№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ісмерлікті игілігіне икемдеген

Ісмерлікті игілігіне икемдеген


Іскерлік – игі өнер. Ол ата бойынан ауысқан асыл қасиет болса оның өзі атағыңды алысқа танытары анық. Осындай тұлғалар қатарында жаңақорғандық Ақтоты Сағымбай жөнінде естіп, жан-жақты танысып қайтқан едік. Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған Ақтоты сол қаржыға көзін білетін кәсіп – тігіншілікке бұрып, кәсібінен нәсіп тауып отырған жан.

– Қайтарымсыз грантқа өзімнің идеямды ұсынар алдында көп ойландым. Ең бастысы, жастарға қолдау болғаннан кейін өзімнің қолымнан келетін істі дөңгелетейін деген тұжырымға келіп, жаныма серік еткен тігіншілік өнерді табанынан тік тұрғызуды мақсат еттім, – деп бастады ол әңгімесін.
Ақтотының бұл арманының ақиқатқа айналуына алдымен ата-анасы мен жолдасы көп қолдау білдіріпті. Бала кезден тігінге құмартқан осы істің қыр-сырын меңгеріп, ісмерлікті игілігіне икемдеуді үйренген. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған асыл қасиет Ақтотының кәсібіне айналғанына да жеті жылдан асыпты.
– Негізі, қолөнерге икемділік әкем жағынан да, анам жағынан да дарыған деп ойлаймын. Анам Айманның қолөнердің кез-келген түрінен хабары бар. Құрақ құрап, кілем тоқып, киіз басады. Әкемнің туыстарының арасында да қолөнермен айналысатын апаларым бар. Солардан көріп, көңілде тоқығанымды дамытып, өз-өзімді жұмыспен қамтуға бет бұрып кірістім. Жұмыс жоқ деп қол қусырып қарап отырмай бойда бар өнерді еңбекпен ұштастырған абзал. Есесіне ешкімге алақан жаймайсың, жұмыс іздеп біреудің есігін қақпайсың. Негізі қыз баланың қолына ине ұстап, іс тіге алуы толыққанды тұрмысқа да қол тірек, отбасылық бюджетті үнемдеуге де септігі мол, – дейді жас кәсіпкер.
Ақтоты қазақтың салт-дәстүріне сай, әр оюға мән дарыған құрақ құрап, қыз жасауын жасауға ерекше ден қойған. Тапсырыспен киім-кешек, перде тігіп, басқа да қажетті дүниелерді қамдап беруге қамқоры мол.
«Шебердің қолы ортақ», – демекші ісмерлікті жанына серік еткен жігерлі жастың игі бастамасы аудан халқына, оның ішінде өзі орналасқан МАИ бекеті ықшам ауданына мол пайдасын тигізуде. Өйткені, бұрындары киімді немесе тағы басқа тұрмыстық затты тіктіру үшін орталққа келетін тұрғындар, енді қызметтің бұл түріне өз көшесінен-ақ қол жеткізетін болған. Бұл – тұрғындар үшін үлкен көмек.
Бүгінде елде жастарды қолдау қарқынды жолға қойылды. Жастар үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекке қол жеткізіп, оны ел игілігі жолында жүзеге асырып, кәсібінен нәсібін терген Ақтоты Әбибуллақызының еңбекқорлығы мен игі бастамасы замандастарына үлгі болары анық...
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
26 шілде 2022 ж. 411 0