Ұстаздың жары
Бүгін жасы жетпістің бесеуіне толып отырған ел анасы Ханым апамыз он жеті жасынан бастап қол ұстасып, жарық өмірдің қызығын да, шыжығын да бір көреміз деп серттескен ері Базарбайдың өзі болмаса да көзіндей ұл-қыздарының ортасында мерейтойын тойлағалы отыр. Базарбай Жаманқұловтың кім екенін Жаңақорған жұртшылығына таныстырып жатудың қажеті жоқ, ол кісі ұстаз ғана емес, ғалым, өзінің терең біліктілік, бойға біткен ерек дарынымен қоғам өміріндегі өзгерістердің алдында жүріп, кейінгі толқынға жөн-жоба көрсете білген кісі.
Төменарық ауылындағы ағаның қарашаңырағында отын маздатып, немерелер қызығына бөленіп отырған Ханым апаға арнайы жолығып, сыр тарқатқандағы ойымыз, бақытты ғұмыр сүрген жұбайлардың жарасымдылық өмірдің кіілтін кейінгілерге өнеге еткіміз келді.
– Базекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың математика факультетін бітіріп, біз тұратын Шиелі ауданының Еңбекші ауылындағы мектепке үш жылдық жолдамамен жұмысқа келді, – деп бастады Ханым апа әңгімесін. Менің мектеп бітіріп жатқан кезім, екеумізді тағдыр табыстырған шығар, бір көргеннен көңіліміз жарасты, – дейді. Сөйтіп мәңгілікке қол ұстасып, бір болуға серттесіпті.
Бұдан алпыс үш жылын бұрын қос ғашық бас қосқанда ырғалтып-жырғалтып той жасайтын кез емес, ел тұрмысының енді аяқтан тұрып жатқан кезі, қатықсыз қара көжені талғажау қылса да қабақтары жадыраңқы, өмірлеріне риза еді. Иш-щай деспей жарты ғасыр өмір сүріпті. Құдай қосқан қосағы бір кездері есесі кеткен осы кемдіктің орнын толтырудың есебіне келгенде «Ертең, құдайқаласа, екеуміздің бас қосқанымыздың елу жылдығында саусағыңа жарқыратып жүзік тағып, төрімнің тағында қатар отырып, бір тойлармыз-ау» дейтін. Ол арманына жете алмады, елу жылға бір жыл жетпей жан жары бақи дүниеге озып кете барды.
Ауыл мектебінде мұғалім, одан әрі оқу ісі жөніндегі меңгеруші болып қызмет атқарған жігіт қалыңдық осы елден бұйырып, үйлі-жайлы болғаннан кейін ата-анасының жайымен Төменарыққа жақындап, сол кездегі кеншардың «Коммунизм» бөлімшесіндегі №162 мектепке мұғалім болып орналасады. Ол бұл мектепке келген соң да өзінің қосымша қоғамдық қызметі – көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына жетекшілік етіпті. Ауыл мектебінің өнерпаздарынан оркестр ұйымдастырып, республикада өткен байқауда ансамбль мүшесі Салтанат Сейілқызының жүлдегер болып оралғаны ұмытылмайтын жетістік еді.
Жақсы ұйымдастырушылық қызметімен көзге түскен бұл азамат №193 Байкенже ауылындағы мектепке жіберіліп, онда жеті жыл қызмет атқарыпты. Туған ауылы – Төменарықта жаңадан сегізжылдық мектеп ашылғанда соның директорлығына тағайындалды. Ол мектепті орта мектепке айналдыруда қыруар жұмыстар атқарыпты. Базарбай Жаманқұловтың осы аталған №223 мектепті облыста алдыңғы қатарлы білім ұясына айналдырудағы ізденісті еңбектері ел аузында әлі де айтылады.
Мектептің білім беру саласындағы іс-тәжірибесі, көрсеткіштері жоғары бағаланып, «Облыстың таңдаулы мектебі» дипломымен, «Шығармашыл мектеп», «Жылдың таңдаулы мектебі», республикалық «Үздік сабақ байқауының жүлдегері» дипломымен марапатталыпты. ҚР Халық ағарту саласының үздігі төсбелгісіне ие болған.
Ол кісінің тәрбиесін алған қызметкерлер қатарында бүгінде зейнеткер Айсұлу Оспанова былай дейді: «Базарбай аға әрбір жас ұстазға білмегенін үйретуден жалықпай, сол жасты болашақта кәсіби маман етіп шығаруға барын салатын. Ешуақытта дауыс көтеру, қызметтік дәрежесін пайдалану ол кісіде әсте бооған емес. Осындай ұстаздың керемет мектебінен өткенімді өзіме бақыт санаймын.
Менің пікірім, өзі негізін қалаған, ұзақ жыл тер төгіп, республикаға танымал еткен ауылдағы №223 мектебіне осы кісінің есімі неге берілмейді? Осыны жергілікті басшылық қаперге алып, жанды жұмыс болса дейміз».
Бұл мәселе жөнінде Ханым апамыз ауыл басшылығын құлағдар етіп келеді. Енді Төменарық халқы болып осы ниет іске асып жатса нұр үстіне нұр.
Ол кісі баянда, домбырада жақсы ойнаса, Ханым апаның халық әндерін сызылта орындайтын әдемі дауысы бар, жұптасып шырқағанда ел таңырқайтын ұқсайды. Бұл туралы: «Ескендір Хасанғалиевтің «Ескірмейтін махаббат» деген әні осы біздің терең сүйіспеншілігімізді дөп басқан сырлы бояуымен көңіліме ыстық. Махаббат деген күйдім-сүйдім емес, не қиындықты да бірге жеңуге серттесіп, қатал өмірдің ағысына қарсы тұра білу, ең бастысы, бір-біріңді түсіну екен. Арман-қалауын айтқызбай-ақ қабағынан танып, жарты ғасыр қызметіне жарағанымды көңіліме тоқ санаймын. Түзде жүрген ер адамның үйдегі бар міндетін қоса атқарып, бала тәрбиесімен басы бүтін өзім айналысып, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасадым. Міне, сондықтан да ол кісі ұстаздықтан бөлек ел руханиятына қыруар үлес қосып кетті» – дейді апамыз.
Десе дегендей, Жаманқұлов Базарбай ағаның мерзімді басылымдарда философиялық пайым-парасатқа толы ой-тұжырымдары жиі жарияланып тұрды. Мамандығы математика пәнінің мұғалімі болғанымен неше жылдық тәжірибесін негізге ала отырып, ата-бабамыздың қалдырып кеткен ұлттық құндылықтарын озық елдерден алған тәжірибемен байытып, тәрбие жүйесін қайта қарастырып, жүйелі практикалық формаға келтіру бағытында көп ізденісті мақалалар жазды. Газеттің тұтас бетін айқара алып жататаын Базарбай ағайдың бір мақаласының өзі ғылыми диссертациялық еңбектің жүгін көтере алуымен маңызды-тын. Түрлі тақырыпты қозғады. Қазір ойлап қарасақ, ол өзі өмір сүрген қоғамнан он-жиырма жылға ілгері озық ой топшылауларымен биік тұр екен. Соның негізгі түйініне келсек, сана тазармай бізді қоршаған әлем тазармайды дегенге саятын.
Базарбай Жаманқұлов өмірінің соңына дейін жантану ғылымын терең зерделеген кісі. Ол кісінің редакциямызға соңғы келгенде берген сұхбатында : «Физикалық әлем – асқақ сезімнің, қиялдың әлемі. Өйткені біздің физикалық денеміз адам санасы мен тіршілік санасының біріккен көрінісі. Шын әлем біздің психикалық әлеміміз. Жер бетіне ядролық соғыс, экологиялық апаттар ғана емес, адамның жарымжан санасы да қауіпті, өйткені негізінен материалистік санамен өмір сүретін адамзат рухани құндылықтарды мойындамайды. Үшінші мыңжылдықта ғылым, адамгершілік, имандылық құндылықтары ғылымиланған жағдайда ғана адамзат өз мәнін түсініп, өзін-өзі тануға қабілетті болмақ. Ми қызметі адам үшін маңызды. Физикалық әлемдегі өмір қамымыз үшін сол жақ бөлігімен (логика) ойланамыз. Мидың оң жақ бөлігі арқылы рухани кеңістікке жол тапқан адамдар да жоқ емес, бірақ өте сирек. Сала ғалымдары тек логикамен өмір сүру әлсіздік дейді. Адамдардың үнемі бір-бірінен қорқып жүруі, бір-бірін сенбеуі жалғыздықта күйзелуі жетілудің, толыққанды адамдықтың көрінісі емес. Физикалық әлемге бой ұрған әлсііздіктің белгісі. Адам оң жақ ми бөлігін іске қосқанда ғана толыққанды адам дәрежесіне көтеріледі. Осы жерде біздің ата-бабаларымыздың оң мен сол туралы айтқандары ойға оралады. Олар «Оң қабағым тартты», «өзі бір оңды жан екен», «оң болсын», «оң мен солын танитын жасқа жетіп қалды», «айы оңынан туыпты», «сол жағыңмен тұрғандай ашулысың ғой», тағы осылай тізбектей беруге болады. Жазуды да оң қолымызбен жазып, асты оң қолымызбен алатынымыз, босағаны оң аяғымызбен аттап, кіретініміз дала философиясының озықтығынан хабар береді.
Біз күнделікті өмірде интуицияны қолданамыз. Оның қазақша баламасы – түкпіргі сана. Адамзаттың қалыпты санасы сол санадан өрбитін сөз құдіреті аоқылы белгілі бір материяға бағытталса онда оның физикалық құрамын өзгерте алады. Бұған бата беру, тасаттық жасау, тағы сол сияқты әрекеттерді атауға болады, – деген болатын.
Мұғалім өзін-өзі қалай жетілдіру керек? Әрбір ұстаз құндылықтарды сабақта қалай пайдаланады? Осы жөнінде ізденумен өткен ұстаз Абай айтқан «Баланы ең әуелі мейір шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы болуға – еңбекке баулу қажет» деген өсиетті іс жүзіне асыруға тырысты. «Кешірім сұрау – бақыттың баспалдағы. Адам қателікті кешірсе екі есе сұлу». Осы қағиданы қастер тұтқан ұстаздың жарынан Базекеңнің әке ретіндегі қадір-қасиетінің қандай болғанын айтып беруін өтіндік.
– Ол еш уақытта балаларға дауыс көтеріп сөйлеген емес. Тәрбиенің барлығын өз өнегесімен көрсетті. Үйге қамығып келген жанның жадырап шығуына бар қолынан келгенінше жағдай жасауға тырысты. Мектепке кадр қабылдағанда барынша жоқ-жітік, жетім-жесірдің мұң-мұқтажын бірінші кезекке қойды. Пара алу дегенді өмірінде білмеді. Өзімен иститутта бірге оқыған құрдасы Әбдіжәлел Бәкірдің «Неше жыл директорсың, әлі ескі үйде отырсың» деп әзілдегені бар. Бұл үйдің бақыты байлықта емес, басқада, қолынан келсе адамдарға жақсылық жасап, қуанта алса Базекең соған екі есе қуанып, бойына қуат даритынын мен жақсы білетінмін. Сондықтан мен де ананы тап, мынаны жеткізіп бер деп мазасын алған емеспін, - дейді аға шаңырағының шырақшысы.
Бұл кісі Социалистік еңбек ері Ұлбала Алтайбаеваның сіңлісі болады екен. Әкесі Ілияс Алтайбаев «Еңбекші» колзозының негізін қалап, төрағасы болған. Қазір ол кісінің атында ауылда көше бар екен.
Ханым апамыз он бір құрсақ көтеріп, соның тоғызы есен-сау ер жетті. Қазір кенже ұл – Шыңғыстың қолында тұрып жатыр екен.
Ханым апа ерінің ел-жұрты арасында сөзі өтімді, беделді болғанын айтады. Бұған мынадай мысал келтірді. «Бір күні түнде жүрегі ауырып, дәрі қабылдап демалуға жатқаны сол, біреулер терезені ұрып тұр. Ауылдағы ағайындардың бірінің үйіне келін түсіпті. Қыз келіскен соң алып қашып келгенге ұқсайды. Бірақ қалыңмалы дайын болмай қыз жақ қайтып алып кетпекке бекініп отыр екен. Соған Базекең барып, екі жақты бітістірсе дейді. Жағдайына қарамай үйден шығып кеткен. Барлығы ың-шыңсыз біткенін айтып келді. Өйткені қыз жақтың әке-шешесі Базекеңнің өзі келген соң меселін жыға алмай, келісімге келдік депті. Бұл кісіні көпшілік осылай сыйлайтын. Өйткені ауылдағылардың басым көпшілігінің қадірменді ұстазы, жақыны, жанашыры еді ол. Сондықтан көп жерде болысып, ауыл басшыларына да айтқанын өткізіп, қарапайым еңбек адамдарының сөзін сөйлеп, мерейін көтеруге барын саоып жүретін, – дейді жан жары.
Екеуінен тараған ұл-қыздарынан тұңғыштары Гүлнар орыс тілі әдебиеті мұғалімі, Гүлмирасы да мұғалім, ұлдары Жүсіпназар еңбек және денешынықтырудан сабақ берсе, Абайы тарих пәні мұғалімі. Бауыржан су шаруашылық мекемесінде, Айгүл бастауыш мектеп мұғалімі, Айша аудандық емханада медбике, Шыңғыс жеке кәсіппен айналысса, Айгерімі ауыл ауруханасында медқызметкер екен.
Ағаның жолын қуған немересі Мағжанның жоғары оқу орнының математика факультетінің түлегі екенін айтты.
Ұстаздар әулеті деген атқа лайық Жаманқұловтар отбасы бүгінде елге сыйлы.
Баян ҮСЕЙІНОВ