№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тосын жағдайға тосқауыл

Тосын жағдайға тосқауыл

Биылғы қыс қаһарына мініп, ауа райы мен дария деңгейі аудан тұрғындарын алаңдатып қойғаны рас. Дария суына байланысты әр түрлі пікірлер ел арасында үрей тудырып отырғаны да жасырын емес. Осыған байланысты сала мамандарымен тағы да байланысып, нақты мән-жайды анықтап алуды жөн көрдік.


Алдымен дария деңгейіне байланысты жауапты мекемелермен хабарласып, қазіргі ахуалды білдік. – Бүгінгі күні Сырдария өзенінен 616 м³/ сек су өтуде. Келінтөбе магистральды каналының сағасындағы Сырдария өзенінің абсолютті деңгейі 180.960. Жаңақорған ауданы аумағында Сырдария өзен арнасы толық мұздан тазартылған. Су деңгейі бірқалыпты. Қауіп сейілді. Барлық жағдай бақылауда. Ауа температурасы -5 С. «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесі теңгеріміндегі каналдар арқылы төмендегідей су мөлшері алынып жатыр. Атап айтқанда, Келінтөбе МК – 4.0 м³/сек, Сумағар МК – 0.5 м³/сек, Тайпақкөл МК – 2.0 м³/секунд, – деді «Жаңақорғансушар» өндірістік учаске басшысы А.Ахметов.

Жалпы, аудан бойынша барлығы – 6.5 м³/сек су алынуда екен. Аудан көлеміндегі көлшабындықтардың толуы 60- 65 пайызға жетіпті. Қорғаныс бөгеттері қалыпты жағдайда дейді сала мамандары. Сунақата, Күркіреуік каналдары бөгетпен бекітілген. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Демек, қауіптің беті сейілген. Әйтсе де сақтықта қорлық жоқ. Ең бастысы, елдің амандығы.

Елеулі қауіп ауа-арайының күрт құбылуында. Қазір біресе жаңбыр, қар, мұз тайғақ орын алуда. Казгидрометтің мәліметі бойынша 2023 жылдың 09-16 қаңтар күндері аралығында ауа райы -25 градусқа дейін күрт суытуы (тұман, жаңбыр аралас қар, көктайғақ, қатты бұрқасын) күтілуде деп хабарлайды төтенше жағдайлар бөлімі.


– Ауа райының күрт суытуына байланысты, Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі сіздерден төмендегі қауіпсіздік ереже талаптарын сақтауды сұрайды. Бірінші кезекте автокөлігіңізді қысқы дөңгелектермен жабдықтаңыз.

Жеке автокөлігіңізбен облыс аралық жолдарға, яғни ұзақ жолға жалғыз шықпаңыз. Жолға шықпас бұрын автокөлігіңіздің техникалық жағдайына, жанармайының жеткілікті екендігіне көз жеткізіңіз. Азық-түлігіңізді жолға жеткілікті етіп алыңыз. Автокөлікте болуы қажет құралдар, қосалқы бөлшектер және дәрі-дәрмектер қобдишасын тиісті мөлшерде толықтырыңыз. Автокөлікте ұялы телефоныңызды қуаттайтын құрылғы үнемі болуын қамтамасыз етіңіз. Жолға шықпас бұрын «112» ұялы телефоныңызға келетін ауа-райының мәліметіне аса назар аударыңыз, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров.

Сондай-ақ, сала бастығы дабылды ескерту келген жағдайда, ауа райының қолайсыз күні автокөлікпен ұзақ жолға шықпауды ескертеді. Ал, аң аулауға немесе мал іздеуге шығатын болсаңыз да сақтық керек. Қай жаққа, немен және қашан шығатыныңызды жақындарыңызға, туыстарыңызға, сіз баратын жақын адамдарға ескертіңіз. Межелі жерге жеткеннен кейін үйдегілерге хабар беріңіз. Ең бастысы, қарлы боранда жолда қалып қойсаңыз үрейге бой алдырмаңыз.

Егерде төтенше жағдайларға тап болсаңыз «101», «112» және «102» нөмерлеріне телефон шалып тұрған жеріңді және қандай көмек қажеттігі жөнінде хабарлауыңыз қажет деп ескертеді. Иә, апат айтып келмейді, тосын жағдайға тосқауыл қашан да керек-ақ. Ол үшін арнайы мамандардың ескертуіне құлақ асқан жөн.

Ал, дария суына байланысты үрей туғызбауға шақырады. Әйтпесе, төрттүлігімен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға мал шығыны қажет емес. Қалғанын уақыт көрсетеді, десе де, ерте көктемге дейін су айдыны мамандардың қатаң бақылауында болары анық.

Ә.Жарықбаев

10 қаңтар 2023 ж. 415 0