» » Мұғалім беделі - білім сапасының кепілі

Мұғалім беделі - білім сапасының кепілі

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтқандай, мектептегі басты тұлға ұстаз екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады. Осындай білікті ұстаздардың қатарында Көктөбе ауылындағы №89 негізгі мектебінің ұлағатты ұстазы Айнұр Баймбетованың есімін атауға болады.


 – Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мұғалім – үлкен білімнің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың жаршысы. Ұстаз – үлкен құрметке лайық маман иесі. Себебі адам баласы өмірге келгеннен кейін өз орнын өмірден адаспай табу үшін тәрбие мен білімді қажет ететіні сөзсіз. Осы екі ұғымды бала бойына дарыту ұлағатты ұстаздың еншісінде. Сол себепті болашағымызды тәрбиелейтін мұғалім – баланың екінші ата-анасы, жол сілтер ақылшысы. Осы тұста Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген өлең жолдарын еске түсіргеніміз абзал. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғанын көреміз. Ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Мұғалім барлық мамандық иесіне ілім беріп, тәрбиелейтін абзал жан. Содан болса керек-ті «мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың негізі» дейді. Яғни, мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Осы ұстаздық міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Айнұр Баратқызы білікті маман, ұлағатты ұстаз ретінде айналасына сыйлы.
Ол киелі Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік Университетінде математика мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай тәмәмдап, атаулы мектепте 2010 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Өзінің ұстаздық қабілеттілігімен көрінген кейіпкеріміз екі жыл жаратылыстану бірлестігінің жетекшісі әрі 2019 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келеді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, осындай ұлы есімді арқалап жүрген кейіпкеріміз білім беру барысындағы тәжірибесімен де бөлісе кетті.
– Мұғалімнің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру ғой. Сондықтан ата-ана үкілеп өсірген перзентін біздерге сеніп тапсырғанда, оларды өз болашағына қажетті біліммен сусындату басты парызымыз. Бүгінгі балалар өте сезімтал, нәзік, еркеліктері де мол келеді. Олар мұғалімнің жылы жүзді, жайдары мінезді болғанын қалайды. Әрбір сабақты неғұрлым түрлендіріп, көрнекілікті ретімен пайдаланып өткізу жаңа тақырыпты тез қабылдауына оң әсерін тигізеді Өйткені көрнекілік қолданылғанда оқушылардың көру се­зімі іске қосылады. Сондықтан өз басым әр сабақты түрлендіріп өткізуге мейлінше көбірек көңіл бөлемін. Әсіресе оқушылардың тез есептеп, логикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында математикалық өлеңдер мен жұмбақтарды үнемі пайдаланамын. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Осы тұстай айта кетейін, математика пәнінің ерекше мүмкіндіктерінің бірі, оның жеке тұлғаның асыл қасиеттерін қалыптастыру, соның ішінде ой қабілетін жетілдіруге, шығармашылыққа баулуға тигізетін әсері өте жоғары, – дейді ұстаз.
Біз сырласқан ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Мәселен, облыстан «білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін», «Ең білімді педагог», «Шығармашылық педагог – 2021» сынды облыстық, аудандық білім бөлімінің марапаттарымен марапатталған.
– Қазіргі балалар өте ақылды. Ақпаратты тез қабылдап, қорыта алады. Әрі технология тілін жетік меңгеріп үлгеруде. Карантин режиміндегі қашықтықтан оқыту жүйесінде смартфонмен оқуды тез түсініп алды. Қазіргі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Әлем жылдан-жылға алға жылжуда. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Осы ретте білім саласы бірінші кезекте тұрары сөзсіз. Бұрынғыдай емес, бүгінде ұстаз мәртебесі көтеріліп, олардың балаларға барынша сапалы білім беруіне бар жағдай жасалған. Мұғалімдер осы мүмкіндікті пайдаланып, әр баланың бойына сапалы білім дарыту жолында аянбай еңбек етсе деген ниетім бар. Ұстаздың екі қасиеті басқадан ерек болуы керек. Біріншісі – мейірімділік, екіншісі – ізденімпаз болу, – деді ұстаз. Айналасына білім мен тәрбие нәрін сеуіп, адамгершілік нұрын төгетін ұстазға құрмет көрсету кейінгі буын еншісінде. Ең бастысы білімді ұрпақ оқытып, ел үшін қызмет ету жолына тәрбиелей білсе болғаны.
07 мамыр 2023 ж. 372 0