Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жомарт жандардың жылылығы сезілді

Жомарт жандардың жылылығы сезілді


Жаһан жұртының алқымынан алған коронавирус медицина саласын сынға салып, дәрігерлер қауымының жүктемесін екі есеге арттырды. Мұның ауыртпалығын отандық дәрігерлер де көрді, қарапайым халық та сезінді. Осынау қиын сәтте елдің арқа тұтар азаматтары аянып қалмай, медицина саласын қолдады. Бұл үрдіс әлі жалғасуда. Соңын дәлелі, «КазГерМұнай» ЖШС БК компаниясының бас директоры Мұрат Мұстафаев аудандық ауруханаға Италияда жасалған 13 млн. 925 мың теңге тұратын МАК жылжымалы рентген қондырғысын гуманитарлық көмек ретінде сыйға тартты. Сондай-ақ жаңақорғандық жеке кәсіпкер Нұрлыбек Закиров өз қаражаты есебінен оттегі концентратын ауруханаға сыйға берді.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары Анар Шүкірова бастап келген демеушілер медицина мамандарын бір қуантты. Салтанатты шараға ұласқан табыстау рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысып, ел азаматтарына тұрғындар атынан алғысын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласы қызметін жандандыру, медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне айрықша тоқталса, бүгінгі шара сол игіліктің бір айғағындай. Заманауи медициналық аппарат науқастардың дертін дөп басып, ем алуында үлкен жәрдемші. Сондықтан «КазГерМұнай» ЖШС БК компаниясының бас директоры Мұрат Кеңесбайұлына және Нұрлыбек кәсіпкерге аудан халқының атынан рақмет айтқым келеді. Кешегі қысылтаяң, өтпелі кезеңде елмен бірге болып, шамасы жеткенше көмек қолын созған жүрегі жомарт, пейілі кең жігіттер табыла білді. Оларға да алғыс білідіріп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Жалпы ауруханаға гуманитарлық көмек ретінде жыл басынан бері 2 дана ИВЛ аппараты, 53 дана оттегі концентраты, 10 дана пульсоксиметр құрылғысы және 1 жедел жәрдем көлігі табыс етілген еді. Бұл көмектің пандемия кезінде өте зор ықпалы тиді. Яхия Шорабаев бастаған ұжымға қондырғыны сыйға тартуға арнайы келген Мұрат Мұстафаев:
– Дәрігерлерге алғысымыз шексіз. Карантин кезінде дәрігерлер науқастың саулығы, елдің амандығы үшін еңбек етті. Біз қолымыздан келгенінше Сыр медицина саласына көмегімізді аянып қалмауға тырысып жатырмыз. Мұндай аппаратты Қармақшыға және сіздерге тарту етіп жатырмыз. Мүмкіндік болса қалған аудандарды да қамтамасыз етеміз. Қиын кезде елмен бірге болу ердің мұраты деп ойлаймын, – деді.
Өз атынан оттегі концентраторын ауруханаға табыс еткен Нұрлыбек Закировтің азаматтық ісі аудандағы қалталы адамдарға үлгі болары анық. Қос азаматқа медицина қызметкерлері атынан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы келген Анар Әлиқызы алғысын жеткізді.
Ауданның денсаулық сақтау саласы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Талғатбек Мәденбекұлы гуманитарлық көмек ұсынған жандарға ризашылығын білдіріп, қызметтеріне табыс тілеп, батасын берді.
Шараны ауданның ақыны Әбілхайыр Сыздықов әдемі өлең жолдарымен түйіндеді.
... Жомарттықты берген қазақ қанына,
Текті елміз қонған алып тағына.
Ұлы Дала ұрпағымыз біз бүгін,
Үміт артам әрбір атар таңыма.
Мәңгілік ел мұратына жетеміз,
Бабаларым аңсап күткен сағына.

«Кең» болған ер «кем» болмайды ешқашан,
Ерлер аз ба, туған елдің бағына.
«КазГерМұнай» дәлел етіп осыны,
Бір қуаныш сыйлап жатыр тағы да!

Әлібек ТЕМІРБЕК

10 қазан 2020 ж. 486 0