» » "Сырдан сырлы сәлем"

"Сырдан сырлы сәлем"


Бүгін Ақмола облысы, Бұланды аудандық мәдениет үйінде аталған тақырып бойынша әйгілі қарт Қаратау етегіндегі жазиралы Жаңақорған ауданынан арнайы келген мәдени көш концерттік бағдарлама ұсынды.

Қызылорда - алты Алаштың анасы атанған аңыз мекен болса, Көкшетау - Сарыарқаның жасыл аралы атанған киелі өлке. Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдениет саласы бойынша бұландылық әріптестермен арнайы меморандумға қол қойған болатын. Екі өңірдің де мақсаты бір, ол - мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайту.

Ұлы дала елінің ұлық өнерін екі өңір арасына алтын көпір етіп, мәдени сапарымызға мүмкіндік жасаған Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов ке шексіз алғыс білдіреміз!

Екі өңір арасындағы мәдени керуен - өмірі өнерімен егіз, таланты телегей теңіз жандардың құтты көші. Бүгiнгi шара осы сөздің сипатын келтірiп, лайықты бағасын алғандай болды. Келген көрермен жанды дауыста шырқалған әндерден әсер алып, жаңақорғандық өнерпаздарға өз ризашылығын білдірді.

Шара соңында сөз алған Бұланды аудандық мәслихат хатшысы Құсайынов Шахман Байдүйсенұлы Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейiтовтың арнайы «Алғыс хаты» мен сый-сияпатын табыстады.

Арқаның кербез сұлы атанған Көкшетау мен Сырдың бойын жайлаған Қызылорда өңірінің өнерпаздары еселі еңбек пен табиғи талантты ұштап, қазақ өнерін қия көкке шығаруға бұландылық халықтың алдында уәде берді.

Мәдени керуеннің көші ертең аталған аудандық мәдениет үйінде драматург Жолтай Әлмашұлының 1 аклтi «Шаңырақ - арман» атты спектаклiмен жалғаспақ.



14 маусым 2022 ж. 472 0