» » Қатерлі дерт - ғасыр дерті

Қатерлі дерт - ғасыр дерті


Салауатты өмір салтын қалыптастыру және осы тәрбиені ұрпақтың бойына сіңіру міндетіміз. Оқушыларға темекі, арақ, есірткі, СПИД-тің қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемасы екенін, оның зиянды жақтарын түсіндіру, ғасыр дертіне айналып отырған кеселдердің залалын жан-жақты меңгерту, зиянды заттардан барынша аулақ болуға шақыру, сана-сезімдерін дамыта түсу.

Ал, ауданымыздағы ахуалды білу мақсатында Жаңақорған аудандық саналы әлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Раушан Тотаеваны сөзге тарттық.
– Негізінен АИТВ – инфекциясы білінбей өтетін дерттің түрі. Вирус адам ағзасына ауыз қуысы сілекейлері, тері арқылы, инфекция жұқтырған адамдармен жеке гигиена заттарын бірге пайдаланған жағдайда жұғады. Бұдан бөлек жұғудың бірнеше түрі бар. Олар – қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы, АИТВ жұқтырған нашақормен бірге тамыр арқылы есірткі тұтыну кезінде жұғады. Вирус жұқтырған әйелдің ішіндегі ұрыққа не жүктілік кезінде сәбиге жұғуы мүмкін. Одан бөлек, бүгінгі таңда сән салондар көптеп ашылуда. Мұнда татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату кезінде стерилденбеген құралдар пайдалану кезінде жұғу ықтималдығы жоғары. Айта кететіні, АИТВ жұқпасының әйелдер арасында тіркелуі жиілеп келеді. Біздің ауданымызда ең алғаш рет 2010 жылы анықталды. Қазіргі таңда 17 науқас есепте тұр. Қайтыс болғандар бар. Осы уақытқа дейін АИТВ жұқтырған 7-жүкті әйел сәтті босанып, сәбилері диспансерлік есептен шығарылды. Осы орайда айта кетейін, дерттің алдын алу үшін емханаларда қан тапсырып тексерілу тегін. Әлем бойынща емі толық табылмаған және вакцинасы жоқ. Қазіргі таңда АРВ терапия жүргіземіз. Үзбей, өмірінің соңына дейін күнделікті қабылдайды. Емнің тиімділігі организмдегі қанда вирустың мөлшерін азайту арқылы, өмірін ұзартып, жұқтыру пайызы төмендеп, дені сау сәбиді дүниеге әкелуге мүмкіндік бар. Қолдан келетін әдіс жастарға алдын алу шаралары арқылы шынайы ақпарат беріп сақтану жолын үйрету. Өйткені, жыныстық қатынас арқылы берілу жолы тез қарқындап кетті. Осы мақсатта кенттегі мектептерде арнайы шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, жасөспірімдерге атаулы дерт жайында толыққанды ақпарат берілетін болса, аты жаман аурудың алдын алуға көп септігін тигізеді, – деді Раушан Тілеуқызы.

Жауапты сала маманы АИТВ-ның алдын алу және түсіндірме жұмысын жүргізу бағытында жүйелі жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Әсіресе, аудан бойынша білім беру ұйымдарында «АИТВ-қауіпті дерт!», «АИТВ-дан сақтаныңыз!» деген тақырыптарда оқушылармен кездесу өткізіп, ақпараттық танымдық сағат жұмысын жалғастыруда екен.

Сондай-ақ жауапты дәрігер дертке шалдыққан адам 2 жылдан 10-12 жылға дейін өзінің ауру жұқтырғандығын білмей бейқам өмір сүретінін жеткізді. Сала маманының сөзінше, соңғы уақыттарда бұл ауру қарапайым ауыл-аймақта да көптеп тіркелу үрдісі байқалған. Оған дәлел, 10-15 жыл бұрын бұл жұқпа 70-80 пайыз жағдайда инъекциялық есірткі тұтынушылар арасында анықталған болса, соңғы жылдары жыныстық қатынас арқылы жұқтырушылар саны артқан.
05 маусым 2022 ж. 186 0