№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ілтипат лебі - жүректің емі

Ілтипат лебі - жүректің емі



Дертіңе шипа іздегенде көмек қолын созатын, науқас дендеп қысылғанда жаныңа демеу болатын ақхалаттылардың еңбегі қашанда ерен. Осыны ескерген аудан басшылығы Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай «Мың алғыс саған, дәрігер!» атты салтанатты шара ұйымдастырды. Театрландырылған прологпен басталып, тақырыптық бейнероликпен жалғасын тапқан мерейлі шараны аудан басшысы Мұрат Тілеуімбетов құттықтау сөзбен ашып, ақхалаттылардың қалтқысыз қызметіне жеміс тіледі.

 – Халық денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар үшін күнтізбедегі күннің маңызы бөлек. Кешегідей әлемді дүрліктірген қарусыз майданда өз өмірін бәйгеге тігіп, жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанына батқан дертінен айықтырып, жылы сөзі мен ыстық ықыласын аямаған медицина қызметкерлерінің еңбегін қаншалықты ұлықтасақ артық етпейді.
 Құрметті ақхалаттылар, сіздердің аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартып, сапалы қызмет көрсету жолындағы еңбектеріңіз әрқашан да марапатқа лайық. Әрдайым жұмыстарыңыз жемісті, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Салтанатты шара одан әрі марапаттау рәсіміне ұласып, денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін сала үздіктері марапат биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, Нұркүл Оразбайқызы ҚР денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасымен», Гүлнар Әнуарқызы ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Алғыс хатымен» марапатталса, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқарма басшысының «Құрмет грамотасын» Лаззат Тілеулиева, Нұрсұлтан Әбубәкіров, Руслан Бақытбекұлы, Гүлзат Самидинқызы алды. Ал, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқарма басшысының «Алғыс хатымен» Набат Ырысбекқызы, Шарипа Байтемірқызы, Айғаным Тұрсынханова, Ұлжан Тілепбайқызы марапатталды. Сондайақ, аудан әкімінің «Алғыс хатын» Үміт Байзақова, Қарлығаш Сейталиева, Аян Мұхтарұлы, Бағдат Мырзаханов, Құрманбек Шәкенов иеленді.
 Мерейлі мереке иелеріне ауданның мәдениет саласының майталмандары көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән мен күйден шашу шашты. Мәселен, Инабат Сатыбалды Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындаса, Айдарбек Молдабек пен Мұхтар Нұржігіт Тони Уотсонның «Данке Монкейін» шарықтатты. Одан әрі «Аманат» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының атқарушы хатшысы Арман Әбілпейісұлы айтулы мерекемен дәрігерлерді құттықтап, Арайлым Әшірбаева, Айгерім Әбдірәсілова, Сеилхан Бабаев, Назипа Егібаева, Бахтияр Алиходжаевты «Аманат» партиясының «Алғыс хатымен» марапаттады.
 – Дәрігер – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Дәрігерлер қарусыз майдандағы батырлар екеніне бүгінде барлығымыздың көзіміз жетті. Олардың кешегі пандемияда өз басын қатерге тігіп, алдыңғы шепте арпалысып, күн-түнмен санаспай адам жанының арашасы болып еңбек еткеніне біз куәміз. Сондықтан бүкіл адамзат осынау маңызды мамандық иелеріне алғыс айтудан жалыққан емес. Құрметті ақхалаттылар, мерекелеріңіз құтты болсын. Еңбектеріңіз жемісті, денсаулықтарыңыз мықты болсын, – деді Арман Мәжитов.   Иә, өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, күн-түн демей дамылсыз еңбек етіп, қауіп пен қатердің арасында басын бәйгеге тігіп жүрген ақхалаттылардың медицина саласындағы еңбектері қашанда бір төбе. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” демекші, дәрігерлердің де өнерден кенде емес екенін осы шарадан байқадық. Аудандық орталық аурухана мен емхана ұжымы шығармашылық қырынан танылып, өнерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды. Сахналық әзілден олардың қызметтерінің қаншалықты жауапты, қаншалықты ауыр екенін тағы да бір аңғардық. Әзілмен өрілген қойылымның астарында үлкен еңбектің ұшқыны байқалды.
 Мәдени шараны ауданның бас дәрігері Сәкен Үсейінов қорытындылап, Шолпан Бектөреева, Жантөре Сопбеков, Нұргүл Әлімбетова бастаған 50-ге жуық медицина қызметкеріне салалық кәсіподақ ұйымының «Алғыс хатын» табыстады.
 – Медицина қызметкерлері – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғаушы күші. Денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің арашашысы бола білген дәрігер еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Сондықтан медицина қызмет осындай айтулы марапатқа бөленуі өте орынды деп ойлаймын. Құрметті әріптестер, бүгінгі төл мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсыңыздың өлшеусіз еңбектеріңізге алғыс айта отырып, отбасыларыңызға береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді Сәкен Алаудинұлы.
P.S.: Ақ желеңді абзал жандардың кешегі аты жаман індетте қиындыққа мойымай, қасқайып қарсы тұрып, сіз бен бізді ажалдан арашалап, елдікті сақтап қалуы олардың қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Үзілген үміттерді қайта жалғап, өмірге сән беріп, тұрғындарға қалтқысыз қызметін ұсынып, игілікті мамандық иесі атанған абзал жандардың ісі – әрқашан құрметке лайық.

Айсұлу Алданазар

25 маусым 2022 ж. 327 0