№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіл елдіктің белгісі

Тіл елдіктің белгісі


Тіл ұлтпен бірге өмір сүреді. Тіл жоғалса тілмен бірге ұлт жоғалады. Сондықтан әр ұлт өз ана тілінің өміршеңдігіне мүдделі болуы керек.

 Қазақ деген ұлыстың ұлт болып қалыптасуының тамыры тереңде, оның бір-бірімен қатынас құралы ретіндегі ана тілі – сөйлеу тілі болғанымен жазуы ілгері жұрттың таңбасына тәуелді болғаны тарихтан белгілі. Қазақ халқының дербес ел болып қалыптасу дәуіріндегі тіл үшін күрескен тұлғалардың тарихтан алар өзіндік орындары бар. Атап айтсақ, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Құдайберген Жұбан, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, тағы басқалар.

 «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». ХХ ғасырдың басында осылай деп айтқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақтың тілінің ғылымилануына бар өмірін сарпт еткен жан.

 Адам дүниетанымын қалыптастыруда ғылыммен қоса руханият та аса қажет. Руханият – тіл мен әдебиетке тікелей қатысты.
Әсіресе қазақ халқы үшін тіл мен әдебиеттің орны бөлек. Халқымыздың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, ырымпайымдары, тарихы, өнері осы тіл мен әдебиеттен туындайды. Басқа ұлттарға қарағанда қазақ тілінің сөздік қоры өлшеусіз мол.

 Қазақ тілі небір нәубетті басынан өткерсе де мойымаған жасампаз тіл. Ресей империясының, кейін Кеңес үкіметінің небір құйтырқы амалдарына қарсы тұрып өзінің өміршеңдігін сақтап қалды.

 Тіл саясаты – бұл, тіл тағдырын белгілейтін мемлекеттік шаралар жүйесі. Ел егемендігінің, оның демографиялық және саяси тұрақтылығының басты тірегі. Ол бүгінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастырушы, Қазақстан халықтарының басын біріктіретін басты фактор ретінде қызмет атқаруда. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020- 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, аудандық мәдениет үйімен бірлесе отырып, 4 жазба ақындар арасындағы жыр мүшәйрасы, 3 көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, сондай ақ үш тілді жетік меңгерген жастар арасында 3 интеллектуалды байқаулар мен мектепке дейінгі мекемелерде, білім ұйымдарында, кен және ауылдық округ жастары арасында әртүрлі форматта ісшаралар ұйымдастырылды. Аудандық байқаулардың жеңімпаздары бірқатар облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

 Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, үштілділікті насихаттау, тілдерді меңгеруге деген қызығушылықты ояту, тіл мәдениетін жетілдіру мақсатында «Мемлекеттік тіл – мерейім», «Тіл – парасат», «Менің тілім – мәңгілік тіл», Абай Құнанбаев атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі аудандық байқауы, «Ахмет оқулары» орыс тілі білгірлерінің «Ой – сана» және «Жарқын болашақ» атты үштілділік байқауы, «Біз – Манаптың ұрпағы», «Жүз жасаған жүрек», атты жазба ақындардың мүшайрасы т.б. Байқаулар мен мүшәйралар, олимпиадалар мен сайыстар онлайн режимде өтіп, нәтижесі әлеуметтік желіге жарияланды. Өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес алдағы уақытта да ««Мемлекеттік тілмемлекеттік қызметте», Тіл – тұнық ойдың кәусары» аудандық олимпиадасы мен этнос өкілдерінің қатысуымен «Тілі бірдің – тілегі бір» фестивальін өткізу жоспарлануда.

 Елбасының алға қойған басты міндеттердің бірі – мемлекеттік тілді меңгергендердің үлес-салмағын 2025 жылға қарай кемінде 95%-ға жеткізу. Бұл бағытта аудан көлемінде мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгерулері мен одан әрі дамытулары үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып отыр.

 Ауданда үштілділік саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілерін ағылшын, орыс тілдерін оқыту жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы әлеуметтік зерттеу нәтижесінде ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 8,9%, орыс тілін меңгергендердің үлесі 70%, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгергендердің үлес салмағы 12,5% -ды құрап отыр. 2018 жылдан бастап тілдерді оқыту орталығы жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 75-ге жуық маман мемлекеттік тілде оқытылды. 70 адам ағылшын тілі курстарынан өтті. Көптілді жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету мақсатында аудандық байқаулар, олимпиадалар өткізілді.

 Тіл туралы Заңның 21-бабына қайшы келетін кәсіпкерлік нысандарына тіл заңнамалары түсіндіріліп, арнайы Заңнан үзінді парақшалар таратылды. Жыл басынан бері бірқатар заңдық нормаға сай жазылмаған жарнама анықталып, оларға жарнама мәтінінің дұрыс жазылу реттілігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы брашюралар таратылды.

 Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Ұлттық әліпбиді латын қарпіне көшіру үрдісі аясында да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

 Қазақ әліпбиін графикасына көшіру мақсатында ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі - болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел отырысы, мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Жаңа әліпби – қазақ тілінің жаңғыруының басты көрсеткіші» атты семинар өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне латын әліпбиі негізіндегі емле ережелері түсіндірілді. «Латын қарпі: жаңа нұсқаның артықшылығы неде?» , «Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты тақырыптарда БАҚ-да латын графикасын насихаттау мақсатында мақалалар жарияланып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен әзірленген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының орындылығын түсіндіру мақсатындағы бейнеблоктар әлеуметтік желі арқылы ел назарына ұсынылды. Халық арасында латын әліпбиінің маңыздылығын түсіндіру және насихаттау барысында түрлі іс-шаралар мен БАҚ-да материалдар жариялануда. Осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін тілдерді оқыту орталығының маманы әрбір мекеме, ұйымдарда іс-шаралар ұйымдастырып, емле ережелерінің жобасы таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

 Ауданның этнос өкілдерімен тұрақты түрде байланыс орнатылып, ісшараларға тарту қарсатырылған. Атап айтсақ, «Мен қазақша сөйлеймін», «Тілге құрмет – елге құрмет» сынды республикалық акциялар мен жалпыхалықтық диктанттарға этнос өкілдері белсенді атсалысып, нәтижесі әлеуметтік желіде жариялануда.

 Елбасының идеологиялық тұрғыдан ескіріп, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында жыл басынан бері 2 рет ономастикалық жұмысшы тобы отырысы өтіп, 25 ұсыныс аудандық мәслихаттың оң қорытындысын алды. Аталған ұсыныстар облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылды.

«Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқысы болған – оның ғажайып тілі» деп тұңғыш елбасымыз айтқандай, тілге деген көзқарас – шындап келгенде елге деген көзқарас. Осы тұрғыдан келгенде – мемлекеттің тұтастығы мен елдің бірлігін сақтай отырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту баршамыздың басты міндетіміз болуға тиіс.

Маржан МЕДЕТҚЫЗЫ, Жаңақорған ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы
03 сәуір 2023 ж. 249 0