Несібелінің тартуы
Тал бойындағы қабілет-қарымын шыңдап, кәсіпкерлікпен терең айналыса бастаған жаңақорғандық ару бүгінде Алматы қаласында тұрады. Бірақ көңілі ауыл десе елеңдеп, қол үзіп кете қоймаған Несібелі Бектасқызы жыл сайын туған жеріне келіп, ағайынның хал-жағдайын біліп тұруды әдетке айналдырған.
Кешегі әлемді қыспаққа алған пандемияның кезінде ауданымыздағы аз қамтылған 170 отбасына қаржылай қайырымдылық жасаса, аудандық ауруханаға құны 2 миллион теңге тұратын 7 дана оттегі концентратын алып берді. Сонымен қатар аудандағы 11 мүгедек азаматқа ай сайын демеушілік қаржы аударып отыруды міндетіне алған. Арыс қаласында орын алған апатты жағдай кезінде 5 млн теңге қаржылай көмек көрсетті.
Ол 2012 жылы аудан орталығында өткен ғұлама ғалым Һиссамеддиннің 880 жылдық мерейтойы құрметіне өткен ақындар айтысына Бас жүлдеге автокөлік кілтін табыстады. Ғұлама ғалымның еңбектерін кітап етіп шығаруға демеушілік жасады. 2012 жылы аудан орталығындағы №163 мектептің кітапханасын толық жаңартып беруге күш салды. «Жайылма» ауылының кіреберісіне тал егіп, көгалдандырып, 3,5 млн теңгеге Ұлы отан соғысы ардагерлеріне монумент орнатып берді. 2022 жылғы Жаңақорған кенті тұрғындарына өзінің жеке қаржысы есебінен «Әл-Мумин» мешітін салып берді.
Несібелі Бектасқызының көпшілік білмейтін, жеке адамдарға көмек-қолдауы қаншама. Өткен жолы ауданымыздағы белгілі дәрігер Молдахмет Искаков Несібелі апаның өзіне тапсырма жүктеп, үйінде мүгедек жандар бар шаңыраққа судың үйге кіргізілуіне қаражат ұсынғанын айтты. Соның шаруасымен жүрген ол елдегі адамдарға қолұшын созудан жалықпайтын үлкен жүрек иесінің осы дағдысын жүйелі жалғап келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Осындай көмек-қолдаулары нәтижесінде ел ықыласына бөленген Несібелі Жүсіпова «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» иегері атанды.Ол сондай ақ Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағына ұсынылған.