№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Нар тұлғалы азамат

Нар тұлғалы азамат


1921жылы Орынборда Қазақстан комсомолының бірінші өлкелік конференциясын ұйымдастырған тау тұлғалы азамат Қазалыдағы орыс - қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ - қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы - лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі - тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген екен.
Өзі өмір сүрген жылдары Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырып, Жетісу облыстық және Ташкент, Самарқанд, Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалауға ат салысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. 1921 жылы Ташкенттен шығатын «Жас алаш» газетінің бас редакторы болса, 1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы Комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1922 - 1924 жылдары Ресей Коммунистік жастар одағының (РКЖО) 5 - съезінде Ресей Коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы Орталық комитеті Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды.
Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры туралы Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Жұбан Молдағалиев сынды ақындар жыр арнаған. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілген. Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылып, Республикалық оқушылар сарайына Ғани Мұратбаев есімі берілген, Қазалы қаласында мемориалды мұражай ашылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр» деректі фильмі түсірілді.
Ғани – нағыз күрескер дәрежесіне көтерілген саяси тұлға.
«Өмірді Ғанидан артық кім жақсы көрген? Ол бірақ жеке өз өмірінің қамын ғана ойлаған емес. Ол көпшіліктің өмірін, көпшіліктің бақытын ойлаған, нағыз қоғамдық үлкен бақытты өмірді көксеген еді» деп Жүсіпбек Арыстанов жазғандай, ол Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісін қуана қарсы алған.
Жастығына қарамастан, «жалынды үгітші» атанған Ғани партия органдарының тапсырмасына жауапкершілікпен қарап, байлар мен буржуазияшыл ұлтшылдарға табандылықпен қарсы күреседі. Бар ғұмырын халқының болашағына арнаған Ғани күрес үстіне шынығып, ширыға түседі. Комсомолдың басшылық жұмыстарында болған Ғани Коммунистік партияның нұсқауларын, соның ішінде ұлт саясатын мүлтіксіз орындау жолында жан - тәнімен қызмет етіп, өзінің табанды большевик, шебер ұйымдастырушы екенін аңғартады. Бойында ұйымдастырушылық, шешендік, табандылық, әділдік, адалдық, шыншылдық, әлсіздерге қамқорлық, қайсыбірін санамалап айтайық, асыл қасиеттер тоғысқан тұлға өнегесін ұрпақтарға үлгі етіп, рухани тәрбие беру – біздің азаматтық арымызға сын болып қала бермек.
Ғани комсомолдың Бүкілодақтық V съезінде (1922 ж.) орталық комитет мүшелігіне кандидат, VІ съезінде (1924 ж.) Орталық комитет мүшесі, республика кеңестерінің ХІ - ХІІ съездерінде орталық атқару комитетінің мүшесі, Дүниежүзі коммунистік интернационал жастарының ІV конгресінде атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Хорезм Республикасының «Қызыл еңбек» орденімен наградталды. РСФСР әскери - соғыс флотының құрметті теңізшісі атағына ие болды.
Ол алмас қылыштай жарқылдап өткен Алаш арыстарының бірі, ағартушы педагог. 18 жасынан бастап қазақ халқын аштықтан арашалауға, сауатсыздықты жоюға білек сыбана кіріскен ел қамқоршысы болған ол өзінің қысқа ғұмырын, ақыл - ой парасатын жастардың келешегіне арнады. Өзі де мұғалімдік училищенің оқытушысы болған ол жетім балаларды қанатының астына алып, олардың интернатқа орналасуына ықпал жасайды. «Бұларды тәрбиелеу керек, келешек игі істердің талайы осылардың қолымен шешілмек. Бұлардан еңбекшілер сенімін толық ақтайтын іскерлер тәрбиелеп шығуымыз керек» деп алдына биік мақсат қойған Ғани көптеген қиындықтарды жеңе білді.
1920 - 1923 жылдары Ташкентте жетім балалар үйі ашылды. Ғанидың көмегінің арқасында көптеген жастар осы жерде білім алды. Еңбекші жастардың оқып, білім алуында түн ұйқысын төрт бөлген Ғ. Мұратбаев бір жолдасына 1920 жылы жазған хатында: «Ғылымсыз, оқусыз ешнәрсе болмайды екен. Биыл қаратабан кедей жастардан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін» дейді. Сонымен қатар, әйел теңдігін қорғауды да назарға алған. Қазақ халқында әйелдердің, қыз - келіншектердің жоғын жоқтап, олардың теңдігіне араша түскен азаматтардың арасында Ғани да бар. Ол 1921 жылы «Жастар» газетінің екінші санында жариялаған мақаласында былай деп жазды: «Отаршылдардың, байлардың талай әйелдерді күң қылып, отын алдырғаны, тезек тергізіп, мал баққызғаны да анық. Қолдан келгенше халықтың арасына кіріп, жастар ұйымдарын ашып, байлардың есігінде жүрген қазақ, қырғыз әйел жастарын жинап, оларды оқу орындарына кіргізу керек. Еңбекші халықтың бізді оқытып күткен үмітін ақтамай қалғанымыз жарамсыз болар» деп жастардың алдына үлкен міндет қояды.
 Ғанидың замандасы, жазушы Ілияс Жансүгіров Ғани туралы естелігінде былай дейді: Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Ол оқып жүріп әлеуметтік ісіне көңіл қойып, жас коммунистердің алғашқы ұйымын жасай бастаған.  Ғанидың оқуынан ұйымда істеуі көп болушы еді, сол жылы жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «жастар газетін шығару» деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Садуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан бар құрап, газеттің қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екі бетті ғана қазақ жастарының тұңғыш газеті- кішкене «Жас алаш» газеті наурыз күні жарыққа шықты.
Әлі ұмытпаймын. Газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «бұған бір ұран жіберелік, тұңғыш жастар газетінің, жастар жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!» деп еді. Қарып терушілердің.... еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бөлектетіп, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің маңдайына қойған ұраны міне: «заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті- бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!»
Міне, осы ұран -әлі ұран, осыдан басталып, қазақ жастарының арасында әлеуметтік сезімі өсе бастады. «Жас алаш» газеті жастар баспасының алғашқы демі болды.
Ал, Ғанидың оқуға келген кезінен естелік айтушы сол училищенің директоры   Иса Тоқтыбаев Ғани туралы былай дейді: - Ыждағатты Ғани алғашқы екі ай бойы педагогикалық жаңа жағдаймен, жаңа адамдармен шын беріле таныса бастады. Ол кітап оқып, оқығаны жөнінде конспект жасап, күн сайын ұзақ түнге дейін отыратын. Бір күні биология пәнінің оқытушысы Бисеитов Ғани қойған сұраққа жауап бере алмай, сабақ үстінде өзінің білместігін сездіріп қойды. Мұндай жағдайлар басқа оқытушылардың да сабақтарында болып тұратын. Ғани жаратылысынан сондай талантты болатын. Ол өзімен бірге оқып жүрген жолдастарынан әлдеқайда жоғары еді. Ал,  оқытушылар да әрдайым онымен сөйлескенде, өздерінің білімдерінің аздығын білдіріп қоймауға сақ жүретін. Өте жастығына қарамастан Ғани Салтыков-Щедриннің, Толстойдың, Чернышевскийдің, Пушкиннің, Гогольдің, Герценнің, Достоевскийдің тағы басқа орыс және шетел классиктерінің шығармаларын оқып шықты.  Ол оқытушылармен әңгімелескенде өткен уақыттағы прогрессшіл жазушылардың еңбектерінде ұнамды пікірлерімен бірге, олардың реакциялық көзқараспен қарайтындықтары барын айтып, тайталасып отыратын. Біз өзіміздің ойымызды, адам баласы өз тарихында жасаған барлық мәдени байлықтарды біліммен байытып, оны сын көзбен қарап меңгеруіміз керек дейтін Ғани өз мұғаліміне.
Осы тұста айта кетейік, республикада Ғанидың есімімен аталатын  мектептер, көшелер,  ауылдар, оқушылар Сарайы, стадион бар. Мекемелер мен мектептерде, ауылдарда ескерткіш-бюсттер орнатылған. Кеңес өкіметі тұсында көптеген еңбек ұжымдары, мектептердегі  пионер  ұйымдары Ғанидың есімімен аталды. Ғани еңбек ұжымына мүшелікке қабылданып, оның тапқан табысы «Бейбітшілік қорына» аударылып тұрды.
Сөзімді қорыта келе еліміздің тарихында ойып тұрып орын алатын, жаңалықтың жаршысы, жаңа өмірдің белсенді құрылысшысы бола білген біртуар тұлға Ғани Мұратбаевтың есімі ел есінде мәңгі сақталады дегім келеді.
Әсел РЗАЕВА
04 мамыр 2023 ж. 222 0