Заң үстемдігі – басты назарда
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екендігін атап өткен болатын. Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Осы орайда Жаңақорған аудандық соты БАҚ өкілінің қатысуымен 2022 жылдың 12 айлық жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Баспасөз конференциясында аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева атқарылған жұмыстарды қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс бойынша саралады. Әр тоқсан сайын және жыл соңында аудандық сот атқарылған жұмысты жүйелеп, баспасөзге сұхбат беріп, жариялылық пен ашықтықты жолға қойған.
– Былтыр ауданда жалпы 1381 іс қаралып, барлығы аяқталды
Оның ішінде азаматтық – 637 іс қаралды. Азаматтық іске – неке бұзу, алимент өндіру, жер дауы, мұра дауы, ақша өндіру, қарыз қайтармау істері жатады. Ал қылмыстық іске ұрлық, алаяқтық, адам өлтіру, жаза тағайындау істері жатады. Аудан бойынша жалпы саны – 43 іс қаралды. Аса ауыр қылмыстық іс облыстық сотта қаралады. Жалпы қылмыстық іс азайған. Өткен жылы 66-іс қаралып, 20 іске азайып отыр, – деді ол. Одан әрі сот төрағасы әкімшілік құқық бұзушылық деректері жөнінде тоқталды. Қоғамдық орында боқтау, былапыт сөз айту, адамның жеке басына тиісу, көлікті мас күйінде басқару мен ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал т/б осы секілді істер бойынша 701 іс қаралғанын айтты.
Қылмыстық істер бойынша 41 адамға қатысты 34 іске үкім шығарылған. Оның ішінде үй қамағына жаза тағайындалған жағдайлар бар екендігін атап өтті.
Есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 4 қылмыстық іске үкім шығарылған. Оның ішінде 2-іс теріс қылық туралы іс түсіп, үкім шығарылған 1-іс бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса , 1-іс бойынша 80 сағат қоғамдық жұмыстарына тартылған, 2-іс бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғандығын мәлімдеді.
Қазіргі қоғамда кәмелетке толған жастан бастап көлік тізгінін қолына алып, темір тұлпарды тізгіндегісі келетіндердің саны күннен күнге артуда. Алайда жол жүру қағидаларының талабына сәйкес жүргізушіге алкогольдік, есірткілік, масаң күйде көлік құралын басқаруға тыйым салынады. Дәл осы масаң күйде көлік тізгіндеу жағдайында ұсталса ескертусіз 15 тәулікке қамалады 7 жылға көлік жүргізу құжатынан айырылады. Ал, екінші рет көлік тізгінінде масаң күйде ұсталған жағдайда кемі алты ай бас бостандығынан айыру жазасы және өмір бойы көлік жүргізу құжатынан айыру жазасына кесіледі. Осы жылы аталған санатта 10 қылмыстық іс қаралып, 10 айыптау үкімі қабылданған. Барлығы да өмір бойы көлік жүргізу құралдарын басқарудан айырыла отырып, 6 айға бас бостандығынан шеттетілген. Сондықтан көлік жүргізушілер Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауы тиіс.
Ұрлық түбі – қорлық демекші , бұл санат бойынша да 7 адам сотталған. Оның ішінде 6 сотталушыға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, 1 іс бойынша Қазақстан Республикасы ҚК- нің 68-бабы қолданылып қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Алаяқтық қылмыстық іс санаты бойынша 6 іс қаралған. Оның 3-еуіне үкім шыққан. 2 іс қысқартылған. 1 іс соттылығы бойынша жолданыпты. Қуантарлығы, биыл мал ұрлығы болмаған. Егер мал ұрлығымен заң бұзушылық жасаса кемі 5 жылға қамауға алынатындығын ескертті. Жалпы осы мерзімде қаралған жоғарыдағы қылмыстық істер бойынша 9 жекеше қаулы шығарылғандығын жеткізді.
Азаматтық істер бойынша – 260 іс қаралып шешім шығарылыпты.
162 іс тоқтатылған. Яғни екі жақ бітімгершілікке келіп, татуласумен аяқталған. Көп тіркелген жағдай, азаматтардың микроқаржы ұйымдарынан несие алу, уақытысында төлемеу, сондай-ақ ажырасу сынды жағдайларға тоқталып екі тараптың талап-арызын қарап, 10 күннің ішінде татуласуы үшін жұмыс жасалғанын айтты. Биыл 153 іс оң нәтижемен, яғни татуласумен аяқталған. Азаматтық істердің 158-і татуласу арқылы аяқталған, ол жалпы аяқталған істердің 24% ын құраған. 119- іс Қазақстан Республикасы «Азаматтық процестік кодексіне» енгізілген жаңа институт «сотқа дейінгі хаттама» бойынша тоқтатылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша: 12 айлық жұмыс қорытындысы төмендегіні көрсетті: 603 әкімшілік іс бойынша жаза қолданып, 98- іс тоқтатылған. 334 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынса, 205 адам әкімшілік қамаққа алынған. 18 адамға арнайы құқықтан айыру, 29 адамға ескерту жасау түріндегі жазалар қолданылған.
Қазіргі таңда аудандық сотта соңғы өзгерістерге сәйкес сот жүйесін жаңғырту аясында тараптарға смартфонға жүктелген «TrueConf» көмегімен қашықтықтан сот отырысына келмей-ақ, бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік беретін «SMART» сот пилоттық жобасымен жақсы нәтижелі жұмыс жасалуда және барлық істер тек аудио-бейне жазбасы (АБЖ) құралына басылып қаралды.
Сот жүйесінің алдына қойылған міндет – заң үстемдігін орнату. Бұл міндетті орындау үшін судьялар шығаратын сот актілері заңды әрі әділ болуы қажет. Судьяның әр қадамы, іс-әрекеті, тыныс-тіршілігі үнемі көпшіліктің назарында.
Ботагөз Маратқызы