№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім әлеуеті - елдің берекеті

Әкім әлеуеті - елдің берекеті

Жергілікті жерде шешімін табуға тиіс мәселелер өзінің бағыты бойынша жүйелі бағдарын тауып жатса оған ешкімнің дауы болмас еді. Ал олай болмаған жерде бұқараның базынасы басқаша сипат алып, тіпті ауылдың ауызбіршілігіне сына қағатын салдарларға апарып соғарын күнделікті өмірде көріп жүрміз.


  Жергілікті атқарушы биліктің көппен немқұрайлы қарым-қатынасын және білім саласындағы кемшіліктерді сынға алған электораттың талабы ауылдан асып әлеуметтік желіні кезуі белгілі бір дәрежеде бұл бағыттағы іс-қимылдарға баға береді. Сондықтан онда айтылған мәселелердің мән-жайын тарқату үшін тиісті сала басшылары болып Келінтөбе мен Түгіскен ауылдарына бағыт түзеген. Келінтөбе ауылының ежелден орныққан кәсібі бар, әсіресе мал мен егінге ыңғайлы табиғатынан тамып тұрған нәсібі бар, тіпті киелі мекен ретінде орны бөлек тарихи қоныс екенін айта кету орынды. Әкімдердің әр үш айда халық алдында есеп беріп отыруға тиіс қағидасына сай аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлының ауыл халқымен жүздесіп, өңіріміз бойынша алда тұрған жобаларды таныстырып, тиісті сауалдар бойынша өзімен бірге барған сала басшыларына елдің көз алдында тікелей ескертіп, одан әрі ауыл еңбеккерлеріне артылар міндет барысымен де бөлісіп, пікір алмасып оралғаны кеше ғана, сол барған топ қайта сап түзеп, аптап ыстыққа қарамай аталмыш ауылға жедел аттануымызға не себеп боп қалды?

  Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов бастаған арнайы топ, құрамында білім, медицина, аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту басшылығы, БАҚ өкілдері Келінтөбе ауылын бетке алдық. Жалпымызды сарыуайымға салған кененің кесапатынан құтылуда күн-түн көше кезген тиісті тұлғаларға қосымша жүк болған жағдайдың салдарына тоқталсақ, Сыр беткейдегі екі ауылда салалар қызметіне шағым айтушы тұлғалармен жүзбежүз дидарласып, көкейіндегісімен бөлісіп, түйінін тарқату мақсат етілді.

  Хош. Клубқа жиналған елдің ең алдыңғы қатарына жайғасқан жас аналардың сауалы әп дегеннен атаулы әлеуметтік көмектің жайын тарқатты. Оларға жауап берген тиісті сала басшысының орынбасары Серік Өмірбеков құжаттар айдың отыз біріне дейін және онлайн үлгіде қабылданатынын жеткізді. Бұларға ауыл әкіміндегілер неге екенін он бесіне дейін ғана деп шектеу салып қойыпты. Қолында арбаға салып алған баласымен келіп отырған келіншектің ауыл әкімдігіне неше мәрте келгенінде сыпайы жөндем жауап ести алмағанның ақыры ашуызаға апарып тіреп отырғанын көп алдында ауыл әкіміне тікелей талап қойып, тұқыртуға тырысқан жағдайынан -ақ түсінгендей болдық. Содан соң салығын төлемей келгенге айыппұлын белгілеп, ескерту қағазын ұсынудың орнына «АСП-ден алған ақшаңнан салығыңды төлеп кет» деп жәрдемақыға жармасқан салықшы маманның неден жаңылғанын білмедік. Ол қылығы бүгін алдынан шығып, біраз абдыратты. Ал алпыс жастан асқан Гауһар деген апаның айтқанына келсек, екі үй жапсарлас отырған жеті баласы бар үлкен ұлы мен қызының үйі былтыр қараша айында өртеніп кеткен. Солардың жайы жанына батып орнына үй тұрғызуға тыраштанып жүрген ол келінінің өткізген құжаты кері қайтарылғанын ашына жеткізді. Шын мұқтаж отбасыларды нақтылап шешім шығаруға тиіс ауылдағы комиссияның жұмысына да сын айтты. Ол комиссияның жетекшісі, ауыл әкімдігінің заңгерінің үйге кіріп, холодильнигі мен морозильнигіне дейін ашып көрген қылығын қандай заң, қандай әдепке сыйдырарын білмей назаланған ашу-ызасын көптің көзінше төгіп салды. Ал заңгеріміз ауылда атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған 29 отбасының жағдайын зерделеп көру кезінде ол үйге де арнайы соғып, үй иесінің өзінің рұқсатымен бас сұққанын айтып ақталды. Тек бұл жердегі айыбы, баршамызға белгілі болып отырғанындай, жанұя жағдайын саралауда сырттағы мал басы, қора жайы, отбасының жалпы ахуалын көрумен шектелуге тиіс ережеден асып не себепті мұздатқышты... Әкім қаралар қарапайым халықтың әдепті болуына соншалықты мүдделі. Бірақ ол үшін алдымен өздері мемлекеттік қызметтің этикасын көздің қарашығындай сақтаса екіжақты жарасымға сына түспес еді дейсің.

  Осы бағытта жан-жақты түсінік берген ауданның бас идеологы Бектас Балғабайұлы ел арасында үкіметтен берілетін жардемақыға иек сүйеп, жалғандыққа барып, құжат жүзінде ажырасқан отбасылардың да кездесіп отырғанын қынжыла жеткізіп, мұның өзі ұлттық сапалы мінез-дағдымыздан ажырап бара жатқанынымыздың көрінісі, бұған саналы түрде тойтарыс беру ортақ міндетіміз екенін жеткізді.

  Ауылда әрбір отбасының әлеуметтік тұрмыстық деңгейіне қарай мәртебесін бекітуде ашықтық пен жариялы­лықты бекемдейтін Отбасылық цифрлық картасы әзірленіп отырғанын жеткізді. Онда әрбір жеке отбасына тағайындалған әлеуметтің төлемдер жөнінде СМС хабарламасы бойынша нақты ақпарат келіп тұр. Сондықтан бұл бағытта мәселе туындамауы керектігін айтты.

 Келінтөбелік ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын балалары үшін әжетхана мәселесіне алаңдаулы. Мектепте іште пайдаланатын әжетхананың жұмысын тұрақтандыру керек. Тым болмаса сырттағы әжетханананың жағдайын ретке келітіріп, қауіпсіздігін мойнына алады деген мектеп басшысының «Менен бұрынғы алты директордың кезінде көтерілмеген мәселенің маған келгенде ушығып қалуы қалай?» деп жауаптылықтан жалтаруы да жарасып тұрған жоқ. Тіпті туалеттің жайын қозғаған белсенділерді айыптап, сырттан бір адамның білім мекеніне қарыс қадам басуға құқы жоқ деген ренішімен де келіскіміз келмейді. Атаананың білім шаңырағына мұрын тығуға қақысы жоқтығын қайдам, орталықтағы мектептерімізде айлап «Ашық есік» күндерін ұйымдастырып, ата-анаға 45 минут баласының сабағына қатысып, деңгей талабын өз көзімен көріп, көңіл қанықтыруына жағдай жасалып, арнайы журналға пікір жазып кету туралы ұсынылып келеді. Бұл тәртіп мектеп пен ата-ана байланысын нығайта түседі. Бұл екі жақ үшін де тиімді.

  Бүгінде мұғалім мәртебесі көтерілді. Айлық жалақылары артты. Мұғалімнің қалтасы қалыңдаған сайын тұрмыс күйі жоғарылайды, Тіршілік қамытынан босап, шығармашылығы дамып, тәжірибесінің толысуына сеп. Ал керісінше ұстаздықты жан-тәнімен қалап емес, күнкөріс кәсіп деп санайтындар жалақысы артқан сайын даусы қалыңдап, отбасына әмірі күшейіп, әйел ерге бойұсынудан қалып, оқушы тәрбиесін қойып, отбасы жауапкершілігіне жеңіл-желпі қарайтындар қарасы көбейсе атабабадан келе жатқан «Еті менікі, сүйегі сенікі» деген қағида қалайша адыра қалмасын? Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырмын деген ананың үйден оқытылатын баласын мұғалім он бес-ақ минут оқытады деген шағымы да бұл ауылға ғана тән кемшілік дей алмаймыз.

  Келінтөбеліктердің «Дипломмен ауылға бағдарламасына да өкпесі қара қазандай. Бұл жәрдем түрі ауылға жұмыс жасауға келген қажетті деп танылған әлеуметтік сала мамандарына жеткілікті мөлшерде берілсе дейді.
Келесі тақырып кененің төңірегінде өрбіді. Облыста жағдай күрделі.
Кенеден келген кесапат бетін қайтаруда республикалық комиссия да жеңді түрініп жұмыс атқарды. Елді мекендерді аралап, қора-жайларды тексерді. Кенелердің қараңғы аумақта қозғаусыз жатқан заттар астында өсіп-өну қолайлығы жөнінде түсіндірген Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Асқан Отарбеков ауыл тұрғындарын ең бастысы тазалықты сақтауға шақырды. Мал қиының қалдықтарын сыртқа шығарып, малдың астын жиі тазартып отыру керектігін ескертті.

  Жиналыста арнайы сөз алған ардагер ұстаздар жастарға қарата қит еткен кемшілікті әлеуметтік желіге салып жалаулатудың орынсыздығына да тоқталып өтті. Бірі кемшілікті ашық айтып, жөнге қою үшін жариладым деп ақталса, екінші жақ жалған жазбамен бәле жауып, құқымды таптады, мен мұны жай қалдырмаймын, сотқа беремін деп кеуде соғады. Айналып келгенде, екі жақ та бір ауылдың өркендері. Өрісін жайып, өсіп-өніп келе жатқан жас толқын бір-бірімен қырық пышақ болғанда соңынан ерген, тәлімін көрген жеткіншектер қайда барады, нені үлгі етіп алады?

  «Сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма» дейді ғой. Ауылдың мәселесін әр жерде-ақ қолдап, күйіп-пісіп жүрген әр елдің өз едігелері бар, екі шылбыр, бір тізгінді соларға беріп, соңынан ере білсек те адаспаймыз-ау. Мұны келінтөбеліктер де қаперге алғаны дұрыс.

  Адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де таму керек. Осыны басты мақсат еткен қарапайым халық еткен еңбегіне сүйенсе игі.
Басқасы басқа, келіні үлкеннің алдын кесіп өткен елді кесепат жайлардай жандүниемізге салмақ түсерін жасырмаймыз. Елдің өзі сайлап қойған егелері, алдында жүрген ақсақалдарынан артылып келінге дат тиіп, данышпансып кетсе біткен жеріміз осы да. Рас, ол да қоғамның бір мүшесі, оның да конституциялық правосына селкеу түскен тұсын түгендеп, заң үстемдігіне арқа сүйеуге құқы бар. Дейтұрсақ та ата-баба үлгісімен келе жатқан одан да биік, одан да қадірлі арұят үстемдігін ұлық тұтқан әдебімізбен де көштен қалмай, көктеп-көгеріп келе жатқан ел едік, сол мінезімізге мін жұқтырмай, жасы үлкенді алдыға тұтып, алғысын ғана алып жүрсек ұтарымыз көп болар еді дегіміз келеді.

Баян Үсейінова

31 шілде 2023 ж. 141 0