Өкпешілдік емес, өзгеріс керек
2022 жылы әлеуметтік желі деген құдыретті құралдан қаншама өкперенішті, қайғы-қасыретті, ұрыс-керісті көп көрдік. Әсіресе, ер-азаматтардың өкпе іздеп, болмашыны болдырып жатқанын да жиі оқыдық. Майдаланып кеттік, жастар арызданып, аға буын азаматтар іспен емес, сөзбен арпалысып жатқанын да жиі байқадық. Көпшіл ортада жүргеннен кейін кейде өкпешіл адамдарды жиі жолықтырдық. Таксиге мінгенде, жиналыстарда, еркін форматтағы дебаттарда өкпесі қара қазандай жандардың әңгімесі өзегімізді талдырып жібереді. Ағайын-туыс пен дос-жаран арасындағы өкпе-назды естіп жататынымыз рас. Кейбіріміз жеке бастың болмашы мүддесі үшін жанымыздағыдан жиіркеніп, өкпеден өзегіміз өртеніп кететіні де бар.
Бірде жас кезінде Сырым батыр Есентемір Бөкен биге арнайылап барып, батасын алып қайтуды ұйғарады. Бір жағынан, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, әр сөзінен терең мағына іздейді. Бөкен би Сырымның келгендегі мақсатын біліп, бірден батасын береді. «Жас болсаң да, елге бас болар азамат екенсің, саған батамды бердім. Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең бауыр болсын, сыбыр кетпесін, жасың алпысқа жетпесін» – дейді. Елге ақыл айтып жүрген данагөй Бөкен Сырым батырға айтқандарымның мағынасын айырып бер деп қолқа салады.
– Арқаң қара нардай жауыр болсын деудің сыры халқың үшін қызмет қылып, еліңді өзіңмен ерте біл дегенің. Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің беріден ойлама, арыдан ойла, салмақты бол, жеңіл болма деп түсіндім. Сыбыр кетпесін дегенің, ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, соның аққарасын айырып, дұрыс төрелігін бере біл дегенің, ал өкпең бауыр болсын дегенің не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма дегенің, – деп қысқа қайырыпты.
Рас айтады, болмашыға кейде көкірегіміз қақ айырылып, өкпелегеніміз сонша өзегіміз өртеніп кете жаздайды. Қазақта «битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар ғой, сондықтан болмашыға бола бас ауыртып, түймедейді түйедей етіп, теріс айналу бұл атымызға сын болар. Бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өтеді. Кейбір сәттер болады, сын айтамын деп сындырып алатындар бар, кеңес беремін деп кесіп айтып, еңсеңді көтеремін деп езіп тастайтындар аз емес. Бірақ соның барлығын санаға сақтап, өкпеге өрбітіп, жүрекке жеткізсек, оған ертең емес, бүгін-ақ өзіміз қиналып қаламыз.
Хадисте де жазылған ғой, үш күннен артық ренжуге, өкпелеуге болмайды. Ал үлкендердің орны бөлек, реніші де орынды. Досым атам сыртта жүріп, бір жұмада бір хабарласып тұрмайсың ба, деп күлді дейді. Әрине, көңілінде сағыныш болғанымен, өзіне деген өкпереніші сезіледі ғой. Айта берсек мысал көп, бірақ барлығын жиып, өткенге тастап кетсек қайтеді. Өкпеге түскен сызатты өкінішке айналдырып, соңын өшпенділікке өрбітіп алмайық.
Өкпеңді айтпа,
Айтсаң да өктем айтпа,
Көзге шұқып кісіні,
Беттен қақпа,
Қатты сөзің,
Қайтып кеп, өзіңді атар,
Есеп берер
Уақытың жеткен шақта...
Баянғали Әлімжановтың осы бір өлең жолы өнеге болса қанекей. Ең бастысы, 2023 жылға өкпемен емес, өзгеріспен енейік. Өзгеріс деген таза парақтай парақталып, жаңа тарихмен тарқатылса түйіні сол болады. Біз жаңа Қазақстанға жол жүріп, жаңашылдықпен қатар, турашылдыққа, әділдік пен әсемдікке бет түзеуге тырысуымыз керек. Ол да көшпен келе жатыр, ендеше жаңа өмірге ендік, шындықпен күресіп, шынайы болмыспен жүрейік, өкпемен емес, өзгеріспен өмір сүргенге не жетсін?!
Бірде жас кезінде Сырым батыр Есентемір Бөкен биге арнайылап барып, батасын алып қайтуды ұйғарады. Бір жағынан, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, әр сөзінен терең мағына іздейді. Бөкен би Сырымның келгендегі мақсатын біліп, бірден батасын береді. «Жас болсаң да, елге бас болар азамат екенсің, саған батамды бердім. Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең бауыр болсын, сыбыр кетпесін, жасың алпысқа жетпесін» – дейді. Елге ақыл айтып жүрген данагөй Бөкен Сырым батырға айтқандарымның мағынасын айырып бер деп қолқа салады.
Өкпеңді айтпа,
Айтсаң да өктем айтпа,
Көзге шұқып кісіні,
Беттен қақпа,
Қатты сөзің,
Қайтып кеп, өзіңді атар,
Есеп берер
Уақытың жеткен шақта...
Баянғали Әлімжановтың осы бір өлең жолы өнеге болса қанекей. Ең бастысы, 2023 жылға өкпемен емес, өзгеріспен енейік. Өзгеріс деген таза парақтай парақталып, жаңа тарихмен тарқатылса түйіні сол болады. Біз жаңа Қазақстанға жол жүріп, жаңашылдықпен қатар, турашылдыққа, әділдік пен әсемдікке бет түзеуге тырысуымыз керек. Ол да көшпен келе жатыр, ендеше жаңа өмірге ендік, шындықпен күресіп, шынайы болмыспен жүрейік, өкпемен емес, өзгеріспен өмір сүргенге не жетсін?!
Әлібек Жарықбаев