Мейіргерлерге құрмет көрсетілді
Мейіргерлік – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін, мол жауапкершілік пен антына адалдықты талап ететін мәртебелі мамандық.
Ұлт саулығы жолында тынымсыз еңбек етіп, көпшіліктің алғысын арқалап жүрген мейірбикелер төл мерекесі қарсаңында еңбектері еленіп, марапат биігінен көрінді.
Осы ретте, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күніне орай «Мейіргерлерге мың тағзым» атты салтанатты іс-шара өтті. Ауданның медицина саласында қызмет етіп жүрген мейіргерлерге аудан әкімінің орынбасары Ердулла Нұртазаұлы аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстап, марапат иелеріне денсаулық, құт-береке, еңбектеріне жеміс тіледі.
Одан әрі ауданның бас дәрігері Сәкен Үсейінов тағы да бір топ мейіргерлерді салалық кәсіподақ ұйымының «Алғыс хатымен» марапаттап, құттықтады.
– Құрметті ақхалаттылар, бүгінгі төл мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздердің ел игілігі жолында еткен еңбектеріңіз әрдайым марапатқа лайық. Отбастарыңыз аман, жұмыстарыңыз жемісті болсын, – деді Сәкен Алеудинұлы.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Иә, дәрігерлердің еңбегі қашанда бір төбе. Кешегі бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия сынды қарусыз майданда жүрген ержүректеріміздің осы мамандық иесі болғанына бәріміз куәміз. Олай болса, денсаулық жаршысы болған кәсіп иелерінің әрдайым мәртебесі биік болары сөзсіз.
Жасұлан Сейдеметов