» » Қос шаңырақтың шаттығы

Қос шаңырақтың шаттығы

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында қалыптасқан асыл қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Әсіресе, баспанасыз жандарға пана болып, бүгінгідей нарықтық заманда, қымбатшылық қысқан қоғамда үй тұрғызып беру үлкен сауапты іс. Міне, осындай қайырымды істің жалғасын жаңақорғандық жастар жалғап келеді. Жыл сайын бір баспананың кілтін мұқтаж отбасыға тарту етсе, биыл екі шаңырақтты шаттыққа кенелтті.
Қазақта «қос тойың қабат келсін» демекші, бүгін Жаңақорған төрінде үлкен қуаныш. Жылдағы дәстүрінен жаңылмаған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері қасиетті ораза айттың соңғы күнінде жаңа үйдің кілтін табыста­ды. Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы арнайы қатысып, мерейлі сәтте құттықтау сөзін сөйлеп, ақжарма лебізін білдірді.
– Бір адамның қуанышын көруден артық қандай шарапат, қандай бақыт бар? Елдің алғысын алып, көптің тілеуін тілеп жүрген ауданның жастарына менің де алғысым шексіз. «Жаңарған Жаңақорған жастарының» жылдағы жасап жатқан жақсылықтарын Жаратқан өзі еселеп қайтарсын. Елде осындай азаматтар көп болса, қоғам қашанда қамқорсыз қалмайды. Осы жасап жатқан өнеге істеріңз ертеңгі ұрпаққа үлгі болып, дәстүр сабақтастығы жалғаса береді деген сенімдеміз. Ең бастысы, ауызбіршілік, ынтымақ, достық, қазаққа деген қамқор көңілдеріңіз ажырамасын, – деп ізгі тілегін білдірген аудан басшысы белсенді азаматтарды марапат мінберіне шығарып, «Алғыс хатымен» құттықтады.
Ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы да елдің атынан ерікті жастарға алғысын айтты.
– «Қайырымдылық жасасаң, қайы­рымын өзің көресің» деген нақыл қалған бабалардан. Жұртымызда өзгеге қол ұшын беру, қолында бармен бөлісу бұрыннан келе жатқан ата дәстүр. Көмекке мұқтаж жандарға жүрек жылуын ұсыну, сауапты амал. Ал бұл амал Рамазан айында жасалса, әрбір жасалған бір ізгі істің сауабы, он еселеніп қайтарылады. Сондықтан ораза айында игі дәстүрге айналған асар әдісі жалғасын табуына тілекшіміз. Баспана бұйырған шаңыраққа береке тілейміз, – деді бас имам.
Жылы сөздерден кейін жаңа шақырақтың лентасы қиылды. Үйдің иесі Берік есімді ағамыз арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азамат. Ағамыздың жары өмірден өткенімен бала-шағасына өзі қамқор. Бір үйде 11 жан тұрады, бұл кісіге қарындасы қарап, бауыр еті ағасының бар жағдайын жасап отыр. Міне, бүгін тосыннан келген қуанышқа отағасы былай тұрсын, қарындасы таң қалып, көздеріне жас алды.
– Мұндай тосын сыйды күтпедік, әрине өзім үшін емес, ағам үшін өте қуаныштымын. Барша жандарға Алла разы болсын, ағамның да айтары көп. Әттең, сөйлей алмайды, бірақ көзінен тамған жаспен алғысын білдіріп жатыр. Қоғамда қамқорлыққа зәру жандар аз емес, бірақ осындай азаматтарымыз барда барлық қиындықты еңсереміз, тағы да рақмет, – деді Ақерке.
Ал, екінші баспана орталық стадион маңында орналасқан. Орайы келгенде ол үйдің иелерін осында шақыртып, аудан әкімі кілтін табыстап, тілегін жеткізді. Осындай ізгі істің басында жүрген Еркінбек Айнақожаев төрағалық ететін «Жаңарған Жаңа­қорған жастары» қоғамдық қоры атынан алтыншы баспанаға атса­лысқан жаңақорғандық жомарт жандарға, меценат кәсіпкерлерге алғаусыз алғысын білдіреді. «Бітер істің басында жақсы жүрер қасында» демекші, Данияр Досантаев бастаған ерікті жастар небәрі аз уақыт ішінде төрт бөлмелі қос баспананың құрылысын тәмамдады. 
– Негізінде біз үй иелерін елдің арасынан өзіміз іздеп, зерделеп, қорытындысын шығарамыз. Шынды­ғында, баспанаға шын мұқтаж отбасылар аз емес. Кезек-кезегімен үй салып беруге тырысып келеміз. Бұйырса, келер жылы да қуаныш еселене түсетініне сенімдіміз. Жас­тардың бірлікті тірлігі тұраламасын, аудан жастары мен кәсіпкерлеріне Алла береке берсін, – деді қордың мүшесі Қоғамбек ағамыз.
Шара соңында, Қоғамдық қор­дың кеңес мүшелері Еркінбек Айнақожаев, Қоғамбек Бейсенбиев, Данияр Досантаев, Арман Мажитов, Дәулет Тұрабаев, Нұрхан Айдаров 7-8-баспананың құрылысына атса­лысқан барша «ЖЖЖ» ерікті мүше­лері мен кәсіпкерлерге облыстық Жастар ресурстық орталығы басшы­сының, «Amanat» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, «ЖЖЖ» қоғамдық қорының «Алғыс хатын» табыстады.
Иә, осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген жастардың ісіне көптің айтар алғысы аз емес. Жастарға Жаратқан өзі жар болсын.
Әли ТЕМІРБЕК
07 мамыр 2022 ж. 430 0