Жасыл желекке жарқын бастама
Жасыл желек – жанға сая. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борышының бірі саналады. Соңғы жылдары ғаламдық экологияның шектен тыс бұзылуына байланысты ағаш егу жұмыстары қолға алынып, сол арқылы қоршаған ортаның ауасын тазарту шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі. Экологияға пайдалы мұндай жұмыстар біздің ауданда да бір кездері қарқынды қолға алынған болатын. Алайда күтімсіз қалған ағаштар қарауы бомағандықтан, мезгілінде суғарылмағандықтан кеуіп қалған. Мұны кент әкімінің қызметіне жақында ғана кіріскен Асқар Ибрагимов өзекті мәселе ретінде көтеріп, қарамағындағы қызметкерлері алдында талқыға салды. Нәтижесінде басшының алға тартқан мәселесіне бірауыздан қолдау білдіру мақсатында ұйымшыл ұжым шіліңгір ыстыққа қарамастан таңғы және кешкі мезеттегі уақытын ең үлкен көше Тәуелсіздік көшесінің бойында отырғызылған ағаштарды арам шөптен тазартып, суғаруға арнайтындарын жеткізген болатын.
Бұл ағаштарды кезінде жергілікті әкімдік арнайы бағдарлама аясында қыруар қаржы бөліп отырғызған, алайда күтім жасауды ұмытып кеткен сыңайлы. Бұған ауданға келіп-кеткен басшылық тараптың жауапсыздығы деп қарау керек. Осындай салғырттықтың кесірінен аптап ыстықта су көрмеген көшеттердің басы сарғайып, біразы мүлдем өліп қалған. Күтім көрмей қурап жатқан жердің бірі кентке кіре беріс «Тәуелсіздік» көшесі жиегіне жағалай отырғызылған ағаштар. Ағаш егілуіндей егілгенімен, оны күтіп-баптау ешкімнің ойына келмеген сияқты. Сыртынан қарасаң әжептеуір саялы баққа ұқсағанымен, айналасы қоршаумен қоршалған ағаштардың қасына барып қарасаңыз жапырақтары аптап ыстықтан қурап кеткен, кемі екі-үш жылсыз суарылмаған ағашты байқайсыз. Сонда «жауапты қызметкер қайда, бұл ағаштарды отырғызған сәтте суару үшін іске қосылған құдық неге істен шыққан» деген заңды сауал туындайды. Негізі бұл жердегіәр ағашқа күніне 50-60 литр су құйылу керек. Алайда, мүлдем суарылмаған ағаштардың қураған бұтаға айналғанын байқау еш қиын емес. Осындайда есіл еңбектің далаға кеткенін-ай дегеннен басқа амал жоқ.
Енді басты мәселеге көшсек. Осы аталған проблеманың шешілу жолын жан-жақты қарастырған кент әкімдігі қызметкерлері әуелі туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарауды жолға қойды. Айтып қана қоймай бірден іске кірісті. Кент әкімі Асқар Ибрагимовтың өзі бастап, оны ұжымы қолдап ұзындығы 4 шаршы шақырымды құрайтын «Тәуелсіздік» көшесінің бойын қоқыстан тазалауды, осы көше бойында 1572 метрге отырғызылған қураған ағаштарды суаруды, айналасын жайлап өскен арам шөптен тазартуды бастап кетті. Нәтиже жоқ емес. Қырыққа жуық кент қызметкері, 100-ден аса қоғамдық негізде тартылған жұмысшылар мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмыс жасайтын студенттерден құралған топ екі күн ішінде аталмыш көше бойын жасыл желекке орануына, ми қайнаған ыстықта көлеңкесін саялауға болатындай жағдайға жеткізді. Өйткені қаншама уақыттан бері бір тамшы су ішпеген талдар күні-бойы суарылып, қаптап өскен шөптен тазартылды. Бұл атқарылған жұмыстың өзі көзге көрінбегенімен артында қаншама адамның еңбегі мен маңдай тері жатыр. Есесіне істелген істің нәтижесі адам денсаулығы мен кент мәдениетінің келбетін айшықтауда ерекше орын алмақ.Міне, осы игілікті істі көзбен көруге аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлының өзі келді.
-Қоршаған ортаны қадірлеп аялай білмеген ел оның зардабын тартады. Сондықтан тұрып жатқан жерін қастерлеп, қорғап, баптай білмеген ел жұтқа ұшырайтыны анық. Қазіргі таңда әлемдегі ең басты проблемалардың біріне айналып отырған мәселе жердің шөлейттенуі. Бұл түйткілдің көптеген себептері бар. Жер шарындағы тұрғындар санының өсуі, өндіріс, ауыл шарауашылық саласының дамуы, судың, ылғалданудың жетіспеушілігі, ормандардың оталуы, мал азығын дайындайтын жерлерді құнарландырып, баптау жұмыстарының жүргізілмеуі сияқты көптеген жағдайлар қоршаған ортаға өз әсерін тигізіп жатыр. Бұған қарсы әлемде көптеген бағдарламалар қабылданып, жұмыс істеуде. Ал біздер мына отырғызылған дайын ағаштарды күтіп-баптауға ерінеміз.Айналамыздың көркі болған жасыл желек тал-дарақтарымызды байлығымыз деп танып, оны қорғап осылай жанашырлық танытып тұрсақ ең сауапты істі жасаған болар едік. Өйткені, өзімізді қоршаған тіршілік ортасын келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, көріктендіріп жеткізу біздің басты парызымыз, - деді әкім.
Туған жеріміздің табиғаты, оның байлығын қорғауға көп көңіл бөлінеді. Әсіресе қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың адами парызы деген Асқар Ибрагимов: «Бұл атқарылған ауқымды жұмыстарға алдағы уақытта тұрғындар тарапынан да қолдау болса, айналасын таза ұстап, ластамауға көп көңіл бөлсе туған өлкеміз, табиғат анамыз гүлдене түскен болар еді» дейді.
Расында қоршаған ортаға қамқорлықпен қарап, жасыл желекті көбейту, тазалық мәдениетін қалыптастыру қашанда өзекті. Қуантатыны, бұл түйткілді шешуге кент әкімдігі қызметкерлерінің талпынысының жоғары болуы және оны үлгі ретінде өзгеге көрсетуі. «Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөзді мәйек етіп, ауданды көркейтуге үлес қосып жүрген мамандардың бұл жолғы еңбегі шынымен көпке үлгі. Сондықтан абзал істерімен өнеге болған бұл жандардың да еңбегі ескерусіз қалмас. Бастысы айналаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды тазартып тұратын тіршілік көзінің жасыл желек болып жайқалғаны. Ал біздер қаншама уақыттан бері суарудан ада қалған табиғат сыйының күтімге алынғанына қуандық. Мұндай жанашырлық алдағы уақытта жалғасын табатынына сеніміміз мол. Өйткені жасыл желектің көл-көсір пайдасын білген дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрпағына ағаш отырғызудың маңыздылығын айтып кеткен. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі екендігін ұғындырған. Біз осыны басты назарда ұстауымыз керек.
Лаура БИБАСАРОВА