Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әйел - әлем тірегі

Әйел - әлем тірегі

Қызылорда қаласында «Amanat» партиясының ұйытқы болуымен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты тақырыпта облыстық әйелдер форумы өтті. Мақсаты – әйел адам бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деген сөздің парқын түсіндіріп, отбасы қамымен қатар әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің жұмысын насихаттау.


  Әйел кәсіпкерлердің төл өнімдері ұсынылған көрмеден бастау алып, қоғамдағы әр салада жетістікке жеткен, іскер әйелдердің басын қосқан жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің» мүшесі Мақпал Мазаққызы сөз сөйлеп, «Саясаттағы әйелдердің шешім қабылдау деңгейі», «Бизнестегі әйел – қоғамның тұрақты дамуының кепілі» тақырыбына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде ана бақытты, тәрбиелі, білімді болса бала да бақытты, тәрбиелі, білімді болатынын айтып, қызкеліншектердің қай салада болсын өзін көрсетіп, дамытып, белсенді болуы қажеттігін, қоғам дамуы үшін ананың рөлінің зор екенін атап көрсетті. Сонымен қатар әйелдердің қоғамдағы белсенділігін тілге тиек етіп, әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау арқылы жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеуді ортаға салды.

Одан әрі форум модераторы, тележүргізуші, «Orda FM» радиосының директоры Мейрамгүл Ералықызы әйелдердің қоғамдық ортадағы рөлін арттыру, бүгінгі қыз, ертеңгі ананы тәрбиелеу бағытындағы түрлі ой-пікірді сараптай келе кештің маңыздылығына тоқтады. Форумда келесі болып сөз алған «Мансап» жеке мектебінің құрылтайшысы, Қазақстандық үкдіксіз білім беру ассоциясының Қызылорда филиалы директоры, «Бастау» бағдарламасының бизнес-тренері Наталья Мишукова «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау түрлері туралы» тақырыпта баяндамасын оқып, бүгінде қоғамда әйелдердің рөлі кәсіпкерлік салада артып келе жатқанына сараптама жасады.

Аталмыш форумда басқосқан аймақтың нәзік жандары спикерлердің сөзінен кейін «Әйел отбасы мен қоғамда және кәсіпкерлік салада» атты бейнероликті тамашалады. Дәл осы тақырыпта шиелілік кәсіпкер, Ыбырай Жахаев ауылының тұрғыны Ләззат Мелденқызы «Ауылда мал шаруашылығын дамыту» туралы тақырыпта өзі басқарып отырған салаға жан-жақты тоқталып, заман талабына сай бизнес бағытында ісін бастаған өңірдегі іскер әйелдердің жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін модератор Мейрамгүл Мәделі ортаға облыстық периниталдық орталық Бас дәрігерінің стратегиялық даму және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Гүлнар Хамзақызын шақырды. Ол «Әйелдер миссиясы: бірге салауатты бүгініміз бен болшағымыз үшін» атты тақырыпқа кеңінен тоқталып, ана мен бала денсаулығы басты назардан түспейтінін жеткізді. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, аймақ бойынша туу туралы мәліметтен хабардар етті.

Мазмұнды кеште ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов «Қаржылық сауаттылық отбасы бюджетін жоспарлаудың негізіне» тоқталса, блогер Ақтолқын Маратқызы «Кәсіптің заманауи түрлері» тақырыбында инстаграм парақшасын пайдалы тұсқа қолдану арқылы қаржыны қалай табатынын жасырмай айтты. Ал облысқа танымал қолөнер шебері Үржамал Дүйсембиева болса «Қолөнер шеберлігін дамытуда» қандай іс-шаралар атқарып жатқаны мен жұмыс барысына тоқталып, қыз-келіншектерге арналған киім үлгісін көрсетті.

Форум соңында модератор түрлі салаға өз үлесін қосып жүрген нәзік жандылардыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, кеш қонақтарына әр бастаған қадамдарына құт, ісіне сәттілік тіледі. Расымен дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай ақ, қоғам кайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі болды. Сайып келгенде қазақы ортада қарақан басынан гөрі отбасылық мүдденің жоғары тұруы әйелдердің қоғамдықәлеуметтік белсенділігіне кедергі болған жоқ. Оны тарихта есімдері қалған Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана секілді бүтіндей бір елдің ынтымағына қызмет еткен қайраткер тұлғалар мен Қарқабат, Абақ, Қызай сияқты аналардың бір елдің ұранына айналғанынан байқауға болады. Міне, осындай аналарымыздың ізін жалғаған еліміздің бүгінгі қызкеліншектері де осы күні түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетіп келеді. Демек халқымыздың әйел адамды сұлулықтың символына балап қана қоймай, «әлемді құтқаратын» тартылыс күші бар әдемілік деп баға бергенінің өзі жай сөз емес.

Бұл жөнінде президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаевтың өзі: «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген болатын. Ендеше ел дамуындағы әйелдердің рөлі, оларды қолдау, жалпы әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыру тақырыбы талқыға түскен басқосу ауылдық жердегі аналардың да түйткілді мәселелерінің шешілуіне жол ашады деп үміттенеміз.

Аталмыш форумға ауданымыздан түрлі салада жемісті еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бір топ нәзік жандылар да қатысып қайтты. Олар форумның басты мақсатын дәріптеуде, кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің, анасының, әжесінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беруде, қоғамда белең алған әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың, әйел құқығының тапталуының алдын алуға ықпал жасауда қандай қадамдарға бару керектігін өзара сарапқа салды.

Лаура Бибасарова



15 желтоқсан 2022 ж. 349 0