№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ РАХМАН КУКЕЕВ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ РАХМАН КУКЕЕВ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


«Өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білуге тиіспіз» деп Мемлекет басшысының халық алдына қойып отырған талабы мызғымас елдігімізді қалыптастыруда тарихи оқиғалар мен маңызды тұлғаларға шынайы баға беруді міндеттейді.
Мәртебелі мамандықты меңгеріп, елдің ықыласын егеленген шипагер Сейтмұратов Жұмабек ағамыз өзінің ең алғашқы ұстазы – Рахман Кукеев туралы былай деп сыр шертеді: «Өмірімізде бірінші рет ұямыздан ұзап шығып, ауыл адамдары асарлап салған мектеп үйінің ұзынша дәлізіне қатарласып сапқа тізілдік. Ең алғаш бізді жылышыраймен қарсы алып, класымызға жетелеп енгізіп, шәкірттерін 1 ден 4 сыныпқа дейін бөлек-бөлек отырғызып, сабақ жүргізген – Рахман ағайымыздың түр-тұлғасы, болмыс-бітімі айрықша әсер етіп, сәби жүрекке берік ұялағаны сонша мектеп деген ұғымды Рахман ағай деп, ал Рахман ағай мектептің өзі болып елестейтін. Екеуі бір-бірінен ажырағысыз асқақ ұғым сынды. Бір күні ауыл шетіндегі ағайдың үйіне мені жүгіртіп жіберді. Ұстазымның отбасымен дастархан басында отырған үстінен түстім. «Мәссаған, деймін іштей, ағай деген де тамақ ішеді екен ғой». Ұстазын қарапайым пенделік қалыпқа қимаған қарадомалақтың бала қиялы қайда жатыр. Тек Жұмабек ағай ғана ма екен, біз бәріміз де солай ойлайтынбыз. Сабақ біткен соң шәкірттерімен жылы қоштасып, орнында қала берер, ал ертесіне мектепке келгенде қақпа алдында етегіне оратылған балақандарды басынан сипап күліп қарсы алып тұрар ұстаз жаны не деген асыл, не деген ұлық еді. Содан соң оларды мектеппен туып, мектептен жаралған, ішпейтін, жемейтін, мәңгі жас, мәңгі қартаймайтын ғажайып тұлға деп түйген періште көңілде жазық жоқ.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Рахман Кукеев 26 разъезде ең алғаш ашылған №86 теміржолға қарасты бастауыш мектептің негізін қалаған кісі. Ол кісінің оқытқан шәкірттері некен-саяқ болса да ел ішінде бар, өз естеліктерін бөлісіп отыр.
Рахман Кукеев 1918 жылы 12 желтоқсанда Жаңақорған ауданы 27 разъезде дүниеге келді. Анасы Несібелі ол бір жасқа толар толмас бақиға аттанса, әкесі Көкей бар болғаны 43 жасында көз жұмды. Еті тірі тастүлек еңсесін түсірмеуге тырысып, бала да болса бар тауқыметті талабымен жеңді. 1930 жылы Жаңақорғандағы орта мектепке қабылданып, үздік оқыды. Мектептен соң, Қызылорда қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын арнайы оқу орнын тәмамдап, ұстаздық жолын Қосүйеңкінің бастауыш мектебінде бастады. Бір жылдан соң Бірлік ауылындағы мектепке жіберіледі.
1938 жылы шілде айында әскер қатарына шақырылады. Алдымен Калининск әскери округінің запастағы 86-шы атқыштар полкының курсанты, 1939 жылдың қарашасынан 1940 жылдың ақпанына дейін Фин соғысында Қызыл армия қатарында, 1940 жылдың ақпанынан бастап Свердловск әскери училищесінің курсанты, 1941 жылғы тамыз айынан бастап Оңтүстік-Батыс майданында 69-шы атқыштар полкының взвод командирі, 1942 жылдың 3 наурызынан 20 мамырға дейін запастағы 69-шы атқыштар полкының рота командирі орынбасары, одан соң 82-ші Сталинград дивизиясы 244-ші атқыштар полкының рота командирі болады.
Майдан шебінде жарақаттануына байланысты Мангитогорск қаласындағы №2191 эвакуациялық госпиталінде емделіп, сырқаттылығына байланысты әскер қатарынан босатылады. Бұл деректемелермен өзінің қолымен сол кездегі тәртіп бойынша орыс тілінде жазылған нұсқасында егжей-тегжейлі таныстық.
1941 жылдың қыркүйек айынан 1943 жылдың қыркүйек айына дейін қолына қару алып жау басқыншыларымен соғысқан мұғалім жігіттің соғыстан оралған соң жазған естелігінде: «Ауылда жүргенде мал соймақ түгілі, тышқан мұрнын қанатып көрмеген басым қаптаған өліктің ішінде қалай төзіп, тірі қалғаныма таңмын. Адам жаны сіріленіп кетеді екен. Соғыста тірі қалу үшін сен оны өлтірмесең ол сені өлтіреді. Соғыс заңы осылай екен» деп көкірегін керген шеменін сырлы шежіре етіп тарқатады. «Германияны жеңгені үшін» медалі оның сол кездегі ерлігіне берілген баға.
Елге оралған соң 26 разъезде ашылған №86 теміржол мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан жігіт бұдан былай «Ауыл мұғалімі» атанады. Бір өзі төрт сыныпты қатар оқытып, елдің баласының білімге көзін ашады. Жас ұрпақты сауаттандырып қана қоймай оларды ұлтының келешегі болар ұяты мол, ары таза, намысы биік, кісілік қадір-қасиетін жоғары қоя білетін парасаттылыққа баулуда ұстанымы ұлық, тәртібі темірдей қатал әскери тұлғаның талабы да ерек болды ма, оның шәкірттері өмірде де өз орнын тапқан шынайы тұлғалар болып қалыптасты. «Рахман ағайды ұстаз ретінде бір үлгі тұтсақ, соғысты көзімен көрген, қан кешіп қайсар солдат болған қаһармандығы үшін екі үлгі тұтатынбыз. Оның шәкірттерінің шетінен шыншыл, мұқалмас жігер, бұлжымас қағидамен мұздай қаруланған табанды да талапты болып бой түзеуінің астарында осындай өмір ақиқаты жатыр» деп айтқаны бар еді шәкірттерінің бірі Бекмахан Дүйсенбайұлы.
Рахман Көкейұлы мен жары Әбілқызы Жұмагүл 5 ұл-қызды өмірге әкелді. Балаларының үлкен мектеп оқушысы, соңғысы бір жарым жасқа енді толғанда бақытты шаңырақтың басына қара бұлт үйіріліп, ажал атты алапат дауыл алып бәйтеректі беймезгіл сұлатып кетті.
Отыз үш жасында бес баламен қалған жары Жұмагүлге бар тауқыметті жалғыз арқалауына тура келді. Бұдан әрі балаларының бар сүйеніші өзі екеніне мойынсұнып, бес бірдей тағдырдың тізгінін қолына алып, белді бекем буып, алғы күнге үкілі үміт жалғаған қазақ қызының қайраты азаматтың қараорнын көз қарашығындай қорғап, сарыуыз балапандарын елдің алды етіп жетілдіруге бүкіл өмірінде айнымас серік болды.
Бар болғаны қырық екі жыл ғұмыр кешкен, азғантай ғұмырында қолға қару алып Отанын да қорғап үлгірген, дәм жазып, елге есен жетіп, елдің баласының білімге көзін ашуға қажыр-қайратын аямаған қайран ағаның жер бетіне қалдырып кеткен іздері алдымен ұлағатты ұрпақтары екен. Қамкөңіл ана кәдімгідей қара тұтып, қолын ұзартқан үлкен ұлы – Бектемірдің бойынан әке бейнесін таныған сайын жаратқанға шексіз тәубе қылып, осы құлыны алғаш оқу бітіріп келгенде басынан кешкен қасіреті бір күнгідей болмай ұмыт болып, көңілінің жыртығы жамалғандай шын жадырап қуанған. Бектемірі әке жолын қуды, оның келіншегі Аманкүл де қырық жылға жуық ұстаздық етті. Ерлі-зайыпты ұстаздар Қызылорда қаласындағы пединституттың физика-математика факультеті түлектері. Екеуі аудан орталығындағы №125 орта мектебінде физика пәнінен сабақ берді. «Үздік физик» атағын иеленген Рахманұлы Бектемірдің өз мамандығын шексіз сүйетін білім беру ісіндегі кәсіби қызметін, шәкірттердің талабын танып, олардың шығармашылдық талантының көзін аша білген қабілет-қарымын жоғары бағалаған сала басшылығы оны бірнеше мәрте марапатқа да ұсынып, құрмет көрсетті. Бектемірдің екі ұлы бірдей Мәди мен Жанболат орта мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Әке жолын қуған Бектемірден басқа Рахман Көкеевтен тараған ұл-қыздардың барлығы да жоғары білім алған, түрлі салада абыройлы қызмет атқарып, әке атын асқақтатып жүр.
Биыл Кейден ауылындағы алғашқы мектептің ұстазы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, барша арман-тілегі ақ қанатты құсқа айналып, шәкірттерінің жүрегіне ұя салған ұлағат иесі – Рахман Көкейұлының туылғанына 100 жыл толғалы отыр. Осыған орай Кейден ауылдық округі әкімшілігі аяулы азаматты еске алып, оның ұрпақтарының көмегімен көмкерілген саябаққа ол кісінің атын беру, ұстаз есімін мәңгі есте қалдыру бағытында тағы да басқа игі шараларды қолға алуға ниет қылып отыр екен. Құптарлық бастама.
Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламасында жасампаз ұрпақ тәрбиесінде тарих тағылымына тағзым етудің маңыздылығын атап көрсетті. Осы тұрғыдан келгенде, туған жеріміздің тұлғалы азаматы Рахман Көкеев сынды жаны асыл перзентін дәріптеу арқылы тарихқа құрметіміз артып, елдік тұғырымыздың тіктеле түсеріне сеніміміз кәміл.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
06 қазан 2018 ж. 1 138 0