№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ОҢАЙ ОЛЖА ОРҒА ЖЫҚТЫ

ОҢАЙ ОЛЖА ОРҒА ЖЫҚТЫ


"Мал баққанға бітеді», «Мал, жаның аман ба?» деп айтатын қазақ халқы үшін мал отбасын асырау көзі.

Алайда өзгенің ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малына сұқ көзін қадап, оңай олжаға кенелушілер саны да толастар емес.

Өткен жазбамызда мал ұрлығы мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Қылмыстық Кодекске арнайы «мал ұрлығы» үшін жауаптылықты көздейтін 188-1 баптың енгізілгені жайлы айтқан болатынбыз.
Осы баптың 1-бөлігінде мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру үшін сотталушы мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны белгіленді.

Бұл жағдайда мал ұрлығы бір адаммен ғана және бір рет, қораға кірместен, жайылымнан немесе өрістен алу арқылы жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жасалған мал ұрлығы орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады.
Ал мал ұрлығын бірнеше адам алдын ала сөз байласып жасаса немесе бір адамның өзі болсын бірнеше рет жасаса немесе қораға, қоймаға кіру арқылы жасалса, ол ауыр қылмыс болып табылады.
Сөзімізге арқау болып отырған, Жаңақорған аудандық сотында осы мал ұрлығы бойынша қаралған қылмыстық іс бойынша сотталушы С. Түркістан облысының тұрғыны өзінің бұрынғы ауылы Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылына танысы Н.-нан қарыз ақшасын сұрап келген.
Алайда танысы ақшасын қайтармаған соң оның атын сұрап алып, өзінің жайылымда жүрген малдарын көруге шыққан.
Жайылымда жүріп ауылдасы К.-ның жайылып жүрген бір бас өгізшесін көріп, оны жасырын жымқыру мақсаты туындап, аталған малды мойнына арқан салып ұстап, жасырын жымқырып, танысы Н.-ның үйіне әкеліп, өз малы екенін айтып, Түркістан қаласына базарға сатып беруін өтініп, ақшасын кейін алатынын айтып қалдырып кеткен.
Келесі жолы өз ауылына бір айдан кейін танысы Н-нан қарыз ақшасын сұрап тағы келген сотталушы С. ақшасын ала алмаған соң, оның атын сұрап мініп, ауылдың жайылымдық жерінде жайылып жүрген жылқы малдарының арасынан ауылдасы Н. деген азаматтың бір бас тайын мойнына арқан салып ұстап, жасырын жымқырып танысы Н.-нің үйіне әкеліп, оған бұл малды да Түркістан қаласына базарға сатып беруін өтінген.
Осылайша сотталушы С. өзінің ауылдастарының малын бірнеше рет жасырын жымқырып ұрлап, ауыр санаттағы қылмыс жасаған.
Ол басты сот талқылауында жасаған әрекетіне өкініп, жәбірленушілерге малдары қайтарылғанын, келген залал жоқ екенін, енді қайталанбайтынын, отбасының асыраушысы екенін көрсеткен.
Жәбірленушілер де малдары қайтарылғанын, өздеріне келген залал жоқ екенін, сотталушыға кешірім беретінін көрсеткен.
Алайда жоғарыда атап өткеніміздей, бірнеше рет жасалған мал ұрлығы ауыр қылмыс болып табылады және ол бойынша жәбірленушіге келген залалды өтеген жағдайда да татуласуына байланысты жауаптылықтан босатуға жол берілмейді.
Мал ұрлығын бірнеше рет жасағаны үшін Қылмыстық Кодексте мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны белгіленген.
Өздеріңіз байқағандай, бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан басқа айыппұл, бас бостандығын шектеу түріндегі балама жазалар көзделмеген.
Осы негізде сот үкімімен сотталушы С. бөтеннің малын бірнеше рет ұрлағаны үшін Қылмыстық Кодекстің 188-1 бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді.
Сонымен оңай олжа таппақшы болған азамат өзін өзі орға жығып, темір тордың арғы бетінен бір ақ шықты.
Дана халқымыздың «Ұрлық түбі-қорлық», «Ұрыға мал құтаймас» деген нақыл сөздері ұрлап ішкен олжаның жұқпайтынын, еңбекпен тапқан малдың ғана дәмінің тәтті екенін меңзейді.
03 мамыр 2022 ж. 180 0