Азаматтық істер азаймай тұр
2021 жылдың 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша азаматтық істер, оның ішінде шарт бойынша міндеттемеден туындаған даулар мен неке бұзу биыл шектен шықты. Мәселен, банк заем шарты, қарыз ақшаны қайтаруға байланысты биыл аудандық сотқа арыз жиі түскенін статистикадан көруге болады. Неке бұзудан өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар. Одан бөлек, алты айдың ішінде ауыр қылмыс саны да өсті. Осы мәселелер төңірегінде аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Сот төрағасы әр тоқсан сайын баспасөз конференциясын ұйымдастырып, төл басылымға сұхбат беріп келеді. Бұл жолы Әлия Бердібекқызы алдымен азаматтық істер бойынша кеңінен тоқталды.
– Шыны керек, биыл азаматтық істер күрт көбейді.Жалпы аудандық сотта барлығы – 538 іс қаралып, аяқталды. Оның ішінде: Қылмыстық іс – 34, азаматтық пен әкімшілік іс саны 252-ден тіркелген. Аяқталған 252 азаматтық іске 44 бұйрық шықса, 133-не шешім шығарылды. Тоқтатылған істердің 32-і медиация тәртібімен реттелді. Азаматтық істер бойынша ең көп қаралған мәселе – шарт бойынша міндеттемеден туындаған даулар. Бұл бойынша 163 іс қаралса, неке бұзу бойынша 67 іс қаралды. Сондай-ақ, алимент өндіру де үлкен мәселеге айналды. Кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы талаптар бойынша 44 іс тіркелді, – деді төраға.
Иә, неке бұзу дерегі 6 айда көбейгені көңіл жабырқатады. Сонда айналдырған алты айда 67 неке бұзылды деген сөз. Олардың басым бөлігі жастар екені даусыз, ажырасқан отбасыда отағасы алимент төлеуден жалтару үшін жұбайына қолхат жаздырып алады. Бірақ қанынан жаралған бауыр еті баласына алимент беруге шамасы жете тұра баласынан бас тартып жатқан әкелер көбейген.
Енді қылмыстық істерге кезек берсек. Алты айда 34 іс аяқталып, 27 іс бойынша Үкім шыққан. Сот төрағасының айтуы бойынша биыл мал ұрлығы қайта өсім алып отыр. Бір айта кететіні, мал ұрлығына кешірім берілгенімен, барымташы бәрібір темір торға тоғытылады.
– 188-1 бап бойынша мал ұрлығы биыл қайта көбейді, 5 іс қаралды. Жалпы қылмыстық іс бойынша 35 адам сотталды, оның ішінде бас бостандығынан айыру, яғни абақтыға қамау бойынша 14 іс аяқталды. Ауырлығы орташа қылмыс 7-ге кемісе, ауыр қылмыс саны 25-ке жетті. Аяқталған қылмыстық істердің ең көп қаралған санатына ҚК-нің 346-бабы, көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғаның алкогольді масаң күйде көлік басқаруы тіркелді. Бұл бойынша 5 жүргізушібас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды, – деді Ә.Түбекбаева.
Бірер күн бұрын көлік тізгінін масаң күйде басқарып, апатқа алып келген жастың да оқиғасына куә болдық. Енді әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге кезек берсек. Әкімшілік іс бойынша медиация тәртібі көбірек қолданған. 24 аразданушы медиация тәртібімен келісімге келіпті, бірақ көлік басқару дерегі бойынша айыппұл арқалағандар 126-ға жетті.
– Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты – көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жәбірленушінің мүлкіне зиян келтіру немесе денсаулығына жеңіл зиян келтіру сынды тәртіп бұзушылықтар азаяр емес. Жеке бастың құқықтарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда ұрып соғу бойынша 24 іс тіркелді. Есепті мерзімде сотпен азаматтық істер бойынша 3 жеке ұйғарым, қылмыстық іс бойынша 9, әкімшілік құқық бұзушлық туралы істер бойынша 22 жеке қаулы қабылданды, – деді сот төрағасы.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясында Әлия Түбекбаева 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі жайлы түсіндіре кетті. Оның ішінде әкімшілік сот ісін жүргізу, соттың белсенді ролі, сот бақылауы туралы мәліметтер берді. Жалпы жаңа заң енді мемлекеттік қызметкер мен билік ығына емес, енді тұрғындар тілегіне көбірек құлақ асады. Жеке және заңды тұлғалардың құқығын қорғауға қызмет ететін болады. Нақты айтқанда, бұл заң қарапайым халықтың арызына үн қосып, олардың мүддесін қорғайды. Баспасөз конференциясын қорытындылай келе сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылып жатқанын тілге тиек етті.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ