№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өзгені айтпағанда өзіміз де өкпешілміз

Өзгені айтпағанда өзіміз де өкпешілміз

Көпшіл ортада жүргеннен кейін кейде өкпешіл адамдарды көбірек көреміз. Әсіресе таксиге мінгенде. Ағайын-туыс пен дос-жаран арасындағы өкпе-назды естіп жататынымыз рас. Той-думан, қызықшылыққа шақырусыз қалып, әдетте ұмытылып кетсе де, біреу артықтау немесе дұрыс емес сөз айтса да ат-тонымызды алып, ренжи кетеміз. Ренжу оңай, оны жуып-шаю да жеңілірек, ал өкпеге түскен сызатты өшіру қиын. Біреуге өкпе арту да үлкен қателік.
Бірде жас кезінде Сырым батыр Есентемір Бөкен биге арнайылап барып, батасын алып қайтуды ұйғарады. Бір жағынан, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, әр сөзінен терең мағына іздейді. Бөкен би Сырымның келгендегі мақсатын біліп, бірден батасын береді. «Жас болсаң да, елге бас болар азамат екенсің, саған батамды бердім. Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын, өкпең бауыр болсын, сыбыр кетпесін, жасың алпысқа жетпесін» – дейді. Елге ақыл айтып жүрген данагөй Бөкен Сырым батырға айтқандарымның мағынасын айырып бер деп қолқа салады.
– Арқаң қара нардай жауыр болсын деудің сыры халқың үшін қызмет қылып, еліңді өзіңмен ерте біл дегенің. Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің беріден ойлама, арыдан ойла, салмақты бол, жеңіл болма деп түсіндім. Сыбыр кетпесін дегенің, ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, соның ақ-қарасын айырып, дұрыс төрелігін бере біл дегенің, ал өкпең бауыр болсын дегенің не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма дегенің, – деп қысқа қайырыпты.
Рас айтады, болмашыға кейде көкірегіміз қақ айырылып, өкпелегеніміз сонша өзегіміз өртеніп кете жаздайды. Қазақта «битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар ғой, сондықтан болмашыға бола бас ауыртып, түймедейді түйедей етіп, теріс айналу бұл атымызға сын болар. Бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өтеді. Кейбір сәттер болады, сын айтамын деп сындырып алатындар бар, кеңес беремін деп кесіп айтып, еңсеңді көтеремін деп езіп тастайтындар аз емес. Бірақ соның барлығын санаға сақтап, өкпеге өрбітіп, жүрекке жеткізсек, оған ертең емес, бүгін-ақ өзіміз қиналып қаламыз.
Хадисте де жазылған ғой, үш күннен артық ренжуге, өкпелеуге болмайды. Ал үлкендердің орны бөлек, реніші де орынды. Досым атам сыртта жүріп, бір жұмада бір хабарласып тұрмайсың ба, деп күлді дейді. Әрине, көңілінде сағыныш болғанымен, өзіне деген өкпе-реніші сезіледі ғой. Айта берсек мысал көп, бірақ барлығын жиып, өткенге тастап кетсек қайтеді. Өкпеге түскен сызатты өкінішке айналдырып, соңын өшпенділікке өрбітіп алмайық. Сөз соңын Баянғали Әлімжановтың өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Өкпеңді айтпа,
Айтсаң да өктем айтпа,
Көзге шұқып кісіні,
Беттен қақпа,
Қатты сөзің,
Қайтып кеп, өзіңді атар,
Есеп берер
Уақытың жеткен шақта...
28 наурыз 2021 ж. 956 0