№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұрлық ұлғайды, малшыдан маза қашты

Ұрлық ұлғайды, малшыдан маза қашты


Ауыл тұрғындарының табыс көзі қолдарындағы азын-шоғын малы. Өнімін пайдаланып, ауысқанын сатып, сонымен тірлік етіп отырғандары жасырын емес. Маңдай термен бағып отырған малы оңай олжаға құныққандардың қолында кетіп жататыны өкінішті. Мұндай келеңсіз жәйт біздің ауданды да теріс айналып өтпеген. Жыл сайын қайталанып келеді.

  «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деп отырған ауылдағы ағайынның берекесін қашырып, қорадағы немесе жайылымдағы малына құрық салатын «екіаяқты» әккілердің айла-тәсіліне не деуге болады? Сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-қилы жоғалып кетіп жатқан ұрлық малдар мен ұстатпай жүрген ұрылар шынында қайда жүр?. Оларды ұстап тиісті жазасын беруге кім немесе нендей жағдай кедергі. Міне осы тектес сауалдардың жауабын білу үшін аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Мәткәрім Құрбанға жолыққан едік.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мал ұрлығы үлкен мәселеге айналған. Мәселен, қолдағы мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың қорытындысы бойынша жыл басынан бері 16 мал ұрлығы тіркеліп оның 8-і ашылған. Ал былтырғы жылы 14 малұрлығы орын алып, оның 11-і ашылған екен. Бұл пайыздық тұрғыдан өткен жылмен есептегенде қылмыс санының артуын, сәйкесінше, екі аяқты қасқырлардың ізін суытпай ұсталуы да тергеу жұмыстарының жемісті нәтижесі арқасында орын алып жатқанын айта кеткен жөн. Десе де бұл жерде «көп жүрген жыланның аяғы көрінеді» демекші, мұндай жағдайда ұрының ұзаққа баруы екіталай.

Жауапты маманның бізге берген мәліметінше, жыл басынан бері мал ұрлаумен айналысатын 3 қылмыстық топ құрықталған. Олар шамамен 10-нан аса сиыр-жылқыны жымқырған. Ішінде саудалап үлгергені де бар.Арыздар мен шағымдардың көрсеткішіне сәйкес, биылғы жылы жұмыс нәтижелі болып, малдың иелеріне қайтарылған фактісі де тіркелген.

Жан-жақты зерттеу барысында малдың қолды болуына өзіміз де себепкер болатын сияқтымыз. Қазір нағыз науқанның уақыты. Жаз бойы жылқыны сауын үшін ұстаймыз да, осы сәтте еркіне жібереміз. Қысқа жем-шөп, отынсу қамдаудың өзі мал түгендеуге мойын бұрғыза қоймайды. Қол байлайды. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп, өзімізді өзіміз сендіреміз де, жағамыз жайлауда жүреді. Сол орыннан табылмай, үйге келмесе сабылып 2-3 күн іздеп уақытты жоғалтамыз. Содан құқық қорғау органдарына шағымданамыз. Осы уақыт аралығында ұры да ізін суытып үлгереді.

Біраз уақыт бұрын мынадай бір оқиғаны құлағым шалып қалғаным бар. Осыдан он шақты жыл бұрын бірнеше ауданның жылқыларын үйір-үйірімен айдап, ізін суытып жүрген қылмыстық топ пайда болған. Қанша жылдан бері қолға түсіре алмаған. Ойлағандарын жүзеге асырған соң, ізім-қайым жоқ болатын көрінеді.

Сол топ кезекті қылмыстық істеріне кіріскен. Үйір жылқыны жайылымынан ұзатып алып шығып, жүк көлігіне тиеп жатқан сәтте бір байтал ұрылардың ырқына көнбей, зытып шыққан. Артынан мотоцикл мен аттылы адамдар қанша қуса да жануар жеткізбепті. Содан үйірінен айырылған жануар жүріп өткен жолымен жобалап отырып, үйіне жетіпті. Осылайша үй иесі жануардың ізін барлаған күйі талайды қан қақсатқан ұрылардың үстінен түскен екен. Не десек те, Абай атамыз «қазақтың міні – мал ұрлығы» деп өз заманында дөп басып айтса да, өкінішке орай, қылмыстың бұл түрі азаяр емес.

ҰРЛЫҚЫ МАЛ, РҰҚСАТСЫЗ САУДА

Расымен қазір мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты бар. Құжатсыз қимылдай алмайсыз. Саудалайтын тауарыңыздың құжаты болмаса құны да төмен. Ал, ұрлықы малды қалай саудалайды деген сұрақ баршамызды ойландырады. Оның құжаты қайда? Мемлекеттік базаға тіркелген бе? Егер, сойып сатар болса, оның анықтама құжаты қайсы? Мал сою бекетінде басылған мөрі қайда? Бұл мәселелер заң жүзінде бекітілгенімен қазақшылыққа, таныс-тамырлыққа салынып, мән бермейтініміз жасырын емес. Осы тақырып аясында да қылмыстық істерді мысал ете кетейік. Кент тұрғыны Б. есімді ақсақалдың өткен жылдың желтоқсанында екі бас жылқысы жоғалған. Ауылдан ұзап кете қоймайтынын біліп, қолды болғанын сезеді де, тиісті органдарға шағымданады. Содан 4 ай ізіне түскен екен. Тергеушілер Қызылорда, Шымкентті шарлайды. Ақыры Жетісай қаласының маңындағы мал бордақылайтын цехтан табылады. Анығында, терісі табылған. «Ш» деген таңбадан аңғарады. Көп ұзамай күдіктілер де қолға түседі. Сөйтсе, ұры алыстан келмепті, ауылының азаматтары екен. Арнайы «ГАЗель» көлігін жалдап, тиеп жіберген. Оны оңтүстіктің сауданың қазанында қайнаған саудагер жігіттері арзан бағаға сатып алған көрінеді.
Қысқасы бұл қылмыстың белең алуына алыпсатарлар жол ашып беріп тұр. Ал, «сойылып сатылған күннің өзінде анықтама құжатын қажет етпей ме?» дегенге келсек, бұған бей-жай қарамау алдымен мына сіз бен бізден бастау алуы тиіс.

«ҰСТАЛМАҒАН ҰРЫ ЕМЕС»

Аталмыш қылмыспен күресудегі тағы бір күрделі мәселе, қылмыскерлерді қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құрылымдары жұмсалып, қылмыс енді ашылды дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы жауаптарын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығаратын жағдай тіркелетінін естіп жүрміз.
 
«Мұндай мәселе бізде әзірге тіркелген жоқ. Жалпы қылмысты жасайтын да, ашатын да халық. Ұры анықталған соң, кешірімге барады. Шөбімізді өртеп, өзімізге қастандық жасар деген үреймен қаймығады. Ал, бір дәндеп алған ұры бір жыл тыныш жүрер, одан кейін әдетіне қайта басады. Ол жазадан құтылу үшін шыққан шығынның, жалдаған адвокаттарының қаржысын қайта өндіру үшін байырғы әдетіне көшеді. Сондықтан біздер мүмкіндігінше қылмыстың өтеуі жаза екенін ұғындыруда жұмыс істеуге міндеттіміз» – дейді Құрбан Серікұлы.

«САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ»

«Сақтансаң – сақтаймын деген». Бүгінгі таңда қолданыстағы «чиптің» көмегі мол дейді мамандар. Бағасы түрлеріне қарай – 70, 80 мың теңге. Үйіріңіздегі айғырдың немесе бас білетін жылқының мойнына трекер арқылы орнату қажет. Сосын ұялы телефоныңызға қосымшасын жүктеп, картаның көмегімен қайда жүргенінен хабардар болып отырасыз. Көбісі, қымбатсынып, мақұл көрмейді. Десек те, біраз шаруа қожалығының иелері игіліктеріне жаратуда. Құрылғы арқылы мал ұрлаған қылмыскерлерді ұстау оңайға соғады», – дейді мамандар.
Ұры айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан мына заманда қораңызға құлып салғанды әдетке айналдырған жөн. «Ел ішіндеміз ғой» деген жалған сенімнен арылған абзал.

Қорытындылайық. Дәл соғым уақытында сан соғатындар саны қаншама. Жалпы бізде ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде науқанның нақ өзі қазір. Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру заңы бойынша қылмыскерді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстың өтеуі – жаза. Ендеше жаза қатаңдап, қылмыскер саны азайса игі еді…

Лаура БИБАСАРОВА
05 шілде 2023 ж. 825 0