Жүрек әмірі
Қоғам қашан да баянды бастамалардың қасынан табылатын жаны жомарт, болмысы мәрт, іскер жандарға арқа сүйейді. Сондай жанның бірі өзі түлеп-ұшқан киелі Жаңақорған топырағына аянбай еңбек сіңіріп, талай қайырымды іске ұйытқы болып жүрген азамат Марлен Искаков. Бүгінде ауылды алға өрлеткен бұл атпал азаматты білмейтіндер кемде-кем.
«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын арда азаматтар жетерлік ортамызда. «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» демекші, бүгінде байлықты мақсатмұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар арамызда аз емес.
Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Біз сөз еткелі отырған Марлен Қалилаұлы да «Елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі. Олай деуімізге жақында ғана ел игілігіне берілген аудан орталығындағы теңдессіз жобаның іске асуы себеп болып отыр.
Өзінің саналы ғұмырында қызметтің түрлі баспалдақтарынан өткен кейіпкеріміз кәсіпкерлік салада ең алғаш өзін Қазақстан бойынша құрылыс жағынан жүргізілген тендерде сынап көреді. Осы бағытта жүріп үлкен тәжірибе жинайды. Ал 2017 жылы «туған жерге қызмет – ерге міндет» деген мақсатпен «ОРДА СТРОЙМАРТ» және «Премиум КлассСтрой» жауапкершілгі шектеулі серіктестігін біріктіру арқылы әк заводын ашады. Онда жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартып, аудандағы жұмыссыздардың санын азайтуға үлесін қосады. Осылайша кәсіпкер тарапынан көрсетілген қамқорлықты тиімді пайдаланған тұрғындардың бірқатары бүгінде аяғынан тік тұрып, шаруаларын бірыңғайлап алды. Олар бір жағынан, өздері өндірген өнімнің халыққа кеңінен таратылуын жолға қойса, екіншіден, отандық тауар өндірісін дамытуға жұмыс істеуде.
Кәсіпкер азамат Республика күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы қатысуымен пайдалануға берді. Аймақ басшысы осы күні туған жеріне тілеулес, жанашыр кәсіпкер азаматтың қолдауымен Жаңақорғандағы жаңа нысанның ашылуын «Балалар жылына» тарту деп қабылдап шын ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек аудан көлеміндегі қаншама үлкенді-кішілі нысандардың құрылысына көмектескені күні бүгінге дейін ел аузында. Бұның барлығы бақай есеппен жасалатын іс емес, қайтарымын күтпейтін жақсылық, қанға біткен қасиет деп санаймыз.
«Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Десе де, азаматтығы биік, парасаты терең тұлғалардың елге жасаған еңбегін міндетсінбейтіні анық. Бірақ еңбек еткен ердің ерекшелігі ел есінде қалады. Сондықтан атақтың да, құрметтің де болатыны белгілі. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін берілетін «Құрмет грамотасымен» марапатталуы соның айғағы.
Кім де болсын туған жерден тамыр тартады. Ал, әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін қасиеттің жөні басқа. Әкесі Қалила мен анасы Зараның үкілеген үмітін ақтады. Атаның емес, адамның баласы болуға талпынды.
Кейіпкеріміздің азаматтық ұстанымы да берік. «Алтын алма – алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» деген қанатты сөз бар. Жақсы адам қашанда жақсы істі жалғастыруды жаны сүйеді. Сол жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, оның арманының орындалғаны, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар», – дейді ол.
Марлендей азаматтарымыз туған жерін түлетсе, өнегелі ұл-қыз өсіріп, олар да ауылымыздың экономикасы мен мәдениетінің көтерілуіне өз үлестерін қосса одан артық қандай бақыт бар.
Лаура БИБАСАРОВА