№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Базар бағасына бақылау бар ма?

Базар бағасына бақылау бар ма?


Адам баласының өмір сүруіне күнделікті тұтынатын қарапайым тұрмыстық тауарлар ауадай қажет. Оның ішінде азық-түліктің маңызы басым екені айтпаса да түсінікті. Ал, сол тауар құны шарықтаса, тұрмыстың құты қашары анық. Өкінішке қарай, бүгінде әлеуметтік маңызы бар өнім бағасының өсуі қалыпты жағдайға айналды. Ай немесе апта сайын емес, құн құрғатпай баға құбылып жатыр. Осы орайда, ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай өсуі анықталған.

  Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 17,9%-ға өсіпті. Қарапайым халықтың басым бөлігі орташа есеппен алпыс мың теңге жалақыны қанағат тұтып отырса, екінші бір бөлігі жұмыссыздықтың қамытын киіп отыр. Осындай алмағайып уақытта азық-түлік бағасының қымбаттауы әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері мәлім. Қымбатшылық негізінен халықтың күнделікті тұтынатын тауарларынан-ақ байқалып тұр. Мысалы, бір бөлке нан 130 теңге. Қазір нанның да түр-түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Таба нан 180 теңге, батон 200 теңге, қара нан 220 теңге осылай тізіліп кете береді. Бір отбасына кемінде 2 бөлке нан қажет. Ал, көп балалы отбасыларға 5-6 бөлкенің өзі аздық етуі мүмкін. Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтынын ескерсек, алдағы уақытта ет жемейтін де түріміз бар. Неге десеңіз, ет бағасы аспандап шарықтау шегіне жетіп тұр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2000 теңгеге шығып кетсе, сиыр еті мен қой еті соның о жақ, бұ жағында. Сол сияқты сүт өнімдері де 20-30 пайызға дейін қымбаттаған.

Тауарлар бағасы жалақы, зейнетақы және төменгі күнкөріс деңгейімен қатар өсуде. Статистикаға сүйенсек, халық табысының 60%-ға жуығын тек азық-түлікке жұмсап отыр. Әсіресе, оңтүстік пен батыс өңірлерде жағдай күрделі, айлық шайлықтан аспайды-мыс. Мәселен, Еуропа халқы 20-25%-ды ғана ішіп-жемге жұмсайды екен.

Сенесіз бе, қыркүйек айы мен қазан айының өзінде айтарлықтай айырмашылық бар. Азық-түлік тауарларының бағасы қазан айында 1,2%-ға өсті. Жұмыртқа бағасы 7,5%, күнбағыс майы 4,6%, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы 4,1%, тоқаш және ұн өнімдері 3,8%, жармалар 3,2%, кондитер өнімдері 3,1% жоғарылаған.

2022 жылғы қазан айында азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қазан айымен салыстырғанда 22,2%-ке артқан.
Енді аудандағы бағаны бағамдасақ, бүгінде кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындары аз емес. Оның әрбіріне арнайы бас сұғып, азықтүлік бағасын саралап көрдік. Әсіресе сұйық май, ұн, нан өнімдерінің бағасы расымен де қымбат. Мұны сауда орнында азық-түлік алып жүрген кент тұрғыны Жанар Әбдікерімова жеткізді:
– Міне, 5 литр сұйық майды 4000 теңгеге алып тұрмын. 1 келі құшмекер 600 теңге, бір қап ұн 11500 теңге. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Мына бір жапырақ нанның бағасы 180 теңге. Осыдан-ақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім жоқ қой. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – деп ойын ашық айтты.

Расымен де, қымбатшылық тынысты тарылта берсе, базардың маңы әлеуметтік шиеленісті ошаққа айналуы әбден мүмкін. Осылай бірнеше дүкенді аралап жүргенімізде халықтың ренішін анық байқадық. Әлгі кассаның алдында 5 минут тұрып-ақ, қайтақайта алған затын есептеп, ақшасын есептеп, қалтасындағы қаржының есебіне жете алмай тұрған адам аз емес. Тіпті, қайтадан есептетіп, кейбір алған заттарын кері қайтарып та жатыр. Өйткені, көздеген затына түгел алуды қалтасы түскір көтермейді. Кент тұрғыны Марал Әзімова өз ойын былай жеткізеді:
– Міне, қолымда екі ғана қалта, осыған 20 мың теңге кетті. Ішінде айтарлықтай затта жоқ. Бір пашкі шай 1000, 1500 теңге. Күріш 380-400 теңге, нан ең арзаны 120 теңге, оған менің өзім тоймаймын. Қазір 1000 теңгеге 6 нан алдым. Күнделікті нанға осылай 1000 теңге жұмсаймыз. Сонда айына тек нанның өзіне 30000 мың теңге кетеді екен. Үйде балалар тәтті жегісі келеді. Мына жерде ең арзан кәмпиттің келісі 2000 мың теңге. Осы күні үйімізге қонақ шақырудан қалдық. Екі-үш адамның басын қосқанның өзінде 50 мың теңге кетіп қалады. Қазірдің өзінде үйдің қажеттілігін толықтай ала алмадым. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, сары майдың бағасы қайда барады? Осыданақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар, дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысының арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құны 160 теңгені, ал дүкенде 200 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр. Өзіміздің халық не жесе оны жесін, өзіміз осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін киіп отырғандар, өз еліне бүйректерін бұрмай отырғаны өкінішті.

Мысалы, ұнның қымбаттауы азықтүліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отырғанын және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп топшылайды. Дегенмен, елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында алдыңғы орында тұрмыз.

Әсіресе, сәбилі болған жас отбасылардың, жағдайы алаңдатады. Жаңа туған сәбилерге, көп балалы аналарға Үкімет тарапынан жәрдем көрсетіліп жатқанымен сол балаға керек-жарақтың бәрін қанын шығарып қымбатқа сататын қанағатсыздық шырайымызды шығармасы өкіндіреді. Айталық, 1 дана жөргек 150 теңге, 1 қорабы 10000 мың теңгеден кем емес. Қазір туылған балалардың көпшілігі қосымша сүт ішетіні белгілі. Бір қорап сүттің өзі 350 теңге. Ол бір аптаға ғана жетеді. Сонда 1 айда 4 қорап сүт ішетінін ескерсек, кемінде 14000 теңге құр сүтіне кетеді. Одан бөлек қаншама керек-жарағы бар.

Баға бағамын нарықтың өзі реттейді десек те, баға бас бермес асаудың күйін кешуде. Қарапайым халық әлбетте базардағы саудагерлерді кінәлап жатады. Алайда, саудагерлердің де өз уәжі бар. Яғни, доллардың күннен-күнге өсуін алға тартады. Дей тұрғанмен, отандық өнімдерге доллардың қандай қатысы бар деген заңды сауал көкейде туындайды.

Азық-түлікпен бірдей тұтынатын дəрі-дəрмек бағасы да мың құбылып тұр. Қазір күздің салқындаған уақыты. Көпшілігі жөтеліп, тұмаумен күресіп жатыр. Әсіресе, жас нәрестелер арасында өте көп. Осындай уақытта, дәрінің құны дес берер емес. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын аспиринді 40- 50 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 240- 260 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. «Терафлю» мен «тайлол» 160-170 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы 300-350 теңгенің үстінде. Біз білетін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Айта кететіні, мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты. Әсіресе, балалы үйдің дәрісіз отырмайтынын ескерсек, нан алмасақ та дәрі алуға қаражат жұмсаймыз. Менің жеті айлық балам тұмауратып, көкірегі сырылдап ауырды. Бір-екі күн қойдың майымен сылап, қайта-қайта сұйықтық беріп, барынша жағдайын жасадым. Бірақ, керісінше асқынып барады. Содан дәрігерге көрініп, дәріханаға бардым. Цефазалин 1 данасы 300 теңге, новакайн 180 теңге, виферон свечи 3400 теңгеге қымбаттапты. Басаяғы 16000 теңгеге дәрі алып шықтым. Менің байқағаным егер тұмауратып ауыра қалсаңыз, кемінде қалтаңызда 12- 15 мың теңге болуы тиіс.

Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім. Айта берсек, сауал көп, жауап жоқ…

Әсел Рзаева

09 қараша 2022 ж. 2 196 0