Азаматтың бір ажары кеңдігі
Меценаттық – қазақтың қанына сіңген қасиет. Сондай асыл қасиетті ұстанымына айналдырып, бойына дарытқан азаматтың бірі – Арман Мәжитов.
Ол жастардың көшбасшысы ретінде танылып, игілікті істердің ұйытқысы болып, көптің алғысын арқалап жүр. Әсіресе, жаңақорғандық жайдарманшыларды алға жетелеп, олардың арманына қанат бітіргенін жұрт жақсы біледі.
Жаңақорған ауданының тарихында ең жас депутат ретінде саяси-қоғамдық өмірге белсене араласып, көпшіліктің ойын жергілікті билікке жеткізіп жүрген талапшыл жас. Жақында Арман көшбасшы жастарға берілетін Республикалық маңызы бар «Ғани Мұратбаев» сыйлығын иеленді. Елдің әр түкпірінен ұсынылған 79 белсенді жастың ішінен үздік 21-дің қатарына ілініп, облыс жастары арасында осындай құрметке бөленген оның жақсылығын айтып, нұрын тасытқан абзал.
– Мені республикалық сыйлыққа лайықты деп таныпты. Қуаныштымын. Бұл марапат маған жауапкершілік жүгін жүктей түсті. Әрі қоғамдық жұмыстарды белсенді атқара түсуіме шабыттандырды, – дейді мұраты биік азамат.
Бұған дейін Арман Мәжитов аудандық, облыстық деңгейдегі марапаттармен қатар, «Сыр үміті» сыйлығын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» төсбелгісін алды. Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанатының III-съезінің делегаты болып, Астанадағы жастар жиынына қатысты.
– Астанада өткен съезде Мемлекет басшысының жастарға арнап: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа», деген сөзі маған ерекше күш-қуат берді. Атқарып жүрген жұмысыма қанат бітіріп, жаңа бастамалардың тууына септігін тигізді, – дейді жас көшбасшы.
«Тура ағаш – үйге тіреу, тура жігіт – елге тіреу», демекші Арман қандай құрметке бөленсе де адамдықтың асыл қасиетінен айныған емес. Қайта қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, қайырымдылығы асып, жұрт алдында азаматтық қарым-қабілетімен ерекшелене түсті.
– Алла Тағаланың берген ризығын игілікті жолға жұмсап, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өмірімнің бір бөлшегіне айналдырғандаймын. Әрине, сауап көзге көрінбейтін нығмет. Алайда Алла алдына барғанда абыройыңды асқақтатады. Бұл дүниеде кәсібіңе береке береді. Мен мұндай істі жұрт «Арман меценат екен», деп айтсын деген оймен жасамаймын. Жомарт жан бергенін айтпайды демекші, «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесің» деген хадис бар. Түптен келгенде жомарттықтың негізгі өзегі–қайырымдылық. Алланың разылығын тапқым келеді, – деді ол.
Сондай-ақ, Арман белсенді жастарға, жалғыз басты қарттар мен аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы үйлерге қол ұшын созып, қайырымдылық акцияларына көмек көрсетіп тұратын тұрақты қолдаушылардың бірі. Бүгінде Арман жетекшілік ететін «Жаңақорған құрамасы», қалалық, облыстық байқаулардан оқ бойы оза шығып, жүлдеді орындардан көрінуде.
–Бүгінде «Жаңақорған құрамасы» облыстық, республикалық лигаларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жақында Шымкент қаласы әкімдігінің кубогінан ІІ-орын алып, 100 мың теңге ақшалай ұтыс, одан кейін Астанада өткен Республикалық Жайдарман-лайфтың финалына өтіп, 300 мың теңге қаржылай сыйлық алдық. Бұйыртса, осы қаржының 50 пайызын қайырымдылыққа аударып, көптің алғысын алсақ деген ниетіміз бар, – деді ол ағынан жарыла.
Арман алғашқы еңбек жолын шойын жолда бастады. Жоғарғы оқуды бітіргеннен кейін, «Түркістан» локомотив депосында технолог маманы, кейіннен сол станцияда пойыз қабылдаушы, пойыз құрастырушы болып нағыз қайнаған жұмыс ортасында шыңдалып, еңбекке ерте араласты. Қазіргі таңда аудандағы бірнеше кемел жұмыстарға ұйытқы болып, туған жердің дамуына, көркеюіне үлес қосуда. Бүгінде ол аудандық мәслихат депутаты және тәжірибелі кәсіпкер. Қашанда Елбасының сарабдал саясатын қолдап, «Болашақ-жастардың қолында», екеніне серпін беріп, оған тынымсыз еңбек пен заманға сай білімді болу қажет екендігін өз ісімен дәлелдеп жүрген жас лидер.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Пікір 1