Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СӨЗГЕ ТОҚТАУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

СӨЗГЕ ТОҚТАУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

   Ел жайлауға шыққан күндердің бірінде Арқадағы ағайыннан келе жатқан Төле би Қазыбек бидің ауылына ат басын бұрады. Сәлем беру үшін келген мейманды есік алдынан күтіп алмаған Қазыбектің қылығына қатты ашуланған Төле жігіттерін ертіп кері қайтады. Мұны сезген Қазыбек қосшыларын жіберіп, биден кешірім сұрауды ұйғарады. Алайда мұнысынан ештеңе шықпайды. Осы жағдайларды сырттай бақылап тұрған Қазыбек бидің 13 жасар ұлы әкесінің рұқсатын алып, ренжулі Төлені райынан қайтару үшін оны қуып жетеді. Бірден биді бала сұрақ астына алады.

– Сіз кездесе қалсаңыз, сұрап алармын деген үш сұрағым бар, ата, – деді бала.
– Сұрай ғой, – дейді би.
– Бірінші сұрағым ағайын адамдар араздасып, бір-біріне ренжісіп жүреді. Олардың өкпесі немен тарайды?
– Ағайын арасында араздық болып тұрады. Өзің күнде көріп жүрген ауылыңды алайық, Ауылында адамдардың пейілі кең, дастарқаны мол, сабасы қымызға иіндеп тұратын бір үй болады. Сол үйге қымыз іше сен де барасың, мен де барамын. Сөйтіп жүріп тіл табысып, татуласып кеткендерін адамдардың өздері де білмей қалады.
– Екінші сұрағым: ерлі-байлылардың араздасып барып татуласуы еді.
– Е, балам, бұл сұрақтың жауабын үйлі-баранды болғанда өмірдің өзі береді. Тақа білгің келіп бара жатса, айтайын, ерлі-зайыптылардың араздығы бір жұмадан аспайды, өкпелері төсекпен тарайды.
– Соңғы сұрағым, аға мен іні біріне-бірі өкпелеп араздасып қалады ғой. Солардың өкпесі немен тарқайды?
– Иә, олар да араздасып тұрады. Бірақ аға-бордан, іні-зордан болады. Бордың атасы – тас, анасы – құм. Тас мүжіледі, құм үгіледі, іні кесірлі болса да, аға кешірімді болуы керек, – деген Төле би қателігін бірден түсініп, сөзін тоқтатады. Алты алашқа төрелігін айтатын аузы дуалы би баладан жеңілгенін мойындап, Қазыбек бидің ауылына қайта бұрылыпты.
Міне, қазақтың тектілігі осында. Жасына қарап емес, жүйелі сөзіне қарап тоқтаған. Қазақта «аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал бар. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – дейтін қазақ халқы қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді «аталы сөз» деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Әр қазақ айта да, тыңдай да білген, оған тоқтай да білген. Олар: «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме», – деп тілеген.
Бірде Досбол би жас кезінде Торғай дуаны жақсыларының қасына еріп, бір даумен шекті Есет батыр Көтібарұлының ауылына барады. Сөз сайысында дәлелді уәж шымбайына батып кеткен батыр тұсында ілулі тұрған қылышына зілмен қарағанда, бала Досбол:
– Қылышың мықты болса, кеше Ерназар, Бекет айдалғанда қайда болдың? - дегенде Есет тоқтап қалыпты. Міне, орынды уәж, дәл тауып айтылған сөзге қазақ жақсылары осылай тоқтаған және шешендердің жолын беріп, қазақтың салтымен құрметтеп аттандырған.
Қазақтың тарихына зер салсақ, ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы күрмеулі мәселелерді би-шешендердің уәжді сөзі арқылы шешіп отырған. Оған хан да, қара да тоқтаған. Билік басындағылар от ауызды, орақ тілді ақындардан сескенген. Әз Жәнібек хан жанындағы Асан қайғы, Абылай ханның оң тізесін басқан Бұқар жыраулар ханның да, атақты батырлардың да сәл ағат істерін тайсалмай айтып, ұқтырып отырған. Хандар да ол ақындарға бас иіп, мойындаған, құрмет көрсеткен. Бір ақынға мақтаншақ болыс: «Мен қандай болыспын, соны айтшы?», – депті. Сонда ақын:
Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.
Болысы бүгінгінің бәрі де арсыз,
Ішінде сол арсыздың сізде барсыз! – дегенде, болыс төмен қарап, қателігін түсініпті. Иә, бұл өткеннің еншісіндегі естелік деуге болады. Өйткені бұл тектілік, сөзге тоқтау қасиетінен бүгінде айрылып бара жатқанымыз жасырын емес. Қазақ әу бастан бірлік, ынтымаққа, татулыққа жақын ел. Кейде осынау дарқан көңілімізден, қонақжайлық пейілімізден, тіпті бір ауыз сөзге тоқтау қасиетімізден айырылып бара жатқан жоқпыз ба деген де ой келеді. Кейде болмашы мәселені үлкен дауға айналдырып, соңында сотқа дейін барады. Бұл қазіргі қазақ қоғамында белең алып барады. Әсіресе ер-азаматтардан осындай көргенсіздік көбейіп келеді. Бұл қазақ жігіттері үшін ұятты жағдаят.
Сөзге тоқтау үшін де бәтуәлі ақсақалдар болуы маңызды емес. Маңыздысы сол, айтылған сөз жүйелі, өтімді болуы керек. Міне, осындай жүйелі сөздің арқасында бұрынғының билері кез келген дауларды шеше білген. Бүгін бұл тетікті медиаторлар игеруге талпынуда. Ауыр қылмыстардан басқа істердің бәріне мұрындық болады. Әсіресе қоғамның қасіретіне айналған ажырасу мәселесін шешуде кәсіби медиаторлардың рөлі айрықша. Сондықтан медиаторлардың бір ауыз сөзіне тоқтау бұл да тектіліктің тұғыры деуге болады.
Тарихқа қайта көз жүгіртсек, заманында ақылды әйелдің тоқтамды сөзіне ерлер де тоқтаған. «Айман-Шолпан» оқиғасында Айманның ғашығы Әлібектің Көтібардың елін шауып, араз болғандығы аян. Кейін Айманның: «екеуің екі елдің батырысыңдар, ер шекіспей бекіспейді, бір-біріңе шаққан малдарыңды қайтарып, енді дос болыңдар», - деген сөзіне тоқтап, Көтібар Айманды Әлібекке өз қызындай ұзатып салып, той жасап берген.
Расында, қазақтың арғы-бергі тарихына үңілсеңіз бір-біріне жұмбақтап сөйлеп, сөздің қадірін арттырғанын, ашу қанша қысса да сөзге тоқтаған мәрт халық болғанын білесіз. Яғни, сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзден мағына іздеу мәдениеті қалыптасты. Ал ұрпағына «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп үлкен міндет жүктеді. «Аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің, қадір-қасиетің кетеді, елге күлкі боласың» деп ескертіп, сөз құдіретін асырып отырды. Бұл ойымызды «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген тәмсіл дәлелдей түседі.
Қазір сөздің мән-мағынасын түсініп, сөзге тоқтап жүрміз бе? Аталы сөздің парқын байыптай аламыз ба?
Бұған жауап табу қиын. Себебі мейлі көшеде болсын, мейлі әлеуметтік желіде болсын бір-бірінің сөзіне құлақ аспайтындар, ойын қаншалықты дәлелді, нақты болғанымен селдір сөзге иек артатындардың қатары көбейді. Сөзді дұрыс құра йалмаса да көптің алдына шығып сіз бастайтындарды көріп жүрміз. Құдай сақтасын!..
Тобықтай сөздің түйіні біз рухани жаңғырғымыз келсе, онда атадан қалған осы бір асыл қасиетті қайта тірілтуіміз керек. Бір сөзде тұрып, сол сөзге тоқтау қазақ ұлтының, азаматтарының ар-намысы деуге болады. Сондықтан текті халықтың ұрпағы болып қалу үшін осы қасиетімізден айырылып қалмауымыз керек...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 маусым 2019 ж. 3 484 0