Жастарымызды жат ағымнан сақтандырайық
Қазақ халқы қай кезде де бауырын паналаған жат жұртты да өзектен теппей, өмірін жалғауына жәрдем көмегін аямаған. Тағдыр тәлкегімен ел аумағына келген этностардың тілі мен ділі, дәстүр-салты ғана емес, діни көзқарасы мен наным сенімі де өзі үшін маңызды. Оған қол сұғу біздің асыл дінімізде де қошталмайды. Сондықтан да біздің елімізде ресми тіркелген дәстүрлі дінді ұстанғандардың құқы заңмен қорғалып отыр.
Балаларымызды теріс ағымдардан сақтандырудың жолы қандай?
Ата-аналар тарапынан дін өкілдеріне қойылатын сұрақтың көпшілігі осы. Біздің бұған беретін жауабымыз – балаларды үй-үйде ұйымдастырылатын беймәлім шараларға жіберуге болмайды. Қазір жер-жерде мешіттер, заңды бекітілген өкілдер бар. Үлкен-кішінің жұма намаздан қалмағаны абзал. Шынайы іліммен қаруланған, мемлекеттік құрылым мазмұнымен қабысатын, конституциялық заңды құрметтейтін шариғат қағидаларын қазық ете алған имамдарымыздың насихаттары ешкімді де адастырмасы кәміл. Діни білім алғысы келетін талапкерлерді өзге қалаға діни оқу орнына жіберетін болсаңыз ол оқу орны жайлы КМДБ-дан толық мағлұмат алып, рұқсаты бар-жоғын анықтап алған жөн.
Діни секталардың тарихы, діни уағызы ойдан шығарылған болса да соған имандай сеніп, соңынан еру, ол сол діндердің идеялық мазмұнының күштілігінен емес, адамдардың діни сауатының таяздығынан.
Біз әрдайыи діни экстремизм, діни терроризм бағытында зерттеу жүргізіп отырамыз. Сонда байқайтынымыз, тыйым салынған діни тақырыптарға желілерде кіріп кететін жастардың көптігін аңғарамыз. Оларды анықтап, жұмыс жасап, теріс мазмұндағы түсініктен арылту бойынша жұмыс жүргіземіз. Менің айтарым, діни экстремизмнің алдын алу үшін ең әуелі осы әлеуметтік желілерге сақ болу керек. Бұл бағытта бізге денсаулық сақтау және ішкі істер саласы қызметкерлері ұдайы көмектесіп отырады.
Қазір жастардың әсіресе «Тик-ток», «В контакте», Инстаграмм» желісінде ақпарат іздеп отырып, түрлі қияли шытырмандарға шатылып жататыны да жасырын емес. Сондықтан жасөспірімдер діни бағытта сауалдар болғанда желіге жүгінбей, өзімізбен тікелей байланысқа шықса, біз оларға қажетті деректерді түгелдей тауып бере аламыз.
Адам жүрегі Алланы еске алумен тынышталады. «Муфтият» КZ»-ке кіріп, ұстаздарды тыңдау керек.
Өзге ағым өкілдерін қалай ажыратуға болады?
Ең бірінші есте сақтайтын нәрсе, қалаға жаңадан келіп, қиналып тұрған жанды олар бірден таниды. Оларға сыпайы көмек көрсету арқылы өздеріне тартып, бауырға көмектесу ләзім деп сенімге кіреді. Қолұшын беріп, көмектесуге дайын тұрады. Сондықтан беймәлім адамдармен жақын жұғысып, тығыз қарым-қатынас орнатудан сақ болған жөн.
Ислам діні – бейбітішілік пен жақсылықтың діні.
Оның шарттарын мүлтіксіз орындау парыз. Бірақ мектеп оқушыларына ең әуелі өздеріне міндет етіп қойылған сабақтарын оқуда мұғалімнің айтқанын қылып, мектеп ережесін орындауы парыз. Кей оқушылар сабақтан қашып, жұма намазына келемін деп әрекеттенеді. Ұстазды алдап, жұмаға келгенде Алла разылығын алу мүмкін емес. Өйткені Алла жалған айтушыларды сүймейді. Әркім өзінің басқарушысына бағынуы керек. Ораза тұту мәселесінде де солай. Денсаулығың жүдетіп, сабақ оқуға кедергі келтірмейтіндей мықты қажырың болмаса, әлсіздікке ұшырап, не сабақты дұрыс оқымай, өзіңнің денсаулығыңа да қиындық келтіретін ауыртпалықтарын байқасаң, онда дімкәс жандарға ораза парыз етілмеген. Өйткені ораза – парыз, денсаулықаманат. Бір-бірімен үйлесіп, үкімді орындау уәжіп.
Жасөспірімдерге айтарымыз, разылықтың үлкені – ата-ананың разылығында. Солардың көңілін шат қылу арқылы есепсіз сауапқа кенелеріңді ұмытпа. Ата-ананың, үлкен кісілердің алғысы мен батасын көп алсаң Алла сізді көтереді. Қай ортада болмасынбіліміңмен емес, алдымен мінезіңмен ұнамдысың.
Еліміз жаңарып, әділетті қоғамға бет алған қазіргі кезеңде діннің потенциалын тиімді пайдалану өмір талабы десе де болғандай. АҚШ-та «Әрбір отбасын шіркеуге айналдырайық» деген ұранның болуы кездейсоқтық болмаса керек. Отбасы – барлық тәрбиенің бастауы. Жергөгінде тазалықпен суарылған бейкүнә болмысқа бөленіп өскен сәби есейгенде елдің қамын жейтін, біреудің ақысына кірмейтін, ақ адал маңдай теріне сүйенген арлы азамат болып өсетініне кепілдік бере аламын. Олай болса, жастарымызды таза жолдан ауытқымайтын адалдыққа тәрбиелеу – ортақ міндетіміз.
Дәулет Орынбасар,
орталық мешіттің
найб имамы