Ізгілік дәні солмайды
Бір айқын нәрсе, елжанды тұлғаның өмірлік мұраты өзгермейді екен. Қоғам тынысын жіті аңдап, болашақ тағдырына жауаптылық сезімі жанына жай таптырмайтын осындай азаматтардың бірі – Жаңақорған ауданының тұрғыны, саналы ғұмырының 45 жылын бала тәрбиесне арнаған тәлімгер – Нәлібаева Айсара Машбекқызы дер едік.
Айсара Нәлібаева 1955 жылы 9 ақпанда туған. Жаңарық ауылындағы орта мектепті тәмамдап, Түркістан педагогикалық училишесінің «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінде білім алды. Еңбек жолын Өзгент ауылындағы №16 «Жадыра» балабақшасында бастады. Осында жұмыс атқарған жылдары балабақшаның тынысын кеңейтуде кәсіби деңгейімен бірден көзге түседі. Бұл орайда ол өзінің бойындағы ерекше қыры – суретшілік қабілеті көмекке келгенін айтады. Айналадағы дүниені сұлу жаратылған қалпында танып, шынайы табиғатын жас ұрпақ бойына еге білуде бойда бар осынау талантын шыңдап, біліктілікпен жұмыс атқарған оның еңбегін басшылық бағалап, әлі жас деп қарамай, «Красная звезда» совхозындағы мемлекеттік №13 «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Ол бұл балабақшаны жиырма жыл басқарды.
1998 жылдан 2014 жылға дейін аудан орталығындағы «Балғын» балабақшасының меңгерушісі ретінде тоқырау кезеңінде тұралап, жабылудың аз-ақ алдында қалған балалар мекенін қайта аяққа тұрғызып, тынысына дем берудегі қажырлы еңбегіне халық куә. Мемлекеттен көмекқолдау кеміп, оңтайландыру саясатымен көпшілігі жұмысын тоқтатып жатқан тұста елдің баласының алтын бесігіне айналған тәлім ұясының тынысын тоқтатпай, қаншама қызметкердің күнкөріс көзін қайта тіктеуге тыным таппай жұмыс жасап, балабақшаны сақтап қалған Нәлібаеваның іскерлік қажыр-қайратына шынайы алғысын жаудырғандар қатары аз емес.
Бұл кезеңдері Жаңақорған кентінде және елді мекендерде жұмыс істеп тұрған мемлекеттік балабақшаларды ұстап тұруға бюджеттің қауқары жетімсіз болғандықтан балабақшалар бірінен соң бірі жабыла бастады. Өңірімізге келіп жұмысын бастаған қуатты компанияның осы бір ауырлау мезгіл мезетінде балалар мекенін аяғынан тік тұрғызып жіберуге дем берген пейіл-ықыласы қаншама ата-ананың жүрегін қуанышқа бөлеп, тапшылық екі бүйірден қысқан кезеңдерден балалар ұясы тарықпай, қызметкерлері де толық құрамын сақтап қала алды. Журналист ретінде сол кезеңдері балабақшада өткен түрлі шараларға қатысқанда байқайтынымыз, періштелер мекенінің ауласынан енгеннен әрбір бала бағбанына қойылар талап – тәртіп пен тазалық қана емес, мейірім мен ізгілікке суғарылған әдемі қарымқатынастың лебі аңғарылып тұратын.
Зейнеткерлікке шықса да кәсіпкерлікпен айналысып, халыққа қажырлы қызметін жалғастырып келе жатқан үлкен жүректі анамен сұхбаттасқанымызда , өмірлік кредосы – өзгеге қолұшын созу, кім болсын қолынан келсе жақсылық жасауды мұрат тұтатын жанның өмір жолы көз алдымызға елестеді. Қарамағында жүрген қызметкерлері ғана емес, осы кісіні жақын тұтып, қиналғанда жәрдем сұрап алдына барған кімге болсын көмегін беруден тартынбай, қамығып келгеннің күліп шығуына қолынан келгенін аямайтын қасиеті туралы көптің пікірінің де бекер емес екеніне көзіміз жетті. Осы орайда кейіпкеріміздің «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді, елге жасаған қызмет – артта қалған із, ұрпақтан ұрпаққа жетеді» деген аталы сөзді өз өміріне темірқазық етіп ұстай білетін сарабдалдық мінезіне тәнті болғандаймыз.
«Қазірде соңымыздан ерген жастардың тәлім-тәрбиесі мәселесінде сабақтастық үзіліп бара жатқандай. Әдептілік, арнамыс, адамгершілік қағидаларын мықты ұстануда ұстын боларлық қазығымыздан ажырап барамыз. Осыны қалай орнына келтіруге болады? Осы бағытта аудандағы зиялы қауым бас біріктіріп, барымызды бағалап, жоғымыздың орнны толтыруда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», халықтық дәстүр-салтымыздың үлгілік тұстарын үкілей білуіміз қажет қой деген пікірлері осыны дәлелдеді.
Отбасында ері, ауылшаруашылығы саласының ардагері, көп жылдар «Красная звезда» совхозында мал дәрігері болып қызмет еткен Райыс ағамыз екеуі 6 перзент өсіріп тәрбиеледі. Бәрі де жоғары білімді мамандар. Халық қызметінің түрлі саласында еңбек етуде.
Баян Үсейінова