№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы

Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы

Өңірімізге танымал үлгілі әулеттердің бірі – Манамбаевтар отбасы. Әулет иесі Абай Манамбаев 1972 жылы Қаратөбе ауылын құрып, қарапайым халықты егін егуге, бау-бақша өсіруге баулыған кісі. Ол күріштен мол өнім алудың қыр-сырын жетік меңгеріп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне тағады. Өзі өмірден өтсе де, аты өшкен жоқ. Өмірлік қосағы Бейсенкүл Көштекова перзентханада жұмыс істеп, зейнеттік демалысына шықты. Анамыздың сөзінше, 200-ге жуық баланың кіндік шешесі екен.

Олар 1971 жылы шаңырақ көтереді. Бүгінде шынар ағашындай діңгегі мықты әулетке айналды.
Жүзі жарқын, көңілі кең дария Бейсенкүл ана ұлттық құндылықтарды дәріптеуші. Білген-түйгенін қолындағы төрт келініне үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі-өнеге.
Расында, бұл әулет – көпке үлгі. Бейсенкүл апа екі бірдей енесіне төрден орын беріп, жылы жұмсағын ауыздарына тосып, арулап шығарып салған келін. Атасы өмірден өткеннен кейін қос ененің көңілін тауып, бабын жасап отырған. Оның қолы қалт етіп босай қалса, немерелеріне өткен күндерден әдемі естеліктер айтып, тағылымды әңгімеден сыр шертеді әрі келіндерінің басын қосып, не бір шаруаның басын қайыруда әлі қатардан қалмапты.
Сол себепті Қаратөбе ауылындағы Манамбаевтар әулеті елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасы. Осындай әулеттің мүшесі Гауһар Абайқызының құнды естеліктерін әкеге деген сағынышынан анық байқадық.
– Әкем Кентау қаласындағы №51 орыс мектебін бітіріп, Ташкент қаласындағы медициналық институтқа фармацевт мамандығы бойынша оқуға түседі. Өкінішке орай, анасының қамымен оқуын жалғастыра алмайды.
Әкемнің өмірден тоқығаны көп, әрі үздіксіз білімін жетілдіріп жүретін. Қандай пән болмасын кең көсіліп, білім кенін ақтаратын. Түбі терең теңіз дерсіз. Сұрағанына нақты жауап береді. Әсіресе, есепке жүйрік болатын. Содан болар балаларының көпшілігі жаратылыстану бағытына бет бұрды. Адамгершілігі мен азаматтығы жарасқан, өте еңбекқор азамат-тұғын.
Әкем осы ауылға көшіп келгенде, өзімен бірге бір сандық кітап алып келген екен. Оны әкемнің көзін көргендер айтып отырады. Әкеміздің салған дара жолымен бізде жүріп келеміз. “Әкең өлсе де, көзін көрген өлмесін” дегендей, ол кісі туралы жақсы сөз айтатындар әлі де табылып жатады, – деп еске алды.
Ынтымағы жарасқан бұл отбасында төрт келін еншілерін алып, бөлек шықса да тату-тәтті өмір сүріп, балалары жиі бір дастархан басында бас қосады. Төрт келіннің бірдей ілтипат көрсеткен қызметіне көңілің елжірейді. Міне, ізгілікті қасиетке толы әулет тынысы осындай.
Отбасының татулығы берік болса, елдің де керегесі мықты болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Бүгінде төрт ұл, төрт қызы түгел аяқтанған.
Үлкені Қаныш пен жетінші қызы Валентина «Қазақмыс корпорация» ЖШС-да жұмыс істейді. Гауһар Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздық етеді. Бағила Астана қаласындағы мектеп-гимназияда мұғалім. Көркем Түркістан қаласындағы медициналық колледже жұмыс істейді. Қуаныш Парламентте IT саласына жауапты маман. Жеңіс №229 Абызтөбе мектебінің директоры. Кенжесі Аймұрат Жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінде қызмет етеді.
Міне, осы сегіз перзенттен өрген немере, шөберелері әрдайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауызы дуалы ел анасының батасын алуды мұрат тұтады.
Бейсенкүл әже балалары мен немерелерін де жастайынан еңбекке баулыған. Өз қолымен өсірген жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдерінің түбін қопсытып, арам шөбін тазалау кішкентайлардың еншісінде. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер қара шаңыраққа жиналып, әжелеріне арнайы келіп, қуантады. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толады. Немерелері мен шөберелері әжесімен ән айтып, көңілге қуаныш сыйлайды. Ынтымағы жарасқан Манамбаевтар отбасының көрсетер өнегесі осындай.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
10 шілде 2021 ж. 484 0