№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Үлгілі отбасы - қоғам тірегі

Үлгілі отбасы - қоғам тірегі

Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған, шаттығы тасыған шаңырақтың бірі – Қосүйеңкілік Ағаділовтер әулеті. Осындай отбасының берік қазығы Алтай аға мен Әлия жеңгей ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспетті. Сол себепті де, бұл отбасы – көпке үлгі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың отанасы Әлия қыздарын қабатына алып, үй тірлігімен қатар, сиыр сауып, май шайқауды да үйреткен. Ал отағасы Алтай Адымұлы екі ұлын жанына ертіп, әкеден көрген кәсібін өзі ғана жалғастырмай, балаларына да үйретуді парыз санайды.

– Әкем адамгершілігі мен азаматтығы жарасқан, өте еңбекқор жан еді. Әкем мен анам 31 жыл мал бақты. 1943 жылы Кавказдан жер аударып келген екен. Осында келген соң балалы-шағалы болды. Бәрімізді де, оқытты, үйлібаранды етті. Әкем совхоздың қойын бақса, анам сауыншы болған. Балалық шағымызда әкеміздің жанында жүріп, қолғабыс еттік. Жастайымыздан тезек теріп, жусанның тамырын отынға жинап, ойынның не екенін ұмыттық. Солай еңбекке құштарлық кішкене кезімізден қалыптасты, – деп ағынан жарылды. Алдыма мал салып көктем және жаз көкке жүгірген тоқтыларға ие болу – әрине, оңай шаруа емес. Шын мәнісінде, тарыдай шашылған отардың басын қайыра алмай, әлекке түскен күндері талай мәрте көзімізге жас тығылатын. Осы бейнет қой бағудың қыр-сырына баулып, жайылым таңдаудың, көшіпқонатын уақыттардың тиімді тұстарын үйретті. Бәрі де төгілген ащы тер мен жігердің арқасы, бүгінде жақсы өмір сүріп жатырмыз. Анам әкемнен бұрын 2008 жылы бақилық болды. Әкем былтыр өмірден өтті. Ол кісілердің өмірі бізге, немерелеріне, ұрпағына үлгі өнеге. «Әкенің жақсылығы балаға мың жылдық азық» дейді. Міне, әкеміздің жақсы қасиеттері бізге де дарып, оның салған дара жолымен жүріп келеміз. Әкем де, анам да балаларына осы уақытқа дейін қабағын шытып, ауыр сөз айтып көрмеген. Бәрін ақылмен шешіп түсіндіруді жөн санады. Өз таңдауларына ерік берді. Содан болар, бауырларымның барлығы да әр саланың үздігі, – дейді ол.

Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұста, Алтай ағаның айналасына шуағын шашып, көмек сұрай келген жанның қолын құр қайтармай, ауыл ішінде жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық танытып жүретінін де көзіміз көрді. Жаңа оқу жылы басталар уақытта, жағдайы төмен отбасы балаларының талайын қамқорлыққа алып, керек-жарағын әперіп жүретінін білеміз. Қосүйеңкі ауылында талай отбасына жылу сыйлады.
– Мен ең алдымен әкеме қарап өстім. Әкем де уақытында қолында бар болса ешкімнен ешнәрсе аямайтын. Біз үшін әкеміздің айтқаны заң болды. Сондағы әкемнің ұстанымы: адал бол және еңбек ет. Осы екеуін өз бойына қалыптастырған адам ешқашан аш қалмайды, көштен де қалмайды деп отырады. Ал анам болса, бізге сабырлылықты, қажырлылықты үйретті. Өзі сондай сабырлы. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген сөзді үнемі айтып отыратын. Сосын қолыңнан келсе жақсылық жаса дейтін. Сол әкемнің өсиеті әбден құлағыма сіңіп қалса керек, көмек керек жанға көмектесуді парыз санаймын. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз.

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей, адамдардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!», дейді ол.

Таңның атысы, күннің батысы білекті түріп, белді бекем буып, қойдың қоңын арттыруда Алтай ағамыздың еңбегі зор. Осы ретте, малшылардың «Мал – баққанға бітеді» деген нақыл сөзі бекер айтылмағанын, мал бағудың да үлкен қыр-сыры мол ғылым екеніне көз жеткіздік. Бұл мәселеде шаруа қожалығының ұтқаны көп. 2019 жылдан бері «Саудагүл» шаруа қожалығын ашып, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жанында жүрген көмекшілері де оның жауапкершілігі зор, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамгершілігі мол екенін растайды. Өйткені, нардай жүкті иығына арқалап жүрген жанның жерге қаратқан күні жоқ. Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша, 100 аналықтан 100 бас қозы алса, биыл мал басының аман сақталуын 95 пайызға қамтамасыз етті. Үстеме салмақ өндіруде де биік көрсеткішке жетіпті. Әр қойдан жүн өндіруде жоспарлы өнімін алған. Жылдағы міндетінше, аналық қой малын қолдан ұрықтандырып, қыс айларында малдың қоңдылығын түсірмей, үлкен іс жүргізуде. Қол астында малшылары болса да, күнітүні малдың жанынан шықпай, бар ықыласын төгіп еңбек етіп келеді. Түздегі жұмысын ақсатпаған Алтай Ағаділов шаңырақтың жарық-жылуын да маздатып, әке жолымен балаларын да ерте еңбекке баулып келеді. Тәрбиетәлімге қанықтырып өсірген ұл-қыздары оқуда озат. Жарасымды жанұяның үлкен қызы Алматы қаласында жоғарғы оқу орнын аяқтап, бүгінде жеке кәсіпті серік етіп келеді. Ал, одан кейінгі қызы Ғайни, ұлдары Әли мен Әмір мектеп қабырғасында.

Ынтымағы жарасқан бұл отбасында ағайын-туыс, көрші-қолаң, бауырлар бір дастархан басында жиі бас қосады. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.

Адым ата мен Саудагүл әже көзі тірісінде балалары мен немерелерін жастайынан еңбекке баулыған. Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ! Туған-туыстары мен жолдастары арасында әр қазақтың санасына сәуле шашып, ой тастап, салтдәстүрімізді, асыл дінімізді дәріптеп жүрген берекелі отбасына қарап мақтан етеміз.

Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныстіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Міне, татулығымен тартымды болып отырған Ағаділовтер шаңырағының бүгінгі жайкүйі осындай. Барлық отбасы осындай болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Әсел РЗАЕВА

18 желтоқсан 2022 ж. 330 0