған уақытта сөрелерге арзан бағаны жазып қойып, жауапкершіліктен жалтарған дүкен иелерінің қулығына не дерсіз?
Осы сауда орындарын аралаған уақытта нан бағасы 5-10 теңге қымбаттауы түк емес дегенді алға тартқандар болды. Әйткенмен, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиері анық. Базардағы ең жоғары сортты ұнның бағасы 12500, 14500 мыңнан кем емес. Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтын тұрғындар жала­қы қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түген­деуге кіріседі. Қазақстандық сарапшылардың есептеуінше, азық-түлікке айлықтың 60 пайыздан астамы жұмсалады екен. Ал жыл сайын азық-түлік бағасының өсуін ескерсек, бұл көрсеткіштің көлемі артпаса кеміген жоқ.
Жыл басынан бері солтүстік өңірлерде астық бағасының қымбаттауынан бірінші сортты бидай ұнынан жасалған нан бағасы 4,2 пайыз­ға жоғарылады. Сондай-ақ экспорт үлесінің ұлғаюы нан бағасының қымбаттауына себеп деп болжануда. Нан бағасы – әлеуметтің тұрмыстық көңіл күйіне бірден әсер ететін фактор. Одан бұрын күнделікті өмірдің басты өзегі. Сондық­тан жұрт осы бағытта тыңдырымды тірліктер атқаруды күтіп отыр.
Сыртқа экспорттау мәселесі бағаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазақстандық би­дайдың сапасы жоғары болғандықтан, шет мемлекеттерден сұраныс та жоғары болатын. Бірақ карантиндік шектеулер кезінде отандық ұн өндірушілердің сыртқы нарықтағы орнын басқа экспорттаушы елдер иеленіп үлгерген еді. Бұл біздің ұн өнеркәсібін дағдартып тастады. Әрине, шектеу алынғалы бері ұн экспорты бірте-бірте арта бастады. Алайда бұл жағдайдың өзінде өткен жылғы көрсеткішке қол жеткізу әзірше мүмкін болмай отыр. Негізінен қазақстандық бидай мен ұнды Орталық Азия елдері көп сатып алады. Cоның ішінде Пәкістан, Ауғанстан және Қытайға астық жиі жіберіледі.
Тағы бір айта кететін жайт, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы құрылған болатын. Қазіргі таңда оның құрамында халқының жалпы саны 1,4 миллиардқа жуық 36 ел бар. Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді Бір айта кетерлігі, қазақстандық бидайдың қамырлығы өте жоғары – 28-32 пайызға жетті. Бұл – әлемде ең үздік сапа. Өңірлер бойынша өндірістің ең көп көлемі Қостанай облысына тиесілі. Көшбасшылар үштігіне сондай-ақ Шымкент және Ақмола облысы кіреді. Егер облыс астық өндіруші өңірлердің қатарына жатпайтындығын ескере отырып, қалыптасқан жағдайды оңтайлы шешу үшін тұрақтандыру қоры арқылы астықты қайта өңдеуші кәсіпорын, наубайханаларын арзандатылған ұнмен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданған жағдайда мүмкін нан бағасы арзандап қалар деген көптің үміті басым. Халықтың тілеуі нанның бұдан әрі қымбаттамауы.
Әйтсе де, осындай қиын-қыстау уақытта қарапайым халық қаппен ұн алып, үйден ыстық күлшесін жауып жесе, әлдеқайда қалтаға салмақ салмас еді ғой. Осы ретте айта кетейік, көршілес Қытайдың 1,4 млрд шамасындағы халқы күніне 700 мың тонна астық тұтынса, Грузия бір жыл бойы 255 млн тонна астық тұтынады екен. Ал, Қазақстан жылына орташа 20 млн тонна астық жинайды, оның 8 млн тоннаға жуығы 35 мемлекетке экспортқа шығады. Егер күніне әр адам 0,5 кг астық тұтынса, халқымыз күніне 9 мың тонна астық пайдаланады дегенге саяды. Сенесіз бе, Қытай елінде нан өндірісі мүлде жоқ екен. Яғни, әр отбасы үйінде пісіріп жейді, дүкеннен алу жоқ. Әркім өз үйінде күніне бір рет нанды пісіреді немесе асханалардан сатып алады. Ауылдың халық түгелдей өздерінің үй пештеріне нан жауып алады екен.
Ал, біздің елде ауыл халқы да, қала халқы да түгелдей дүкеннен нан сатып жеуге үйреніп алған. Таңертең жапа-тармағай қыз-келіншектер базар аралап нан алып жатқаны. Нанды сатып алушылар азайса, оның бағасының да арзандары анық. Осы тұста айта кетейік, Дүкен сөрелеріндегі бағасы 130 теңге тұратын нанның салмағына назар аударып көрдіңіз бе? Бір бөлке нанға бір отбасы емес, бір адамның өзі әзер тояды. Еліміздегі әлеуметтік нанның бекітілген сапа стандарты 500 грамм десек, әлбетте бір отбасыға 500 грамдық нан аздық етеді. Келімді-кетімді қонағыңызды қоспағанда әр күні кемінде 2-3 бөлке нан алсаңыз, 390 теңгені сіз тек нан алуға жұмсайсыз. Орта есеппен алғанда бір айда тек нан үшін 11000-12000 мың теңге қаражат жұмсайсыз. Егер, үйден пісірсек ше? Бұл шығын азая ма, әлде керісінше көбейе ме?
Бұл сауалды аудан тұрғындарына қойып көрген едік. Соның бірі көпбалалы ана, зейнеткер Әлия Өсерқызы былай дейді:
– Бұрындары базарда нан көп сатылмайтын. Елдің барлығы үйлерінде қамыр ашытып, нан жабатын. Айына бір рет жалақы түскен уақытта қаппен ұн алып, бір ай бойына нанымызға да, тамағымызға да жарайтын. Кейіннен ұнның бағасы біртіндеп өсе бастады. Бүгінде жоғарғы сұрыпты 50 кг-дық ұнды 14500 теңгеге аламыз. Біздің үйде 6-7 ересек адам, оған қоса демалыстарда келетін немерелерім бар. Солардың барлығына қолдың таба нанын күніне 4-5 –ден пісірем. Бұрын бір қап ұн бір айға жетсе, қазір жетпей қалады. Бірақ үйдің пешке піскен ыстық наны әрі тойымды, әрі сіңімді болатыны рас. Нан – дастархандағы астың үлкені, киелі тағам. Қазақ «қайғысыз қара су мен қара нан да ас болады» деп бекер айтпаған.

ТҮЙІН. Елдегі нан бағасының шарықтауы тоқтамаса, халықтың жайы қиын болары сөзсіз. Алдағы уақытта кәсіпкерлермен екіжақты келісім жасап, нанға тұрақты бағаны бекіту әкімдіктің еншісіндегі жұмыс деп білеміз. Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелер­дің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.

Әсел РЗАЕВА
06 қараша 2023 ж. 265 0