"Қарттарын қадірлеген ел ардақты"
"Ауылыңда дана қартың болса, жазылып қалған хатпен тең" - деп кемеңгер халқымыз атап айтқандай, өз дәуірінің тірі шежіресі іспетті ардақты ақсақалдарымыз бен аяулы аналарымыз шын мәнінде баға жетпес қазынамыз.
Осыған сәйкес Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапханамызда 1 қазан - Қарттар күніне орай "Қарттарын қадірлеген ел ардақты" атты кездесу кеші, тақырыпты ашу мақсатында "Даналықтың ақ туын биік еткен қарттарым" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш қонақтары кітапханамызға еңбегі сіңген, өмірінің қызығы мен шыжығы кітапханада өткен ардагерлеріміз Исаева Задаш ханым, Мырзатаева Тұрсынай ханым болды.
Олардың зайырлы жадында өткен кезеңдердің барша ақиқаты бүге-шігесіне дейін тайға таңба басқандай айқын хатталған. Қасиетті қарияларымыздың күмбірленген кеуделері пернесін бассаң сайрай жөнелетін сыр сандыққа немесе айтары көп, талғамы мол қасиетті кітаппен пара-пар. Қариялар өткен-кеткенді еске алып, өскелең ұрпаққа ақылын айтып, ақ батасын берумен болды. Ұжымның дайындаған сый-сияпаты тарту етіліп, концерттік бағдарламамен кездесу кеші өз мәресіне жетті. Ұрпақ үшін тер төккен, біздің осы күнімізге себепкер қарттарды аялаумен өтейік, ағайын!