№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбекпен тапқаныңыз еріккенге кетпесін!

Еңбекпен тапқаныңыз еріккенге кетпесін!


Қоғам дамуымен бірге алаяқтықтың да формасы жаңаруда. Әсіресе мобильді телефон, әлеуметтік желі арқылы теріс пиғылын іске асыратындардың қатары көбейіп кетті. Дерек көздеріне жүгінсек, 2020 жылы интернет арқылы іске асқан 628 қылмыс фактісі тіркелсе, 2021 жылы олардың саны 7000 асып түсті. Бұл жалпы алаяқтық фактілердің үштен бір бөлігі ғана. Тер төгіп тапқан тиын-тебенін еселеп көбейтемін деген есеппен алаяқтарға алданып қалу ауылдағы ағайынды да әбіржітіп отыр.


Ғаламтор арқылы мол ақшаға қарқ қыламыз деген жалған уәдемен адамдардың санасын жаулап, жарға жығып кету тәсілі сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты аңқау адамдардан көбірек ақша жымқыру. Әсіресе, кешегі карантин кезеңдері көпшілік үйде, немен шұғылданарын білмей, жылт еткенге сенгіш көңілімен есте қалды.
СММ маманы болуды үйретемін, «фото монтажды» меңгертемін деушілер немесе «Faberlic», «Mary Kay», «Avon» сынды компанияның бәсі бүгін де биік тұр. Осы желілік маркетингті қолда­нушылар арасында ұтып, ұтылып жат­қандар бар.
Алаяқтықтың мына онлайн әдісін ұтымды пайдаланған алаяқтар үйде отырған ағайынды алдап, қаржы жымқырудың жаңа әдісіне көшті. Або­ненттік нөмірлерге SMS хабарлама жібереді және компанияның байланыс операторымен бірге өткізген науқаны туралы есеп беріп, нәтижесінде сіздің абоненттік нөміріңіз жеңіп шыққанын айтады. Ұтысты кім жек көрсін, бірақ аяқ астынан жарқ еткен олжаны басқа қаладан алу керек, не оның құнын пластикалық картаға ауыстыру қажет болады-мыс. Әрі қарай алаяқ интернеттегі мобильді банкингті өз құрылғысына қосады. Одан әрі өз ойын жүзеге асырып, ақшаңыздан әп-сәтте айырылып қаласыз.
Ойпырмай, олардың қулығына құ­рық байламайды екен. Елдегі жүр­гі­зіліп жатқан халық санағын ұтымды пайдаланып, өз ойларын жүзеге асы­руда. Айталық, белгілі бір нөмірден қоңырау шалып, «Мен халық санағынан хабарласып тұрмын. Өз жсн-іңізді айтып жіберсеңіз, қазір біршама сұрақ қоямын, «ия, жоқ» деп жауап беріп отырасыз ғой» деп, сыпайы жеткізеді. Сөйтіп, әп-сәтте сіздің атыңыздан несие рәсімдеп үлгереді. Бұдан басқа сан алуан дәрумендерді, ыдыс-аяқ жуатын тазалағыш құралдарды, биологиялық белсенді қоспалар мен косметикалық заттарды желі арқылы қолжетімді бағаға сатып алғың келді делік. Бірақ осындай үлгідегі қылмыскердің арбауына түсіп қалмау үшін сауатты болуың қажет.
Интернет-алаяқтықтың түрлері де күн өткен сайын көбейіп барады. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құрылғының көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды. Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Ғаламторда, әлеуметтік желі­лерде әртүрлі заттар, киім-ке­шек, телефон, басқа да тұрмыстық бұй­ымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.
Біздің ауданымызда алаяқтық белең алып, күн санап қылмыс саны артып барады. Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевпен сөйлесіп, мән-жайға қанық болдық.
– Алаяқтық өткен жылдарға қара­ғанда көбейді. Былтырғы жылы 10 қылмыс болса, биыл 16-ы тіркелді, оның 11-і әлі ашылған жоқ. Осының барлығы ғаламтор арқылы жасалған қылмыс. Осы тұста аудан тұрғыдарына ескерткім келеді. Егер сізге кімде-кім банк қызметкерімін деп хабарласып, әртүрлі мәліметтерді сұрай бастаса, сіздің атыңыздан несие рәсімдеп алуы ықтимал. Бізде осындай деректермен бірнеше қылмыс тіркеліп тұр. Есіңізде болсын, бұндай қылмыстарды ашу өте қиын. Түптеп келгенде банк сізден несиені өтеп алады. Өйткені, алаяқтың айтуымен барлық операцияны сіз өзіңіз онлайн жүргіздіңіз. Сондықтан ешкімге ешқандай ақпарат бермеңіз, ешқандай бағдарламаны жүктеп алмаңыз. Екіншіден, сату, сатып алу сайттарының қызметіне жүгінетін болсаңыз, алдын-ала төлем жасамаңыз. Мәселен, сіздің қажетті бір дүниені сұрап интернетке жарияласаңыз, алаяқтар сізге хабарласып, «бұл зат менде бар, қажет болса қаражаттың 50 немесе 30 пайызын аударыңыз, сол кезде жарнамадан алып тастаймын» деп алдайды. Сіз оған сеніп ақша аударасыз, одан кейін ол адамды таппай қаласыз. Бұндай жағдайлар өте көп. Сол себепті де, барынша сақтық шараларына мән беріңіздер, – дейді сала басшысы.
Расымен кейінгі кездері көпшілігі кез келген затты сату үшін де арнайы сайттарды немесе инстаграм парақшаларын пайдаланады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әсіресе үлкен кісілер жағы бұл туралы хабарсыз. Құпия сөзді біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады. Бір жағдайды келтірейік, бір адам өзінің автокөлігін сату үшін «Колеса.кз» сайтына хабарландыру береді. Оған белгісіз біреу қоңырау шалып, «Сіздің жарнамаға салған көлігіңіз маған ұнап тұр, осы көлікті біраздан бері іздестіріп жүр едім. Дал қазір барып сатып алайын десем, өзім Ресейде жұмыс жасаймын. Бір аптадан кейін елге қайтамын, сізге барғанша 7-8 күн өтеді. Сізге сенімді болу үшін алдын-ала 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын» деп өтінеді. Қаражат керек болып тұрғандықтан, көлігінің тез сатылатынына қуанған ол ештеңені ойланып жатпастан, бірден банк картасының нөмірін береді. Арада 5-10 минут өткенде әлгі сатып алушы қайта телефон шалып: «Мен сізге ақша аударып жібердім. Сіздің телефоныңызға бір хабарлама келуі тиіс. Мен шетелде болғандықтан, арнайы код болмаса, сіздің шотыңызға ақша түспейді» дейді. Көлігін сатпақ болған адам телефонына келген кодты айта салып, алаяққа қалай алданып қалғанын білмей қалды. Өйткені осы код арқылы алаяқтар оның интернет-банкингіне кіріп, есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай береді екен.
Аудан прокурорының орынбасары Абай Саркөбен бұл тақырып жөнінде былай тарқатады:
– 2021 жылдың 9 айында ауданда 128 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, 2020 жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға, яғни 145-тен 128-ге азайған. Алаяқтық қылмыстардың тең жартысы интернет арқылы жасалып, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Сонымен қатар, онлайн несие рәсімдеу үшін азаматтар интернет арқылы жеке мәліметтерін ұсынып, несие алу жағдайлары жиілеген. Мысалы, 2021 жылдың 7 тамыз күні Әбдіғаппар ауылының тұрғыны «Bugubaeva_fortuna» деп аталған инстаграм парақшасына кіріп, 20 мың теңге салсаң 90 минут ішінде 345 000 теңге аласың деген жарнамаға сеніп, қаржысын бейтаныс есепшотқа аударып, алданып қалған. Талдау көрсеткендей интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстардың басым бөлігі жарнамалау тәсілдерімен жасалған. Көбіне, «OLX», «Kolesa.kz», «MARKET.kz.» сынды жарнама сайтында алаяқтық қылмыстары жиі тіркеледі.
Байқағанымыздай, аз жұмыс істеп, көп табыс табуға шақыратындардан көз сүрінеді бүгінде. «Алған жалақыңызға көңіліңіз тола ма? Қыз-жігіттерді кеңсеге жұмысқа шақырамыз. Жасы, білімі, тәжірибесі маңызды емес. Айлығы – 200 мың теңге» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар шығар. Оңай ақша ойынмен келмейді, әрбір нәрсенің өтеуі бар. Сондықтан арсыздардың арам ниетіне шатылып, сан ұрып қалмай, қолда бар ақшаны желге ұшырмауды ойлап қойыңыз.

P.S. Ұлы Абай «ойын арзан, күлкі қымбат» дегенді тектен-текке айтпаса керек-ті. Жалпы, баю, материалдық жағдайыңыздың жақсаруы – алдымен өзіңіздің еңбегіңізді бағалап, еңсе тіктеуіңізге тәуелді. Ал, еңбекпен тапқаныңыз еріккеннің қолында кетпесін.

Әсел РЗАЕВА
09 қазан 2021 ж. 456 0