Шағын футбол тойы
Жаңақорған кентінде қазан айынан басталған Аташ ауыл 1987- 2000 жылдары туылған жастар арасындағы футзалдан әуесқой командалардың аудандық біріншілігі мәресіне жетті. 14 команда қатысқан дүбірлі доп додасы тартысқа толы болды. Өйткені, бұл аламан осымен екінші мәрте ұйымдастырылуда.
Жалпы Жаңақорғанда футбол спортының дамуы көңіл қуантады. Тұрсынхан Мұсаев ағайдан бұрын басталған футбол спорты білікті бапкерден кейін қайта жан біткендей болды. Бүгінгі қазақ футболына ізін қалдыра алған Ерлан Әптаев, Ахмет Алайдаров, Оразалы Тасболатов сынды аға буынның биігінде Тұрсынхан ағайдың маңдай тері жатыр. Бапкердің соңғы буындары да қазір Сыр еліне танымал аяқ допшылар қатарында. Оның барлығы футбол іргетасының берік қалануында.
Сонымен 3 айға созылған шағын футбол додасында үздкітер анықталды. Аташ ауыл, яғни №163, №110 және №125 мектеп түлектерінің әр жылғылардан құралған командалары бәсексі биыл табысты болды. Өйткені, жарыс алаңында Алматы мен Шымкентте доп теуіп жүрген жаңақорғандық аяқ допшылар және Қызылорданың «Қайсар» командасының жарық жұлдызы, жалпы қазақ футболының бір оғланы Думан Нәрзілдаев та келді. Көрермен ретінде емес, ойыншы ретінде алаңда жүріп доп тепті.
– Жыл сайын бұл лиганың деңгейі жоғарылап жас буынның қызығушылығы арта түсті. Келер жылы мүмкіндік болса команда санын көбейтіп, ізімізден ерген шәкірттерге де бағыт көрсетуге тырысамыз. Бұл спорт, сондықтан жастарды салауатты өмір салтына баулу, оның ішінде футболға ынтасын ояту басты мақсатымыз. Соңғы уақыттарда аудан үлкен футболының деңгейі төмендеп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ашылмай жүрген таланттарды қайта жарыққа шығарып, шыңдалуына көмектесеміз, – деді лиганың бас төрешісі Оразалы Тасболатов.
Сонымен жарыс қорытындысы бойынша екі жыл қатарынан лиганың чемпионы 1994 жылғылар командасы болды. Екінші орын 2000 жылғы туылған жастарға бұйырса, үздік үштікті 1996 жылғы жастар түйіндеді. Марапаттау рәсімінде үздіктер анықталды. «Үздік ассистент» номинациясы Рамазан Данеевке табысталды. «Үздік қақпашы» Ернар Тұңғышбай деп танылды. «Үздік шабуылшы» Абылайхан Мұсабекке бұйырса, «Үздік қорғаушы» Азат Алтынбековке берілді. Ал, «Үздік ойыншы» номинациясы Шымкент шаһарынан арнайы келіп жүрген Абылайхан Искендировке бұйырды. Жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер, үздік ойыншылар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталып, демеушілердің бағалы сыйлықтары, кубоктары, медальдары және ақшалай сертификаттары табысталды.
– Әрине, кемшіліксіз болмайды, дегенмен бұл жолы лига жоғары деңгейде өтті. Әуесқой болса да, кәсіпқой ойыншылар арнайы келіп, өнер көрсетті. Мұның өзі жас спортшыларға үлкен мотивация. Бұйырса келер жылы жоғары деңгейде өткізуді көздеп отырмыз. Ұйымдастырушыларға, ат салысқан азаматтарға жалпы жігіттерге алғыс айтамыз, – деді доп додасының басықасында жүрген спорт жанашыры, әрі бокстан ауданның белді бапкері Жандос Жаназаров.
Иә, Жаңақорғанда футбол тойы енді басталды деуге болады. Өйткені, жақында ғана «Орталық лигасы» атты тағы бір жарыс жалауын желбіретті. Бұл да көптің қызығушылығын тудыруда. Өйткені, жастар аға буыннан үлгі алып, солар секілді болуға тырысып бағады. Думан Нәрзілдаев, Нұрхан Байзақов, Ерболат Рүстемов, Батыржан Боранбаев секілді кәсіби деңгейде футболшы болу кез келген жастың мақсатты жолы. Міне, осы жолда жастарға осындай жарыстар арқылы демеп, деңгейін өсірсе нұр үсітне нұр. Қалғаны уақыттың еншісінде...
Ермек ӘСЕТҰЛЫ