» » Алаяқтық асқынып барады

Алаяқтық асқынып барады


Қоғамда белең алған қылмыстың ішінде алаяқтардың іс-әрекеті көш бастады. Ресми деректер сараптамасында алаяқтық қылмыстар адам қылмысынан кейінгі екінші орынға шыққан. Әлемдік державалар түрлі тәсілдер арқылы, әсіресе, хакерлердің көмегімен арам пиғылды топтарды тауып, әшкере етуге тырысып бағуда. Бірақ, біздің елде бұл қылмысты құрықтауға құрылым жетпей жатқаны жасырын емес. Яғни, интернет жүйесін мықты меңгерген мамандар тапшы, сондықтан құқық қорғау органдары, жауапты сала мамандары алдын алу жұмыстарын жүргізіп, бірлесе әрекет етуге шақыруда.

 Иә, бес-алты жыл бұрын бұл мәселеге аса мән бермеген едік, бірақ былтыр, биыл бұл істің аяғы насырға шауып, қылмыс артып келеді. Әсіресе мобильді телефон, әлеуметтік желі арқылы өздерінің арам пиғылдарын іске асыратындардың қатары көбейді. Оған алданып қалатын қарапайым халық, оңай олжаға кенелгісі келетін бұқара немесе мәселесінің мерзімсіз шешілуін қалаған жұртшылық тығырыққа тірелді. Онсызда нарық ырыққа көнбей, қымбатшылық бүйірден қысқан шақта алаяқтардың арбауы ауыр соққы болды. Жұрт тиыннан теңге құрап, тұрмысын түзеудің қам-қарекетін жасау үшін тамшылатып тер төгеді, бірақ зейнетін алаяқтар көреді.

Ел неге алданып қалуда?

 Өткен жылы елімізде интернеталаяқтыққа қатысты 41 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе, биыл қаңтар айының өзінде 2,5 мыңға жуық оқиға орын алған. Олардың көбі интернет арқылы жасалған қылмыстар. Сан саланы арқау етіп, елді тонау қазір оңай шаруа секілді. Мәселен, жуырда Ақтөбе тұрғынына қоңырау арқылы банк қызметкері ретінде ер адам қоңырау шалған. Алаяқ мұндай операция банк жүйесінде қалыпты екенін айтып, шотты қауіпсіздендіру үшін телефонға келген SMS-хабарламадағы кодты айтуын сұрайды. Кодты алғаннан кейін алаяқ бүкіл ақшаны жәбірленушінің картасынан басқа банктік шотқа аударып алған. Жалпы шығын 22 млн теңгеден асты. Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлімімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында ісшаралар жүргізуда. Әрине, табу өте қиын.
 Тағы бір жайт, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтарға жүргізуші куәлігін сатып алуды ұсынатын әлеуметтік желілердегі алаяқтардың көбейгенін алға тартады. Олар әзірге 30-ға жуық жазба мен хабарламаны анықтаған. Тұтынушы оларға қоңырау шалған кезде, құжат үшін 50-60 мың теңге сұрайды. Кейін бір ай ішінде беруге уәде береді. Ал төлем жасалғаннан кейін жасырынып қалып, телефондарын өшіріп тастайды. «Азаматтарға арналған үкімет» өкілі жүргізуші куәлігін арнайы емтиханнан өту арқылы ғана алуға болатынын айтты. Міне, осындай оқиғалар көбеймесе азаяр емес. Әсіресе, біз мысал келтірген банк жүйесі арқылы жасалған қылмыстан зиян шегетіндер күн сайын өсіп келеді. Ал, оның алдын алудың қарапайым жолдары бар. Біз қазір қысқаша тоқталып өтейік.

Кредиттен құтылу жолдары

 Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, сіздің атыңыздан заңсыз несие алғанын анықтауға кредит тарихы көмектеседі. Сондықтан алаяқтардан сақтану үшін несие тарихын ара-тұра тексеріп тұрған абзал. Кредиттік бюроның базасында әр банк пен кредиттік ұйымның қарыз алушылары туралы мәлімет бар.
 Егер адам алаяқтардың кесірінен банкке берешек болып қалса, ең алдымен, несиені берген кредиттік ұйымның атауын білуі қажет. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына арызданған жөн. Адамның жазуын танып айыратын сараптама тағайындалады. Ол кредит туралы келісімшартқа несие алушы қол қоймағанын дәлелдейді.
 Алаяқтар қай банктен несие рәсімдегенін анықтаған соң, сол банкке қолда бар ақпаратты көрсетіп, арыз жазу керек. Төлем картасы немесе жеке куәлікті жоғалтып алған жағдайда, соны растайтын анықтаманы қоса ұсыну қажет. Банктен міндетті түрде қызметтік тексеріс жүргізуді талап етіңіз. Банк қызметкерлері сіздің арызыңызды тіркеп, сізде қалатын арыз көшірмесіне оны қабылдаған күнмен бірге тіркеу нөмірін қоюға міндетті.

Аудандағы ахуал

 Енді өзімізге оралайық. Жақында әлеуметтік желіге аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев тұрғындарға түсіндірме жасап, интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды.
 – Жыл басынан бері аудан көлемінде 18 алаяқтық қылмыс тіркелсе, соның 9-ы интернет жендеттері. Интернет алаяқтардың бірінші түрі банк арқылы жасалады. Осы қылмыс түрі өршіп тұр, көбіне лефон арқылы қоңырау шалған алаяқтардың көбі «сіздің банк катаңызды қауіпсіздендіреміз» деп келген кодты сұрап жатады. Көп өтпей кез келген банктен хабарлама келіп, несие алғаныңызды жеткізеді. Ал, қылмыскерлер болса бірден шотыңыздағы қаржыны өзгеге аударып, терминал арқылы шешіп алады. Сондықтан, мүмкіндігінше ондай қоңырау мен келген смс-терге мүмкіндігінше жауап бермеңіздер. Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан тұтынушыға хабарласып, банк карточкасындағы деректер мен хабарламаларды талап етпейді. Осыны естен шығармау керек.

– Қазір сауда онлайн режимге көшті. Осы тұста көп қателесіп жатамыз.

 – Әрине, ондай да деректер көп. Ол үшін күмәнді пошта ашып, қажетсіз сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Өйткені, сіздің компьютеріңіздегі немесе қалта телефоныңыздағы керекті деректерді қашықтықтан ала алатын вирустар болуы мүмкін. Сондықтан, онлайн сауданы тек белгілі киім дүкендерінен, сол секілді танымал супермаркеттерден жасауға болады. Тағы бір жайт, қанша жылдан бері телефонға келетін смс, оның ішінде үй ұтып алдыңыз деген хабарламаға алданып қалмаңыз. Алдын ала шекті мөлшерін төлетіп, кейіннен ізім қайым жоқ болып кетеді. Мұндай дерек біздің ауданда жетерлік.

– Соңғы кездері полиция қызметкерімен деп жалған ақпарат таратқандар пайда болды.

 – Иә, ол рас. Кез келген жанға құқық қорғау қызметкерімін деп қоңырау шалып, көбіне несие туралы сауал жолдайды. Сіз несиеңізді төлемеген екенсіз, ісіңіз сотқа жолданды, бірақ бүгін керекті қаржыны аударсаңыз полиция мәселеңізді шешіп береді дейді. Енді бірі сыртта жүрген балаларының бір іске кезігіп, тезірек қылмысын жасыруды ұсынады. Мұндай жағдайда бізге хабрласу керек. Біз істің анық-қанығын тез білуге жұмыс жасаймыз.
 Айта берсек бұл мәселенің шегі жоқ. Ауру күннен күнге асқынып барады. Ол олма бір ауданда тұрып, бір-бірін алдап соққандар да жоқ емес. Көбіне нәзік жандылар осы қылмысты кәсіп етіп алыпты. Қазақта заңнан да үлкен заң бар. Ол – ар-ұяттың алдындағы жауапкершілік. Бірақ, бұны елеп-ескеріп жатқан жұрт жоқ. Ең бастысы, әркім өзөзіне сенімді болса болғаны...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 маусым 2022 ж. 444 0