№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жастар беленділігі қандай...

Жастар беленділігі қандай...


Жастар – мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, Тәуелсіздігімізді баянды ететін болғандықтан ел дамуындағы жастардың рөлі әрдайым жоғары бағаланады. Бүгінде, жастардың көпшілігінің жоғарғы оқу орнын, кем дегенде колледж бітіргені жөнінде дипломы бар. Бірақ, сол жас маманның жұмыс таппай, әр есікті бір қағып, ауыл, қала тіпті шетел кезіп кететіні өзекті мәселе. Меңгерген мамандығы бойынша емес, табылған жұмысқа баруға мәжбүр болатындары аз емес. Әсіресе, ұстаздық жолды таңдаған жас маман жұмысқа орналаса алмауы, біліміне де, біліктілігіне де сын болса керек.


Қазірде қоғамда талантты, дарын­ды жастардан гөрі аға-көкені жаға­лап, таныс-тамырдың арқасында жолы болғыштар саны көп дегенді алға тартады. Мәселен, мұғалімдікке үміткер болған Айзада есімді жас маман былай дейді.
– Жақында білім ошағының біріне бос орынға жұмысқа орналасуға тырыстым. Осы уақытқа дейінгі тәжірибем мен жеткен жетістіктерімді тізіп, тиісті ұпай жинадым. Алайда, өзім қалаған жұмысқа орналаса алмадым. Осыдан кейін жаным қалаған мұғалім мамандығына қол жеткізеріме күмән қалыңдап тұр, – деп көңіліндегіні ашық жеткізді. Осы тектес пікірлер аз емес. Содан көпшіліктің көкейіндегі сан сауалға ой жүгіртіп, зерделеп көрдік.
Әуелі білім министрлігінің бекіткен конкурс ережесімен танысып алғанды жөн көрдік. Айталық, мұғалім жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да мәліметтер көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балын дербес қояды. Сонымен қатар, конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балл мен оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады екен.
Дұрыс, бұл әдіс білімді де білікті мамандарды саралауға жол ашатын болар. Әйтсе де, енді ғана оқуын аяқтап келген ұстаз бен тәжірибелі маманның бірге конкурсқа түсуі қаншалықты әділетті? Бұл жағдайда еңбек өтілі жоғары, марапатқа бай тәжірибелі мұғалімнің жоғары ұпай жинары белгілі ғой. Сондықтан жергілікті комиссия мүшелерін емес, осындай трафарет тәсілді ұсынып отырған тиісті министрлікке ренжіген дұрыс-ау. Осы ретте енгізіліп жатқан жаңа ереже жайында конкурсқа қатысқан жас мұғалімдердің де өз айтары бар:
– Жоғарғы оқу орнын аяқтап келгеніме 3 жыл болды. Бірақ, әлі күнге дейін жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Жақында ғана жаңадан ашылған білім ордасына конкурс өтеді дегенді естіп қуандым. Бірақ, конкурс барысында жүйедегі көп қателікке көзім жетті. Менімен бірге 4 үміткер қатысты. Олар өзге мектептерде жұмыс жасайтын тәжірибелі ұстаздар. Байқаудың шарты бойынша, жұмыс өтілі, жетістіктері, білім берген оқушылардың жетістігі сынды көптеген щарттары бар екен. Сол шартқа сәйкес жоғары балл жинаған ұстаз ғана жұмысқа қабылданады. Ал, айтыңызшы, оқуды енді ғана аяқтаған маман мен 15-20 жыл еңбек еткен ұстаздың арасында айырмашылықтың болатыны заңды емес пе? Осылайша үш бірдей жас маман өте алмай қалдық. Ал, жұмысы бола тұра конкурсқа қатысқан мұғалімдер өтіп кетті. Бұл жерде комиссия мүшелерінің дәрменсіздігін қаперге алған жөн. Ол кісілер жәй ғана әрбір критерийге балл қойып, барлығын қосып есептеп, жоғары көрсеткіші барын ғана өткізіп отырды. Бұл әділ саралау емес.
Жас маман Самат Пернебай:
– Атаулы, конкурсқа мен де қатыстық. Меніңше, мұғалімдерді белгілі бір конкурс арқылы жұмысқа қабылдау керек дегенге қарсымын. Әрбір педагог сол мамандықты алған кезде 4 жылдың ішінде білімін шыңдап шығады. Енді сол алған білімді қайтадан тексеру, саралау дұрыс емес деп ойлаймын. Педагог білім алды, оқыды. Енді жұмысқа ешқандай конкурссыз қабылдануы керек. Жұмыс­қа қабылданғаннан кейін белгілі бір уақытқа дейін міндетті түрде келісімшарт жасалады. Сол уақыт аралығында маман өз білімін көрсете білсе, онда ол сол жұмыс орнында қалу керек, – дейді ол.
Сонымен қатар, ауданда қазірдің өзінде қолында дипломы бар, алайда жұмыссыз жүрген мамандар жетерлік. Керек десеңіз, іргеміздегі өңірлерде білім алған жастардың өзі бүгінде жұмыс таппай әлек. Ал ұстаз боламын деп, ауылға келгендер жайлы жақ ашпасақ та болады. Себебі, ауданда мұғалім болудың өзі тіпті қиын.
Дипломды жастардың бірі Майра есімді замандасымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алған. Оқыған саласы бойынша жұмыс істегісі келеді-ақ, алайда оған мүмкіндігі жоқ. Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір ауданда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері көп.
– Мамандығым бойынша мектептерге жұмысқа тұруға болар еді. Алайда ауылда мұғалім көп. Әсіресе, менің мамандығыма жұмыс табу қиын. Бос орын жоқ. Сондықтан, қазіргі таңда жұмыссыз жүрмін. Мен бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Оқушы кезімде орыс, қазақ тілдерін өте жақсы оқыдым. Араға бір жыл салып ауылда қат саналатын орыс тілі мамандығын да меңгеріп, екінші диплом алдым. Сонда да мамандығым бойынша жұмысқа іліге алмай келемін, – дейді қынжыла.
Міне, бір емес, екі дипломды құ­­шақтап, табанынан таусылып, әу­ре-сарсаңға түсіп, жұмыссыздар қа­та­рында жүрген көп жас лаж жоқ, жалдамалы жұмысқа жегілуге мәжбүр. Сонымен қатар, құжаттың пайдаға аспайтынын білгендер жеке кәсіп ашып, ісін дөң­гелентіп жүрсе, енді бірі табыс тауып бала-шағасын асырауға түрлі қалаға жол тартып, бір айлық қызметке орналасады. Әрине ауылдың айналасында болып, өз үйіңнің табал­дырығынан кіріп-шыққанға ештеңе жетпейді. Амал жоқ, жергілікті жерде жұмыс табылмағандықтан сыртқа кетуге тура келеді.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
25 қазан 2023 ж. 439 0