№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Имамдардың мәртебесі айқындалған форум

Имамдардың мәртебесі айқындалған форум


Жақында ғана, Елорда төрінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ-республикалық имамдар форумы өткен болатын. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған республикалық имамдар форумы асыл дініміздің өркен жаюына өзіндік үлесін қосып, имамдардың мәртебесін арттыруға бағытталды. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын ескерсек, бұл алқалы басқосудың айтары мол. Дін саласындағы жұмыстарды оңтайландырып, тиімді жүйе қалыптастырудағы маңызы ұшан-теңіз. Осы тұста, имамдар форумында қабылданған рухани құжаттармен жақынырақ танысу үшін ауданның бас имамы Садулла қажы Омаровты сөзге тарттық.

– Дәстүрлі имамдар форумының қоғам өмірінде алар орны айрықша. Бұл бағытта өткен аптада облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде имамдар форумында қабылданған құжаттарға байланысты Сыр имамдарының алқалы жиналысы болды. Мұнда Діни басқарма қабылдаған «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі мен міндеттері», «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы және «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» кеңінен түсіндірілді. Өңірдің өкіл имамы, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов ІІІ-республикалық имамдар форумының мән-маңызын ортаға салды, – деді Садулла Омаров.
Сонымен қатар, ауданның бас имамы өз сөзінде: «Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы ҚМДБ қабылдаған құжаттар қоғамды тәрбиелеуші құрал ретінде елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, тұрақтылығы мен рухани тұтастығының сақталуына септігін тигізетінін жеткізді» деді.
Садулла Омаровтың айтуынша, жақында ғана қабылданған «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы мен «Діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімі» діни сала жұмысына бірізділік енгізіп, күллі қазақ даласында ортақ құлшылық қағидаларын қалыптастыруға ықпал етпек. Еліміздегі діни лауазымдар жүйесін нақтылап, әр маманның атқаратын қызмет түрін тайға таңба басқандай анық етіп бекіту – игі бастама. Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды екен. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық.
Сонымен қатар, имамдар форумында бекітілген құнды құжаттың бірі имамдардың атқаратын – діни рәсімдерінің тізілімі. Оған 45 діни рәсім кіреді. Олар – сәбиге ат қою, бата беру, сүндет тойдың батасын беру, құрбандық батасын беру, сапар батасын беру, Құран үйрету, азан айту, бес уақыт намазды өткізу, жұма намазын өткізу, тасаттық (истисқа) намазын өткізу, күн тұтылу (кусуф) намазын өткізу. Оған қоса, Рамазан айындағы діни рәсімдерді атқару, ауызашарда Құран оқу мен бата беру, тарауық намазын өткізу, Қадір түнін өткізу, иғтикафты өткізу, Ораза айт намазын өткізу, зекетті түсіндіру және ұйымдастыру, пітір садақасын түсіндіру және ұйымдастыру, садақа әдептерін түсіндіру, ұшырды түсіндіру және ұйымдастыру. Сондай-ақ қажылық рәсімдері, ихрам, арапада тұру, тауап, жамаратта тас ату, сағи жасау, Құрбан айт намазын өткізу, діни неке қию, уағыз айту, пәтуа беру (шығарылған пәтуаны таныстыру), мәуліт оқу кіреді. Және де, дем салу, иман үйіру (талқин), оң жаққа жатқызу, арулау (мәйітті жуу), кебіндеу, жаназа намазы, жерлеу, зиратты тазалау, асқа қатысу, құран бағыштау, мешітке келгендерге Құран оқу, қабір басына барып Құран оқу және хатым-Құран оқу рәсімі кіреді.
Бас имамның айтуынша, бүгінде діни рәсімдерге қатысты кейбір келеңсіз жағдайлар болып жатады. Дін қызметкерлері кейбір рәсімдер имамның қызметіне кірмейді десек те, адамдар түсінбейді, кінәрат тағады. Бұдан бөлек, мешітке қатысты жоқ адамдар діни рәсімдерді атқарып, шариғатты бұра тартып, жұртты шатастырып жүр. Соның салдарынан діни қызметкерлер мен исламға қатысты кереғар пікір қалыптасады.
– Діни рәсімдер тізімдемесі - заманның талабынан, қоғамның сұранысынан туындаған тарихи құжат. 45 тармақты рәсімдерді шектеу деп түсінбеуіміз керек. Әлбетте, діни рәсімдер өте көп. Діни басқарма қоғамға ең керектісін, ең көп орындалатынын алды. Болашақта заман талабына сай, қажеттілікке орай қайта жасақталуы да ықтимал екенін ескергеніміз жөн, – деді Садулла Сүнетуллаұлы.
Түйіндей айтқанда, қазіргі қоғамда дін ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты және рухани тұтастықты сақтауда имамның ролі зор. Рухани дерттің емшілері мен қоғам өмірін үйлесімділікке келтіретін де имамдар. Бұрыс бағыттағы көлденең көк аттының жетегінде кеткен азаматтарды дұрыс арнаға салу, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажыратып беру де имамдардың жауапкершілігінде. Сондықтан да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған құнды құжаттар алдағы уақытта имамдардың атқаратын қызметін айқындап, мәртебесін асқақтатын рухани шамшырақ болары сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ
06 қараша 2019 ж. 620 0